Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ғаламторға кірудің әдептері

Ғаламторға кірудің әдептері

0 69

Интернеттің тигізер пайдасы көл-көсір. Сонымен қатар зияны да аз емес. Ғаламторда ешбір шекара болмағандықтан, түрлі келеңсіз оқиғалардың орын алып жатқаны жасырын емес. Сол себепті интернет қолданушылары ғаламторға кірудің әдептерін сақтауы тиіс.

 

1. Жақсы мақсатты ниет ете отырып «бисмиллә» сөзін айтып кіру. Ғаламтор атты бейтаныс әлемге кірерде Алладан шайтанның азғыруынан көмек сұрай отырып, Алланың атымен бастап кірген абзал. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мүбарак хадисінде: «Бісміләсіз басталған іс – берекесіз», – деп айтқан болатын.

2. Көзді харамнан сақтау. Ғаламторды қолдану барысында еріксіз шығатын әртүрлі азғындықтың исі бар жарнамаларға көз түсіп кетеді. Сондықтан тақуалыққа ерекше мән берген абзал. Адам ғаламтор беттерінде бір жарнамадан кейін екінші жарнаманы қуалап, қалайша арсыздыққа түсіп кеткенін байқамай қалады. Әуел баста бұндай арсыз есіктерді ашуға адамның ар-ожданы жібермегенімен, біртіндеп көзі бұған үйрене бастайды. Мұндайға көзі үйренген адам шынайы өмірде де дәл соны қайталауы ғажап емес. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Алла тәубелеріңді қабыл етуді қалайды. Ал нәпсіқұмарлықтың соңына түскендер сендердің мүлдем ақ жолдан таюларыңды көксейді» («Ниса» сүресі, 27-аят). Қысқаша түсіндірмесі: «Алла Тағаланың мейірімі шексіз. Ол жасаған күнәларымызға кешірім сұрап, тәубе еткенімізді жақсы көреді. Ал нәпсінің жетегінде кетіп, ақиқатқа құлақ аспағандар сендердің адасқандарыңды қалайды».

3. Жалғыз қалғанда Алладан қорқу. Мұсылманның шынайы тақуалығы Жаратушысымен жалғыз қалғанда байқалады. Әлсіз құл ғаламторға кірген кезде өзін бақылаусыз қалдым деп біледі. Тек тақуалар ғана өзіне бекем болады. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Олар қиянаттарын адамнан жасырса да, Алладан жасыра алмайды. Олар Алла разы болмайтын сөзді түнделетіп жоспарлаған кезде, Алла олармен бірге еді. Олардың істеген ісін Алла толық біліп тұрады» («Ниса» сүресі, 108-аят). Қысқаша түсіндірмесі: «Кей адамдар бар өздерінің жасаған күнәларына басқа адамдардың куә болғанын қаламайды. Сол жасаған күнәлары үшін адамдардан ұялып, Жаратушы Алладан ұялмайды. Алла әрдайым сендермен бірге, сол себепті айтар сөздеріңе ерекше абай болыңдар».

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қиямет күні таудай сауабымен келетін қауымдарды білемін, алайда ол сауаптар Алланың құзырында түкке татымайды», – деді. Сол кезде сахаба Саубан: «Уа, Алланың елшісі! Олар жайында, олардың сипаттары жайында бізге хабар беріңізші, сақтанып жүрейік», – деді. Сонда Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Олар сендердің іштеріңде жүр, түн жамылып, жалғыз қалған сәттерінде күнә жасайды», – дейді (Ибн Мәжа).

4. Ғайбаттан аулақ болу. Ғайбат – тіл кесапаты. Ғаламтордан ғайбаттың түр-түрін кездестіруге болады. Кейбір адамдар өзі танымайтын, білмейтін адамдардың артынан әртүрлі сөздер жазып, үлкен күнәға батады. Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде мұның жиіркенішті екені жиі айтылады. Алла елшісі мүбарак хадисінде: «Мұсылманның қаны, малы, ары да – қасиетті», – дейді (Мүслим, Ахмад).

5. Ғаламтордағы мәліметтердің шынайылығына көз жеткізу. Ғаламтордың іші тек пайдалы мәліметтерге емес, сонымен қатар негізсіз айыптаулар мен жалған ақпараттарға толы. Сол себепті мұсылман дұрыс ақпараттарды ғана негізге алады. Алла Тағала Құран Кәрімде ақпараттарға көз жеткізу жайында: «Уа, мүминдер! Сендерге жексұрын біреу хабар әкелсе, оны анықтап алыңдар, әйтпесе (істің анығын) бір елге залал жеткізіп, істеріңе өкініп қаласыңдар», – деген («Хужурат» сүресі, 6-аят). Қысқаша түсіндірмесі: «Уа, иманға келгендер! Егер шыншылдығына, адалдығына күмән келтіретін бір адам сендерге бір хабарды жеткізген болса, оны жүзеге асырмай тұрып, шынайылығына көз жеткізіңдер. Сендерге жеткен хабар жалған болып, бір өзгелерге кесірі тиіп кетуінен абай болыңдар, жасаған істерің үшін өкініп қалмаңдар».

6. Уақытты ысырап етпеу. Ысырапқор – шайтанның досы. Құранда: «Ысырап етпе, ысырап етушілер сөзсіз шайтанға бауыр болмақ. Ал шайтан болса, Раббысына тым күпірлік етуші», – делінген («Исра» сүресі, 27-аят). Қысқаша түсіндірмесі: «Өзі үшін құнды болған барлық нәрсені ысырап қылып, харам әрі пайдасыз істерге жұмсаса, пенде шайтанның бауыры болады. Оған берілген нығметтер – Алланың аманаты, оған қиянат жасау – нағыз зұлымдық».

Ысыраптың ең үлкені – уақытты қажетсіз нәрселерге жұмсау. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қиямет күні Алланың ешбір құлы өмірін, жастық шағын қалай өткізгені, дүние-мүлкін қандай жолмен тауып, қайда жұмсағаны және алған білімін не үшін пайдаланғанын айтып, есеп бермейінше, орнынан тапжылмайды», – деген (Термизи).

Мұсылман адам уақыттың қадірін басқалардан артық білуі тиіс. Қазіргі таңдағы уақыттың негізгі жауы – ғаламторға есесін жібермесе екен. Ғаламторға тәуелді болмай, керісінше ғаламторды дүниелік және ақыреттік пайдасына жарату – шынайы мұсылманның қолынан келетін іс.

дереккөз: muftyat.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.