Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Құранның қияметке дейін сақталуы

Құранның қияметке дейін сақталуы

0 60

Алла Тағала Құран Кәрімнің ақиретке дейін бір әрпі де өзгерместен, өз қалпында сақталатындығы жайында: «Расында да Құранды Біз түсірдік, әрі оны Біз сақтаймыз» («Хижр» сүресі, 9),– дейді.

Әлемнің түкпір-түкпірінен Құран Кәрімнің нұсқаларын жинақтап, мәтіндерін салыстырар болсақ, Құран аяттарының бір де біреуінің, тіпті, әрпінің де өзгермегеніне, 14 ғасыр бұрын қандай болса, қазір де дәл сол күйінде сақталғанына көз жеткіземіз. Хикмет иесі Ұлы Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімді кітап бетінде әрі қарилардың (Құранды толық жаттаған кісі) жадында сақтап келеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әу бастан-ақ Құранның жатталуын үгіттеп, насихаттаған.

Хадисте: «Сіздердің ең жақсыларыңыз – Құранды үйреніп әрі оны басқаларға үйреткендеріңіз»; «Құранды жаттап әрі онымен амал жасаған кісінің ата-анасына қиямет күні күн нұрынан да жарық тәж кигізіледі»,– делінеді. Міне, осыған ұқсас хадистер әр мұсылманның Құранды жаттауға деген қызығушылығын тудырып, оған аса ұқыптылықпен қарауға жөн сілтейді Сахабалар (Алла оларға разы болсын) пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Менен бір аят болса да жеткізіңдер»,– деген бұйрығына сай, Құран аяттарын түскен-түскені сайын жаттап, басқаларға жеткізіп отырған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көзі тірісінде Құранды жаттауға, оны түскен сайын жазып отыруға әмір еткен. Айталық, сахаба Омардың (р.а.) ұсынысымен терілер мен тақталарға жазылған

Құран аяттары жинақталып, кітап халіне келтірілді. Ал, сахаба Османның (р.а.) дәуірінде реттеліп, белгілі бір жүйеге түсірілді әрі нұсқалары көбейтіліп, әкімшілік орталықтарға жіберілді.

Құран Кәрімнің арада сан ғасырлар өтсе де, мұсылман қауымы арасында ұрпақтан-ұрпаққа ешқандай өзгеріссіз жетуі, оның аса құнды да киелі дүние екендігінің айғағы.

Сондықтан, бұл аманатты (Құранды) еліміздің ертеңі – өскелең жас буынға жеткізу, ондағы имандылық пен ибалықты дәріптеу – әрбір мұсылманның парызы. Әлемде миллиондаған адам жатқа білетін және күн сайын жалықпастан оқылатын Құран секілді бірде-бір кітап жоқ. Алты жүзден аса беттен тұратын Құран Кәрімнің араб тілін білмейтін миллиондаған адамдар тарапынан сөзбе-сөз толықтай оңай жатталуы және адамның жан дүниесіне ағыла құйылып, баурап алатын, тек өзіне ғана тән ерекше әуені мен әуезі, оның иләһи кітап екендігінің нақ белгісі.

Қорыта келе, Құранның мұғжизалығын зерттеу – Құран ғылымдарының басым көпшілігіне қатысты екендігін көреміз. Иғжаздың әртүрлі аспектілері Құранды түсіру мен жинақтау ерекшелігіне, оны оқу мен эвфоникалық құрылымына, оның мағынасы мен оны түсіндіруге қарай орын алады. Сондықтан Құран Кәрім – Алла Тағаланың сөзі екендігін біле отырып, біз оны әдеттегі сөз ретінде қабылдамауымыз қажет. Алла Тағала сөзінің мән-мағынасы тым тұңғиықта жатқандығы хақ, өйткені ол, Ұлы Алланың шексіз ілімін қамтыған. Сол үшін де Алла Тағаланың кітабын тәпсірлеу кезінде, оған қанша күш салып, оның мұғжизалығы мен мазмұнын түсіндіруге тырысқан тәпсірші ғалым оның мағынасын, түпкілікті мақсат-мұратын толық аша білді деп еш уақытта айта алмаймыз. Сол себептен де, Құранның мағынасын түсіндіруші әрбір адам, қалыптасқан әдепке сәйкес, өзінің пікірін «Алла Тағала жақсырақ біледі» деген сөздермен аяқтайды.

материал «Құран ілімдеріне кіріспе» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.