Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Сәбит Мұқанов туралы бір үзік сыр

0 339

Осы күнгі Мұқан Төлебаев пен Калинин көшесінің қиылысындағы үйлерде тұрып, Сәбеңмен жиырма жылдай көрші болдық. Қазір де көз алдымызда. Жас кезім болатын.

Сәбең көшемен жүріп келе жатып, кездескен бүлдіршіндердің бәрінің басынан сипар еді. Олар да ерекше ықыласпен Сәбеңе еркелейтін. Солардың бірі мен едім. Алматы  көркем сурет учелищесінде оқып жүргенімде, А.Черкасский дейтін ұстазым болды. Ол кісі Сәбеңмен достық қарым-қатынаста еді. Бірде ол ағаның портретін жазып жүргенін байқап қалып, өз көңілімде де бір құштарлық оянды. Сүйтіп, бұл талабымды жақсы қарсы алған А.Черкасский Сәбеңмен таныстырды. Сонда, “Айналайын қазақ қыздары да суретші бола бастаған ба!” деп ризалығын білдірген еді.

Кейінірек Сәбеңнің “Ботакөз” романы бойынша фильм түсірілді. Алдында Ботакөз роліне көптеген қыздар шақырылды. Сынаққа мен қатыстым. Бағымның жанғаны шығар, Ботакөз роліне қабылданғаныма күні бүгінге дейін мақтанамын. Бір күні Сәбең кезіге қалып: “Қызым, осы сені қайдан көрдім?” деп мәз болып қалды. “Ботакөз” фильмі біткен соң, “көзі бақырайып, осы қызым жақсы ойнайды” деген аталық жылы лебізі де есімде.

Кейін де кезіге қалса, “Қалқам, не істеп жүрсің?” деп айналып-толғанар еді. Бірде “Аға, сіздің портретіңізді салғым келеді” дедім. “Қарағым, сырқаттанып жүрмін” деді. Соған қарамастан, шеберханама төрт-бес мәрте келіп, жарты сағаттан отырып кетіп жүрді. Сөйтіп, мен Сәбеңнің портретін жазып шықтым. Соңғы бір кездескенімде “Гуля, саған арнап сценарий жазам” деген еді. Алайда, қайран аға бұл ойына жете алмады.

Гүлфайрус Исмаилова

“Сәбит Мұқанов туралы естеліктер” кітабынан.

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.