Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Мұқағали: Мен үшін дүниенің ең қорлығы – адамның айыбын бетіне басу

0 128

Талантты ақын Мұқағали Мақатаевтың күнделіктеріндегі сүбелі ойларын назарларыңызға ұсынамыз.

22 ақпан, 1973 жыл.

…Адамдардың арасында болған алауыздық мені де шарпымай өткен жоқ. «Жұлдыздың» делосын өткізіп беріп, поэзиямды өзім алып қалдым… Әзірге немен тынары белгісіз, барым менің, балам менің, жарым, жақсылығым менің – поэзиям, тек сені сақтап қалсам екен. Сені де өлтіргісі келе ме, қалай?! Олай бола қоймас, егер бола қалса, қалған өмірдің қызығы не маған. Ойлап отырсам, менде бір арман бар екен. Ол – қалайда халқыма жағыну, ұнау соған. Тек соған ғана жасырмай шынымды айтсам деп едім. Халқым, үнімді қалай жеткізем саған?.. Айналам тарылып, құрсауланып барады. Жағдай қиын, өте қиын…

Келесі жылы жаңа жинағым жарық көре ме, жоқ па?

– Ей, қалам ұстаған, қаламдас бауыр-қарындастарым, халықты ұмытпаңдар! Халықсыз күндерің қараң! Оны сүйемін деп байбалам салмаңдар. Оған тек ғашық бола біліңдер!

***

2 наурыз, 1973 жыл.

Белгісіз бір дүлей күш қол-аяғымды матап, тіптен ойыма да құрсау салып тастаған сияқты. Не ойлап, не жазарымды білмеймін. Белгісіз біреудің көңілін тауып, ойынан шықпақ болам. Ол не, кім? Білмеймін…

Күн көріс қиындап барады. Балаларымның тағдырынан қорқам.

***

24 желтоқсан, 1973 жыл

Бұл жыл да өтті. Жырмен басталған жыл жырмен аяқталды. Күйбеңмен, азаппен өткен өлі күндерді қойшы. Жырсыз өткен күндер мен үшін өлі күндер.

6 наурыз, 1973 жыл.

…Поэзия – ғылым. Зерттеу керек. Адам өмірінің, адам жанының зерттелмеген, қалам тартылмаған несі қалды? Соны табу, соны зерттеу керек. Адам сезімін жан-жақты зерттейтін кұдірет болса, ол тек – поэзия. Басқа ешқандай да ғылымның қолынан келмейтін шаруа бұл!

***

17 наурыз, 1973 жыл.

Өткен аптада Мүсіреповте (үйінде) болдым. Бұл адаммен жақын келіп сұхбаттасқаным осы. Үйінде өзі жалғыз екен. Жылы қарсы алды. Екі сағаттай әңгімелестік. Мен Ғабеңді бойындағы дарынның барын беріп болған адам деп айта алмаймын. Ал бойында жасырынып жатқан жанар тауы бар екеніне күмәнім жоқ. Уақыт-ай!.. Әдебиет, жалпы искусство жөнінде болар-болмас шолу жасап, пікірлестік. Қарт әріден ойлайды. Қазіргі қазақ поэзиясы қатты толғандырып жүрген көрінеді. Бірдеме десем бе дейді.

«Аққулар ұйықтағандаға» тебіреніп пікір айтты, сүйсініп қалды, мен ыңғайсыздандым, онымды түйе қойды да, қоя қойды. Өлеңдер оқыдым. Кетерде маған қалам сыйлады (алтын қалам).

Қарт қартайған екен. Бүкіл үйде жалғыз өзі отырғаны қатты әсер етті маған… кабинеті жұпыны, жазу столы тіпті жұпыны, басы артық дүниелер, әлеміш-жәлеміштер жоқ. Ұзынды-қысқалы, бір түстес, үшкір ұшталған қара қарындаштар. Тілдей параққа арапша жазып тастапты, жаңадан жазылған, сірә. Қорапқа салған екі мылтығы тұр. Кіреберісте саятшының сауыт-саймандары… Ретін тауып, өзімен ұзағырақ сөйлесер ме еді, біраз бірге болып, достасар ма еді. Тәңірім-ай, бұлар деген аяғын үзеңгіге салып тұрған адамдар ғой…

Енді өзім туралы. Жыр түсінер қауым өлеңдерің жақсы дейді, әр тұстан қолпаштаған хаттар да алып жүрмін, бірақ сенуім қиын. Жаман жыр жазу қиынға түсіп барады. Жақсы жыр басылмаса, жарық көрмесе, қайтем?! Білмеймін… Тәңірім әзірге шешемді тірі қоя тұрса екен. Өстіп, тұралап жүрген кезімде қисая қалса, ел-жұртқа масқара болам ба деп қорқам…

***

20 наурыз, 1973 жыл.

Құрбы-құрдас, замандастар мен туралы көп-көп қәуесет таратады. Біріне бірі айтады, «өзімсініп» өзіме де айтып қалады. Көбісін бояп, бірінен бірі жаңартып айтады, ал мен олардың кай қырымнан қасығысы келіп тұрғанын түсінбейді ғой дейсің бе?.. Түсінем. Бекер обалдары не керек, бәрінің сыйлайтынын да білем. Білем де қоям, қарсы болмаймын, айта берсін, арамдық ойласа, өздерінің басынан артылмасын. Тек менің жұртқа зиянсыз екендігімді түсіне ме, жоқ па?!

Мен үшін дүниенің ең қорлығы – адамның айыбын бетіне басу, оның нашарлығын дәлелдеу. Бұл – бір. Екінші – болмайды, жарамайды, жоқ деп айта алмайтыным. Қорлықты осыдан тартып жүрмін. Көңілшектік – менің осал жерім. Сірә, сүріне беретінім де осыдан болар.

Уақыт өз рөлімді маған да бөліп берген, соны дұрыстап ойнап шығу жолында мен де тырбанып бағам, әрине. Демек, мінездегі жасандылық (артистік) маған да бөтен емес-ау…

Мұқағали Мақатаевтің “Күнделігінен” алынды.

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.