Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Рухани жетістікті Рамазан біткен соң да сақтап қалыңыз

Рухани жетістікті Рамазан біткен соң да сақтап қалыңыз

0 224

Рамазан айы атты соңғы 29 күнді тақуалыққа (Алладан қорқу) жету жолында өткіздік. Бұл ай біздің Жаратушымыз Алла мен Оның кәміл дініне деген адалдығымызды қайта жаңғыртып, жандандыратын кезең болды. Көптеген жандар бұл уақытты абыроймен өткеріп, құлшылығында оң өзгерістерге қол жеткізе білді. Енді сол өзгерістердің ғұмырын баянды ету сәті келді.

Құрметті оқырмандар. Біз ораза ұстадық, Құран оқыдық, садақа бердік және түндерімізді Аллаға құлшылықпен өткіздік. Ғибадатымызды еш қылмас үшін ғайбат, өсек және жала жабу сияқты көптеген күнәлардан бойымызды аулақ салуға тырыстық. Ал енді Рамазан аяқталғанда көбіміз Құранды сөреге қайта қойдық, келесі Рамазанға дейін ораза ұстауды доғардық және түнгі құлшылықтан бас тарттық. Мұнымыз ағаттық болмақ. Себебі, бұл амалдардың барлығы өте құнды әрі еш жерде оларды атқаруды бір аймен ғана шектеп қою қажет делінбеген.

Рамазан айында қол жеткізген өміріміздегі барлық жағымды өзгерістер тұрақтылық тауып, баянды болуы үшін не істеуіміз қажет? Біз жақсы жаққа қарай өзгере алатындай Рамазанда бізге не әсер етті? Егер біз сол өзгерістерге не түрткі болғанын ұғар болсақ, бәлкім, Рамазан рухы ешқашан алыстамайтындай, өмірімізді шынында да өзгерте алатындай жағдайға қол жеткізе алар едік.

Төменде бізге Алланың көмегімен Рамазанда ие болған жақсы әдеттерімізді сақтап қалуға септігін тигізер тәсілдер көрсетілген:

1. Дұға жасаңыз

Бізге Рамазанда жақсы әдеттер қалыптастыруға мүмкіндік берген Алла болғандықтан, оларды ары қарай сақтап қалуға да көмектесетін Ол ғана. Қол жеткізген дұрыс өмір салтын сақтап қалуды әрі ары қарай да рухани кемелденіп, Оған жақындай түсуді тілеп, Аллаға жалбарыныңыз.

2. Ізгі амалдар әдетіңізге айналсын

Егер ары қарай да дұрыс өмір салтын ұстануды қаласаңыз, ізгі амалдар күнделікті өміріңіздің бір бөлшегіне айналғанына көз жеткізуіңіз қажет. Мысалы, ораза. Алла Елшісі (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын), мұсылмандарды дүйсенбі және бейсенбі күндері нәпіл ораза ұстауға шақырған. Ол былай деген:

«Алла Тағала құлдарының амалдарын дүйсенбі және бейсенбі күндері қабылдайды. Сондықтан, менің амалдарым Оған ұсынылған кезде ораза болуды қалаймын.» (Тирмизи)

3. Апта сайын өз өміріңізді тексеріңіз

Мұндай өз-өзін бақылау сізге өміріңізді кеңінен көре алуға мүмкіндік береді. Сіз ізгі амалдарыңызды тәжірибе жүзінде нықтай алдыңыз ба көре аласыз. Сонымен қатар өзіңізді ай сайын және жыл сайын осылай тексеріп тұра аласыз.

4. Қателік жасап қойсаңыз да бас тартпаңыз

Исламда тәубенің (өкіну) кереметтігі – Алла бізге күнә жасап қойғаннан соң да барлығын басынан бастауға мүмкіндік береді. Біз өзіміздің пенде екендігімізді және қателік жасау табиғатымызда бар екенін есте ұстауымыз қажет. Тек Алла ғана мінсіз.

5. Ниетіңізді тексеріп, өзіңізге есеп беріп отырыңыз

Ниет – біздің амалдарымыздың Алланың алдында қабыл болуының кілті. Егер біз тек қана басқаларға әсер қалдыру үшін ізгі іс жасаған болсақ, ондай ниетпен жасаған әрекетіміз әдетке айналмайды. Ал егер біз амалдарымызды Алланың разылығы үшін атқарсақ, ол үшін сыйға лайық болып қана қоймай, бұл ниетіміз бізге ары қарай да сол әдетті сақтап қалуда табанды болуға септігін тигізеді.

6. Ақырын алға жылжи беріңіз

Айша анамыз (ол кісіге Алла разы болсын), Пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын), былай дегенін риуаят етеді:

«Ізгі амалдарды талап етілгендей, ықыласпен әрі шамаларыңа қарай атқарыңдар. Сендер жәннәтқа тек қана Алланың мейірімімен кіре алатындарыңды есте ұстаңдар. Алла алдында ең ұнамды амал – аз да болса, тұрақты жасалған амал.» (Бухари)

Бұл хадисте үлкен даналық жатыр. Және біз үшін Рамазаннан кейін де ізгі амалдарды жалғастырудың бір себебі болмақ.

материал «Мүбәрак Рамазан» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.