Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ұят пен иман егіз. Егер ұят кетсе, екіншісі де бірге кетеді

Ұят пен иман егіз. Егер ұят кетсе, екіншісі де бірге кетеді

0 44

Ұят – жақсылықтың ұрығы. Жамандықтың тамырын түбегейлі жоятын да осы қасиет. Әнас (р.а.) риуаят еткен хадисте:

«Расында, әрбір діннің өзіне тән мінезі бар. Исламның мінезі ұяңдық (ұят)» деп дінімізде ұяттың маңыздылығын атап көрсетіп кеткен.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде:  «Ұят пен иман тығыз байланыста. Егер  ұят кетсе, екіншісі де бірге кетеді»,  деп ұяттан ажыраған кісінің иманнан қол үзетінін жеткізген.

Ұят иманның жемісі. Иманы кәміл болған пенденің ұяты да кәміл дәрежеде болары сөзсіз. Сондықтан болар шариғат сусынымен сусындап салт-дәстүрін дінімен ұштастыра білген ата бабаларымыз: «Пайда ойлама – ар ойла» деп, ұяттың қаншалықты қымбат дүние екендігін дөп басып көрсеткен. Әбу Һурайра жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (саллаллаһу әлейһи уәсәлләм):

«Иман алпыс немесе жетпіс тармақтан тұрады. Ең абзалы ләә иләһә иллалла (Алладан басқа құдай жоқ) деп айту. Ең төменгі дәрежесі жолда жатқан кедергіні алып тастау. Ұят та иманның бір тармағы» деп ұятты иманның бір бөлігі ретінде көрсеткен.

Ұятты Алла Тағаладан ұялу және адамдардан ұялу деп бөліп қарастыруға болады.

Алла тағаладан ұялу бұл осы сипаттың ең басы, әрі ең лайықтысы. Өйткені, Пайғамбарымыз (саллаллаһу әлейһи уәсәлләм): «Адамдарға қарағанда ұялуға ең лайықты болған ол Алла тағала» деп айтқан. Ал енді Алла тағағаладан ұялу қалай болмақ деген сұраққа жауап беріп көрелік.

Абдуллаһ ибн Масуд Алла оған разы болсын былай дейді: «Алла елшісі саллаллаһу әлейһи уәсәлләм:- «Алла тағаладан шынайы түрде ұялыңдар» деді. Сонда біз: «Уа Расулалла! Аллаға шүкір расында біз Алла тағаладан ұяламыз» дедік. Сонда Пайғамбарымыз саллаллаһу әлейһи уәсәлләм: «Мен ол ұятты айтпаймын, Алла тағаладан шынайы түрде ұялу ол басыңды және оның қамтыған ағзаларын сақтандыруың. Асқазан мен оның айналасындағы ағзаларды сақтандыруың. Өлім мен жоқ болуды есіңде ұстауың, кім де кім ақыретті қалаған болса, онда мына дүниенің әдемілігін тәрк етеді. Осы айтылғандарды жасаған адам ол Алладан шынайы түрде ұялған болады» деді”.

Бұл жердегі басыңды сақта дегені ардақты басымызды Алладан басқаға сәждеге қоймау, басқаларға тәкаппарлық танытып басымызды көтермеу, басымызға тиіселі көз, құлақ тіл секілді ағзаларымызды жаман әрекеттерден аулақ ұстап, таза жүру меңзелген. Асқазанды сақтау болса, Алланың харам еткен нәрселерін ішіп жеуден тыйылу. Айналасындағы аяқ қол секілді ағзаларды да харам болған жиіркенішті істерден сақтау. Өлімді еске алу да өз кезегінде Алладан шынайы түрде ұялу болып табылады. Өйткені, өлімді еске алу көптеген жамандықтың алдын алып адам баласын түрлі азғындықтан тыяды.

материал «Ислам діні» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.