Бас мүфти «Имани жаз-2025» жазғы сауат ашу курсына сәттілік тіледі
Бас мүфти «Имани жаз-2025» жазғы сауат ашу курсына сәттілік тіледі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Жетісу облысына жұмыс сапарымен келді. Жұмыс сапарында Бас мүфти 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Алакөл ауданы, Бескөл ауылдық мешітінде «Имани жаз-2025» жазғы сауат ашу курсының салтанатты ашылу рәсіміне арнайы қатысып, бүлдіршіндерге сәттілік тілеп, батасын берді.
Мектеп оқушыларының жазғы демалысын пайдалы өткізу мақсатында жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан бұл жоба аясында биылғы жылы ел бойынша 25 000-ға жуық оқушы Құран әліппесімен танысып, әдеп және имандылық дәрістерімен сусындамақ.
ҚМДБ Төрағасы өз сөзінде: «ҚМДБ бастамасымен еліміздегі мешіттерде «Имани жаз 2025» жазғы сауат ашу курстары өз жұмысын бастады. Бұл бастаманың басты мақсаты – жасөспірімдерді отаншыл болуға, ата-ананы қадірлеуге баулып, тұлабойына адамгершілік құндылықтарды ұялату. Иманды адам қашан да қоғамға шарапатын тигізбек» деп атап өтті.
Жиын барысында Бас мүфти «MUFTIYAT» баспасынан жарық көріп, «Дін мен дәстүр» негізінде жазылған «Имандылық әліппесі» оқулығын және арнайы тәттілерді балаларға өз қолымен таратып берді. Сондай-ақ, екі балақайдың тұсауын кесіп, батасын берді.