Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жұмыс сапарымен Қарағанды облысына келді. Іссапар аясындағы алғашқы кездесу облыстық «Әнет баба» мешітінде өтті.
Бас мүфти құптан намазына жиналған жамағатпен жүздесу барысында рухани насихат айтып, мұсылманның өмірлік ұстанымдары, қоғамдағы белсенді рөлі мен ізгі амалдардың маңыздылығы жайында әсерлі уағыз жүргізді.
«Адамның бойындағы күш-қуат – оған берілген негізгі үлкен нығметтің бірі. Бойында қуат бар кезде ғана адам қозғалады, жүреді, жұмыс істеп, қызмет атқарады. Әсіресе жас кезінде күш-қуаты көп болады. Қартайғанда қуаты әлсірейді. Ал бойындағы күш-қуаты толығымен таусылғанда, бұл өмірі тоқтайды. Сондықтан да бойдағы күш-қуатты бағалау, оны дұрыс әрі пайдалы істерге жұмсау – сол күш-қуатты берген Жаратушымызға деген шүкірліктің бір көрінісі», – деді Бас мүфти өз уағызында.
Жиын соңында Наурызбай қажы Тағанұлы жамағатпен бірге құптан намазын оқып, еліміздің тыныштығы мен берекесі үшін арнайы дұға жасады.
\