1. Елдегі 4 400 дін қызметкері Бас мүфтиге ұйып, ұйысып-ұйымдасып қызмет етуде. Алысты айтпайық, көрші елдің өзінде әр аймаққа жауапты имам бас-басына мүфти. Бұл жағдайда үйлесімді қызметтен береке кетпей ме? Бір жүйеге бағынған біздегі жағдайға тәубе дейсің.
2. ҚМДБ құқықтық мәртебе тұрғысынан діни бірлестік болғанымен, қоғамдық қызметі ауқымды, өзіне жүктелген миссиясы үлкен. Сондықтан болар, мүфтияттың еліміздегі күллі мұсылман қауымның қарашаңырағына айналуы заңдылық. Елбасының Қазақстан мұсылмандарының кезекті құрылтайынан кейін Бас мүфтиді дәстүрлі ресми қабылдауы – мүфтият қызметінің маңыздылығын арттыра түседі.
3. Діни басқарма мемлекеттің ұлтаралық һәм конфессияаралық татулықты нығайтуға бағытталған бастамаларына әрдайым қолдау білдіреді. Бұл жағдайға объективті көзқарас қалыптастыру – Сіз бен біздің адамдық һәм азаматтық борышымыз.
4. Мүфтият өзінің қоғамдық қызметін еліміздегі заң актілері аясында ҚМДБ Жарғысына сәйкес жүргізеді. Кейде белсенді азаматтар (оларды да түсінуге болады…) мүфтияттың мүмкіндігінен тыс мемлекеттік мәселелер төңірегінде ҚМДБ-дан мәлімдеме яки шешім күтеді. Бұл – заңды құбылыс. Өйткені, рухани салада Діни басқарманың өзіндік орны мен рөлі бар. Алайда, заң алдында барлық діни бірлестіктің мәртебесі бірдей, құқығы тең. Осы тұрғыдан келгенде мүфтияттың ұстанымына құрметпен қарау ләзім. Әділі – осы.
5. Өзін-өзі қаражатпен қамтамасыз етіп, қоғамдағы миссиясын атқарып келе жатқан Діни басқармаға қолдау көрсету – ел игілігі үшін жұмылып жұмыс істеуге ниетті жанның асыл міндеті. Бұл қолдан келмесе, тілектестік пейіл таныту – жанға демеу. Сындарлы кезеңде бірлігімізді көрсетпесек – өзімізге сын.
6. ҚМДБ 2018 жылы Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың тапсырмасымен, үздік имамдар тобын қалыптастыру, жастарға дұрыс діни ақпарат жеткізу, отбасы құндылығын дәріптеу, мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасын насихаттау, халық арасында патриотизмді насихаттау, деструктивті ағымдағы адамдарға түсіндірме жұмыстарын жүргізу, дәстүрлі ханафи мәзһабының қағидаларын уағыздау, т.б. жұмыстарға басымдық береді. Ортақ істе жұмылайық!
muftyat.kz