Бас мүфти Түркиядағы Мәуліт апталығының ашылу рәсіміне қатысты
Бас мүфти Түркиядағы Мәуліт апталығының ашылу рәсіміне қатысты
Түркия Республикасының Президенті Әкімшілігіне қарасты Бештепе ұлттық конгресс және мәдениет орталығында Мәуліт апталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Аталған рухани жиынға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысып, Түркиядағы Мәуліт мерекесінде болды.
Салтанатты шараға Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Сонымен қатар, жиынға 40-тан астам елден келген мүфтилер, беделді дін ғалымдары мен дін қайраткерлері, Түркия Дін істері басқармасының өкілдері және басқа да ресми мекемелердің қызметкерлері қатысты.
Мәуліт кешінде діни әндер шырқалып, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауаттар айтылды. Түркия Дін істері басқармасының төрағасы Әли Ербаш құттықтау сөз сөйлеп, Мәуліт мерекесінің рухани маңызы мен тәрбиелік мәніне тоқталды.
Өз сөзінде Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған барша мұсылман үмбетін Мәуліт мерекесімен құттықтап, кешке арнайы келген қадірлі меймандарға ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ, ол биылғы Мәуліттің 1500 жылдық мерейтойына ерекше мән беріліп отырғанын атап өтіп, алдағы бір жыл бойы өтетін ауқымды іс-шараларға сәттілік тіледі.