Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Серікбай қажы Оразды Қазақстанның Бас мүфтиі лауазымына сайлануымен құттықтады, – деп хабарлайды akorda.kz порталы.
Елбасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі арқылы діни қатынастар саласын реттеуде мемлекет ерекше рөл атқаратынын айтты.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев әзірленіп жатқан діни қызмет туралы заңның негізгі ережелерін кең ауқымда түсіндіріп, халыққа жеткізу жөнінде бірлесе жұмыс жүргізудің қажеттігіне назар аударды.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдерімен биылғы сәуірдегі кездесуіне тоқталып, онда сананы жаңғыртып, еліміздің тарихи және рухани байлығын сақтау қажеттігі талқыланғанын атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мұсылмандары үшін ханафи мазхабының дәстүрлі сипатына назар аударып, бұл мектептің мәнін ұғындыру қажеттігін айтты.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы радикалды діни ағымдарды ұстанушылармен арнайы түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігіне назар аударды.
Сонымен қатар Елбасы мұқтаж жандарға әлеуметтік көмек көрсету үшін ғана емес, сондай-ақ ғылыми зерттеулер мен конференциялар өткізіп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін де меценаттықты дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Қазақстанның Бас мүфтиі жылы қабылдағаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты.
Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев пен Серікбай қажы Ораз еліміздегі діни білім беру мәселесін талқылады.