Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, мемлекет сыйлығының иегері, көрнекті жазушы Әкім Таразимен жүздесті.
Кездесу барысында Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының руханият саласындағы жұмыстары жайлы әңгімелеп берді. Сонымен қатар, мүфтияттың 2018 жылы атқаратын игі іс-шаралары туралы сөз болды. Жазушы Әкім Тарази Бас мүфтиді жаңа қызметімен құттықтап, қазақ руханиятын жаңғырту жолындағы игі жобаларға тілектестік білдірді.
«Алла Тағала жаңа қызметіңе береке берсін! Қазір халық үшін қызмет ететін кездерің ғой, айналайын. Құдайға шүкір, халқымыз ізгілікке бет бұра бастады. Жастардың көпшілігі имандылық жолында. Енді олардың діни көзқарасын дұрыс бағытқа бұру – баршамыздың асыл борышымыз», – деп атап өтті Әкім Тарази.
Өз кезегінде ҚМДБ төрағасы С.Сатыбалдыұлы мүфтияттың ізгі іс-шараларының басы-қасында жүретін жазушыға жылы лебізін білдіріп, алғысын жеткізді. Мемлекет қайраткеріне «Ұлы дала темірқазығы» атты кітапты сыйға тартты.
ҚМДБ баспасөз қызметі