«Сәдуақас қажы Ғылмани»: «Менің сүйікті Пайғамбарым» білім сайысы өтті (фото)
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінде «Менің сүйікті Пайғамбарым» атты шәкірттер арасындағы білім сайысы өтті.
Астана қаласы өкілдігіне қарасты «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің ұйымдастыруымен рухани шараның негізгі мақсаты – шәкірттердің ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) өмір жолы мен өнегесі туралы білімдерін тереңдету, сира ілімін насихаттау және Алла Елшісіне (с.ғ.с) деген сүйіспеншілікті арттыру.
Сайыста «Қарашаңырақ», «Мұһажирлер», «Асыл мұра» және «Әбу Ханифа» командалары бақ сынап, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өмірі мен өнегесіне қатысты білімдерін ортаға салды.
Білім додасы үш кезең бойынша өтті. «Меккелік кезеңде» қатысушылар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) Меккедегі өмірі мен Исламның алғашқы жылдарына қатысты сұрақтарға жауап берді. «Һижрет және Мәдиналық кезеңде» Мәдина дәуіріндегі маңызды оқиғалар бойынша білімдерін көрсетті. Ал «Оқиғаны баянда» кезеңінде берілген тарихи оқиғаны жүйелі түрде баяндап, себеп-салдары мен тағылымын жеткізді.
Сайыс барысында алғашқы уахи, Хабашстанға және Мәдинаға һижрет, Исра және Миғраж, Бәдір, Ұхұд, Хандақ шайқастары, Худайбия келісімі, Меккенің алынуы және Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өміріндегі өзге де маңызды оқиғалар қамтылды.
Шәкірттердің білімін арнайы шақырылған дін қызметкерлерінен құралған әділқазылар алқасы бағалады:
Махмуд Қасым – «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы;
Әділхан Оразов – «Нұрсұлтан» мешітінің ұстазы;
Серікбол Хаман – «Әлжан ана» мешітінің наиб имамы.
Әділқазылар командалардың сұрақтарға берген жауаптарының нақтылығына, сира оқиғаларын білу деңгейіне және тарихи оқиғаларды жүйелі әрі мазмұнды жеткізуіне баға берді.
Тартысты өткен білім додасының қорытындысы бойынша:
І орын – «Әбу Ханифа» командасы
ІІ орын – «Мұһажирлер» командасы
ІІІ орын – «Асыл мұра» командасы
IV орын – «Қарашаңырақ» командасы
Жүлделі орын иелері арнайы дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды. «Қарашаңырақ» командасының мүшелеріне де сайысқа белсенді қатысқаны үшін ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Шара барысында имам насихат айтып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өнегелі өмірінен тағылымды ойларымен бөлісті. Сондай-ақ көрермендер арасында діни сұрақ-жауап ұйымдастырылып, дұрыс жауап берген жамағатқа арнайы сыйлықтар берілді.
Тағылымы мол рухани басқосу шәкірттердің сира іліміне деген қызығушылығын арттырып, ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) көркем мінезі мен өнегелі өмір жолын тереңірек танып-білуге мүмкіндік берді.






sunna.kz