Take a fresh look at your lifestyle.

БІРЛІК ТҮБІ – БЕРЕКЕ

0 882

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы, исламтанушы, 

Оңғар ХАЙРИДИНОВ

  Ислам діні мұсылмандарды тек жеке тұлға ретінде кемелдендіріп, дамытумен қалып қоймай, қоғамның тыныштығы мен амандығына да аса қатты мән берген. Дініміздің бұйрықтарымен тыйған тыйымдарын ұғып түсінген қазақ халқы да «ырыс алды – ынтымақ» деген қағиданы ұстанып, ел арасындағы ынтымақ-бірлікті, татулықты ерекше бағалаған.

Алла Тағала қасиетті Құранда: «Алланың жібінен (дінінен) бекем ұстаныңдар да, бөлінбеңдер!»[1] – деп, арамызға алауыздық түсірмей, бейбіт өмір сүруімізді қалайтын Ұлы Жаратушымыз біздің бөлініп, дауласуымыздан тыяды. Сондай-ақ, кең байтақ жерімізде тыныш әрі бейбіт өмір сүру үшін керекті ұстанымдарды үйретеді. Солардың бірі барлық жанның міндеті болған – жақсылыққа шақыру, жамандықтан тыю.

Бұл жайлы Жаратушы Иеміз Құранда былай дейді: «Араларыңнан басқаларды игілікке үндейтін және жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыятын жандар болсын»[2]. Міне, бұл мұсылмандардың үлкен сипатының бірі. Әрі ынтымақ пен бірлікке апарар нағыз қадір-қасиет. Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю тек мұғалім мен  ұстаздың емес, барлық мұсылманның міндеті болмақ. Өйткені,  қоғамды кеме деп алсақ, осы кемедегілердің тағдыры ортақ болғандықтан олар бір-бірінің жағдайына көз жұмып қарамауы керек. Шырақтың отымен келесі шырақты тұтатсаң, бұдан бірінші шырақтың оты кеміп қалмайды, керісінше, екі шырақ жанса жарық та, жылу да мол болады.

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) : «Араларыңнан кім жамандықты көрсе, оны қолымен түзетсін. Бұған күші жетпесе, тілімен түзетсін. Бұған да күші жетпесе, жүрегімен айыптасын. Бұл – иманның ең әлсізі»,[3] – дейді. Адамның баянды өмірін бұзып, қоғамды жегі құртша кеміріп жатқан нашақорлық, зинақорлық, жемқорлық, ішкілікке салыну сияқты апаттар ел арасындағы ауызбіршілік пен бейбітшілікті жоғалтып, нәтижеде қоғам келешегіне зиянын тигізіп жатқаны айдан анық. Осы тұста «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», бір жұдырықтай жұмылып, қолымызбен де тілімізбен де неге қарсы тұрмасқа..

Қазақ халқы да ынытақ пен бірлікке шақыратын салт дәстүрлерді қолданып келеді. Қазіргі таңда ҚМДБ-на қарасты барлық діни орындарда (мешіттерімізде) өтетін «Мектепке жол», «Жоқ-жітімге қайырымдылық», «Айттық бізден» сынды іс-шаралардың өтуі – еліміздің тыныштығына, береке бірлігіне апарар жол әрі сауапты амалдардан болмақ.

Үш ағайынды жігіттің – отарында малы бар,

Екі ағайынды жігіттің – орманында талы бар,

Жалғыз-жарым жігіттің – шығар-шықпас жаны бар, – деп, ата-бабамыз қашан да жамағаттан ажырамай, көппен бірге болуды үндеп өткен.

Ғасырлардан жалғасып келе жатқан осы игі дәстүрлердің негізінде Ислам діні жатыр. Асыл дініміз ынтымақ пен бірлікті насихаттап, бөлінбеуге шақырады. Әлгі Абай хәкім айтқан «ақылға бірлік керек» дегенді біз, «иманға, жамағатқа да бірлік қажет» дер едік.

_____________________________

[1] Әли Имран сүресі, 103-аят.

[2] Әли Имран сүресі, 104-аят.

[3] Муслим, Иман 78.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.