Take a fresh look at your lifestyle.

ЖИҺАД ЕМЕС, ТЕРАКТ

0 202

Қазіргі таңда елімізде бірнеше  лаңкестік жағдайлар орын алғаны белгілі. Кесірі Ислам дініне, мұсылман іні-қарындастарымызға тиюде. Ең өкініштісі, асыл дінімізге күйе жағылды. Үш қайнаса да дінмен сорпасы қосылмайтын террорлық актілерге жиһад деген атақ берілуде. Елімізге дін бостандығы заңын пайдаланып, әр тараптан неше түрлі ағым-секталар, ғалым-сымақтар ағылды. Ерте заманнан бері ұсталынып келген Әбу Ханифа мазһабы, жалпы мазһаб ұстану деген ұғым қате болып шықты. Нәтижесінде, бағынбаудың кесірінен, төрт мазһаб емес, мыңдаған мазһаб туындап кетті. Жастарымыз кім-көрінгеннің артынан еріп адасты. Кейі жиһад деген ұранға еріп, айдалада құрбан болды. Құран мен сүннетпен жүреміз деп, сол Құран-сүннеттен алыстады. Имамдардың сөзін қабыл етпей, әлі де пәтуә беруге хақысы жоқ адамдардың сөзіне құлақ асты. Сол себепті, осы еңбекте, Құран мен сүннетпен жүреміз деген бауырларымызға, жарылыс жасау арқылы, бейбіт тұрғындарына, өздеріне қол жұмсау шариғаттан емес екенін сол Құран мен сүннеттен дәлелдеп көрсетуге тырысамыз. Тіпті, рауилерді (хадисті жеткізгендер) де, оған қоса, өздерінің бетке ұстар Ибн Тәймийя, Ибн Усәймин сынды ғалымдарының айтқан сөздерін келтіреміз. Бұл жерде, осы заманғы, Сауд Арабиясында өмір сүретін, Мәдина қаласының хадис ғалымы Абдул-Мухсин әл-Аббадтың «Какой же разум и религия могут назвать теракты джихадом?! О молодежь, опомнитесь!»  атты еңбегі негізге алынды.

Ақиқатында шайтанның мұсылмандарды азғырып, адастыратын екі жолы бар. Бір жолына күнәға бейім, дініне селқос қарайтындарды итереді. Ондай мұсылманға күнәларын әшекейлеп, нәпсісіне ертіп, Аллаға және оның Елшісіне бойұсынудан алыстатады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жәннат жеккөрінішті нәрселермен, ал Тозақ нәпсіқұмарлықпен қоршалған» – деп айтқан. (әл-Бухари 6487, Мүслим 2822)

Енді бір жолына шайтан Аллаға деген құлшылығында, тағаттылығында берік болған адамдарды итереді. Мұндай адамға ол дінін бұзу үшін оны астамшылыққа итермелейді. Алла тағала: «Әй кітап иелері! Діндеріңде артық кетпеңдер! Аллаға байланысты шындықты айтыңдар…» (ән-Нисә:171) және тағы: «(Мұхаммед:) «Әй кітап иелері! Діндеріңде орынсыз шектен шықпаңдар және бұрынғы нақ жолдан адасқан, әрі көптерді адастырған сондай-ақ, тегіс жолдан азған қауымның әуесіне ілеспеңдер» – де» – деп айтқан. (әл-Мәида:77)

Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Діндеріңде артық кетуден сақтаныңдар! Ақиқатында сендерден бұрынғылардың түбіне діндерінде артық кетулері жетті» – деп айтқан болатын. (Бұл хадис сахих. Имам ән-Нәсәи және басқалары риуаят еткен)

Және тағы шайтанның бір айлакерлігі жоғарда аталған діндерінде астамшылық қылғандарға өз нәпсісіне еруді әшекейлеп, дінді қате түсінетін етіп қояды. Оларды оларға ақиқатты түсіндіріп бере алмағандай, тура жолды көрсете алмағандай ғалымдарға жүгінуден алыстатады. Алла тағала: «…нәпсіңе ерме, әйтпесе ол сені Алланың жолынан адастырады!» – дейді. (Сад:26) Қасас сүресінің 50-ші аятында: «…Алладан бір жол-жорықсыз өз көңілдері ауған жаққа ілескеннен әрі адасқан кім бар?!» – деп айтқан.

«Сондай жаман ісі өзіне әдемі көрсетіліп, оны жақсы көрген біреу (жақсымен тең бе?) Алла қалағанын адастырып, қалағанын тура жолға  салады» (Фатыр:8)

«Ал сонда Раббы тарапынан ашық дәлелде болған біреу, өзіне жаман істері әдемі көрсетіліп, әуестеріне ерген біреумен тең бе?» (Мұхаммед:14)

 «Ол саған Кітаптың негізгі іргетасы болған ашық мағыналы аяттары бар, екінші ұқсас ұғымда аяттар бар Құранды түсірген Алла. Ал жүректерінде қыңырлық болғандар, бұзақылық іздеп, ұқсас мағыналы аяттардың ұғымын іздестіріп соңына түседі» – дейді. (Әлу Имран:7)

Әл-Бухари (4547) мен Мүслим (2665) жинақтарында Айша (р.а.) Алланың елшісі (с.ғ.с.) жоғардағы аятты оқып, былай деді: «Анық емеске ергендерді көрсең Алла тағала ескерткендер нағыз солар екенін білгін, сондықтан, олардан сақ бол» деп айтқанын жеткізген.

Сонымен қатар, Алла елшісі (с.ғ.с.): «Алла тағала Өзінің жақсылық қалаған  құлына дінде дұрыс түсінік береді» деген. (әл-Бухари 71, Мүслим 1037.)

Бұл хадисте Алла құлына игілік қалағанының бір белгісі, оны дінді дұрыс түсінетін ететіндігі. Бұдан алатынымыз, кімге Алла жақсылық қаламаса, оған дінде дұрыс түсінік бермейді дегені. Одан қалды, оған қате түсінік береді.

Дінді қате түсінгендер ретінде кезінде Әлиге (р.а.) қарсы шығып, соңында оны өлтірген харижиттерді келтірсек болады. (Харижиттер – адасқан ағым. Пайғмбарымыз (с.ғ.с.) оларды «Соңғы уақытта жас, зердесіз адамдар пайда болып, ең жақсының сөздерін (Құран) оқитын болады.  Алайда олар Исламнан садақтан жебе шыққандай шығады. Ол адамдардың имандары кеңірдектен ары өтпейді» – деп сипаттаған). Ақиқатында олар шариғатты сахабалардың түсінінгіне сай емес, керісінше, теріс түсінді.

Міне сондықтан, Ибн Аббас оларға Құран аяттары мен сүннеті түсіндіріп бергеннен кейін харижиттердің бір бөлігі тәубесіне келіп, бұрынғы теріс көзқарастарынан бас тартты. Бұл оқиға Хакимнің «әл-Мустәдрәк» кітабында (2/150-152) имам Мүслимның шарттарына сай дұрыс иснадтпен келтірілген.

Ол оқиғада алты мың харижит халифа болған Әлиден бөлініп кетіп, Харура деген жерде тұрақтап, нәтижесінде адамдар Әлиге келіп: «Иә, мұсылмандардың әміршісі! Адамдар саған қарсы шықты, – дейді. Ол болса: «Тиіспеңдер оларға, өздері бастамайынша мен олармен соғыспаймын. Олар жақын арада соны істейді  деп те ойлаймын» – деп жауап қатады. Жағдайдың бәрі осылай болып тұрған кезде бесін намазынан кейін Ибн Аббас Әлиге келіп, былай деді: «Иә, мұсылмандардың әміршісі! Маған оларға барып, олармен сөйлесуіме рұқсатыңды бер». Әли: «Олар саған қастандық жасайды ма деп қорқамын» – дейді. (Ия, харижиттердің бір белгісі –  қастандық жасау еді. Олар мұсылманды өлтіруді еш қиындыққа санамайтын. Сол себепті Әли Ибн Аббас үшін қауіптенген болатын. Ибн Тәймийя: «Харижиттер мұсылмандар үшін яһудилер мен насаралардан (християндардан) да жаман. Олармен келіспеген мұсылмандарды өлтіруде белсенділіктерін танытады. Олар мұсылмандардың қанын төгуге, мүлкін алып қоюға, олардың балаларын өлтіруге және оларды күпірлікке шығаруға рұқсат етеді» – деген. (Минһәжу-ссунна 5/248)).

Ибн Аббас: «Мен оларға жұмсақтық танытып, оларды мазаққа алмаймын» – дейді. Бұдан кейін Әли оған рұқсатын беріп, былай деді: «Алайда, олармен Құран арқылы тартыспай хадистер арқылы тартыс». Ибн Аббас: «Мен Құранды олардан артық білемін ғой!»   деп жауап береді. Әли: «Дұрыс, бірақ, Құранды әртүрлі тәпсірлеуге болады» деді. (Расында да, Құранды сүннетке сүйенбей толықтай түсіну мүмкін емес. Егер де Құранның өзі жеткілікті болғанда Алла тағала Өзінің елшісіне (с.ғ.с.) «…Саған да адамдар үшін түсірілгенді ашық баян етерсің деп, Құранды түсірдік» (ән-Нахл:44) – деп әмір етпес еді. Көп ағымдардың адасуының бірден бір себебі – Құранды түсіну жолында сүннетке немқұрайлы қараулары болды. Әбу Надр былай деп айтқан болатын: «Бірде, Имран бин Хусайн атты сахаба қасында отырған біздерге Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерін айтып отырғанда бір адам наразылық білдіріп, былай деді: «Сен одан да бізге Алланың кітабы жайында айтсаң еді». Имран мұнысына ашуланып: «Сен надан екенсің! Алла Құранда зекет жайында айтты, ал қай жерінде 200 дирһамнан бесеуін беру керектігі айтылған?! Намаз жайында айтқан, ал бесін намазы төрт ракағат екені қай жерінде жазылған?! Қағбаны тәуәп ету жайында айтылған, ал қай жерінде жеті айналым екені айтылған?! Ақиқатында хадистер мұның барлығын парықтап, түсіндіріп береді») (әл-Әжурри “аш-Шари’а” кітабында104. Иснады дұрыс.)

Ол оларға түс қайта барып, түскі ас ішіп жатқанда үстерінен түседі. Ибн Аббас былай деп айтты: «Олардың алдына келіп, мен құлшылықтарында ешкімге дес бермейтін адамдарды көрдім.  Мені көре сала олар: Сәлем бердік саған иә Ибн Аббас. Не қажетіңмен келдің? – деді. Мен: «Мен сендерге пайғамбардың (с.ғ.с.) сахабалары муһажирлер мен аңсарлардан және немере ағасының баласынан келдім. Құран оларға түскен еді, олар оның мағынасын сендерден артық біледі, ал сендердің араларыңда олардың біреуі де жоқ! Мен сендерге олар не дейтінін, оларға сендер не дейтініңдеріңді жеткіземін»   деді.».

Араларынан біреулер: «Онымен сөйлеспеңдер! – десті. Сол мезетте әлі харижит болған Ибн Қауа тұрып, адамдарды Ибн Аббастан қауіп төніп тұр деп, оларға былай деді: «Иә Құранның иелері! Ақиқатында сендер Ибн Аббасты білмейтін болсаңдар, мен оны білемін. Осылардың халқы жөнінде Алла тағала: «…өйткені олар қасарысқан ел» (әз-Зухруф:58) деп айтқан. Оны иесіне қайтарыңдар, оны қожайынына қайтарыңдар да, Алланың кітабынан таймаңдар» дейді. (Бұл тағы бір харижиттердің сипаты. Олар ғалымдарға мұқтаж  еместіктерін айтып, олардың абыройларын аяқ асты етеді)»

Басқалары: Айта бер, біз сені тыңдап тұрмыз деді. Ибн Аббас Әлидің келесі шарттарын жеткізді: «Сендер тыйым салынған қанды төкпеңдер, жолдарда  қарақшылық  жасамаңдар, зиммилерге (мұсылмандар жерлерінде салық төлеп тұратын мұсылман емес адамдар) қысым көрсетпеңдер. Осылардың бірін жасайтын болсаңдар, біз сендерге соғыс жариялаймыз». (Әли қандай шарттар бұзылса харижиттермен соғысамын деп отырғанына мұқият қараңыздар! Қазіргі таңда жер бетінде жиһад деген жамылғы астында көп мұсылмандар осыны істеп жатқан жоқ па? Мұсылмандар мұсылмандарды, әйелдерді, балаларды, мұсылман жерлеріне қауіпсіздік кепілдігін алып кірген кәпірлерді өлтіріп жатқан жоқ па; адал деп кәпірлердің мүлкіне қол сұғып жатқан жоқ па?! Мұның барлығының жиһадқа еш қатысы жоқ. Ал, Алла және Оның елшісі (с.ғ.с.) мұндай арсыздықтан адал. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім де кім муахадты (мұсылмандармен келісімде болған мұсылман емес адам) өлтірсе иісі қырық жыл жүретін ара қашықтықтан сезілетін Жәннаттың иісін сезбейді» – деген. (әл-Бухари:2995.)

Ибн Хажар былай деп жазған: «Хадисте жизья төлеу, патшамен бейбітшілік келісімде болу немесе мұсылманнан қауіпсіздік кепілдігін алу сияқты мұсылмандармен келісімі бар кәпір жайында сөз қозғалған» (Фатхул-бәри 12/259).  Алла елшісі (с.ғ.с.) бұған қоса: «Ақиқатында, адамға қауіпсіздік кепілдігін беріп, кейін оны өлтірген адамға менің еш қатысым болмайды, тіпті, өлтірілген адам кәпір болса да» – дейді. (Ахмад:5/223. Ибн Мәжә:2/896. Хадистің сахихтігін хафиз әл-Бусайри мен шейх әл-Албани мақұлдаған).

Ибн Тәймийя: «Қауіпсіздік кепілдігін кез келген дінсізге беруге болады және мұны кез келген мұсылман істей алады»  Сонымен қатар, қауіпсіздік кепілін әйел адам да бере алады. Меккені алғаннан кейін Алланың елшісі (с.ғ.с.) асқан қатыгездік пен жауыздығымен ерекшеленген бес адамнан басқа Мекке тұрғындарын өлтіруге, олардан кек алуға тыйым салды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ол бесеуін Қағбаның көлеңкесінде кездестірсе де өлтірсін деп бұйырады. Ибн Хубайр сол бес адамның біреуі еді. Умму Һәнидің бауыры болған Әли оны көріп Пайғамбарымыздың әмірін орындағысы келіп, артынан қуа жөнелгенде Ибн Хубайр Умму Һәнидің үйіне кіріп, одан пана сұрайды. Пайғамбардың бұйрығы жайлы ештеңе білмеген Умму Һәни оған қауіпсіздік кепілін береді. Сөйтіп, ол Алланың елшісімен (с.ғ.с.) өзі сөйлеспейінше оған тиісуге тыйым салады. Әл-Бухари келтірген хадисте Умму Һәни Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп, «Иә, Алланың елшісі! Менің бауырым Әли өз қамқорлығыма алған Хубайрдің ұлын өлтіргісі келеді» – деді. Пайғамбарымыз с.ғ.с. оған: «Иә, Умму Һәни! Сен өзіңнің қамқорлығыңа алғанды біз де қамқорлығымызға аламыз» – деп тіл қатты. (әл-Бухари:357)

Әйел адамның кепілдігі есепке алынса, бір мемлекеттің елге келгендерге берген кепілдігі жайында не айтуға болады?! Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Барлық мұсылмандардың жаны бірдей қасиетті, ал олардың ең әлсізінің берген кепілдігі барлықтарының тарапынан сақталу керек» – дейді. (Әбу Дәуд 2751, Ибн Мәжә 2685, Ибн әл-Мунзир 11/151. Шейх әл-Албани хадисті сахих деген.)

Имам Ахмад пен Ибн Тәймийя: «Суннет бойынша дінсіз адам қауіпсіздік кепілі деп түсінген әр нәрсе оған қауіпсіздік кепілдігін береді деп келгендігін» – айтқан. («әл-Инсаф» 10/348, «Бәяну-дәлил» 64.)

Имам Ибн Мунасыф: «Жау қауіпсіздік кепілі деп түсінген кез келген тілдегі ауызша болсын, жазбаша болсын кез келген нәрсені, ишаратты, мұсылман басқа нәрсені мақсат еткен болса да, оған сол қауіпсіздік кепілдігін береді» – деген. («әл-Инжәд» 2/45.) Жоғарыда айтылғанды негізге ала отырып, мұсылмандар еліне кіргелі тұрған дінсіз адамның төлқұжатына қойылған виза оған қауіпсіздік кепілдігін береді. Мұнда еш күмән жоқ.

Бұл дінсіздердің жерінде тұратын  немесе сол жерге виза немесе рұқсат алып келгендерге де қатысты. Оларды өлтіруге, сол дінсіздердің мүлкін ұрлауға тыйым салынады, себебі, бұл қатыгездік және қауіпсіздік кепілдігін бұзғандық болып есептеледі. Егер дінсіздер мұсылманды өз елдеріне кіруге рұқсат берген болса немесе ол сол жердің тұрғыны болса, мұның өзі алдын-ала келісілмеген болса да, ол олармен келісімге отырғандығын көрсетеді

Кейбіреулер «Соғыс – алдау (айла)» деген хадисті алға тартып, жауларды  алдап  соғуға, тіпті өлтіруге болатындығын айтады. Имам Ибн Жузий «Қауанинул-фиқһия» кітабында былай деген: «Қауіпсіздік кепілдігін бұзу мен соғыстағы айла екеуінің айырмашылығы қауіпсіздік кепілдігі – жауларға қауіпсіздік сенімділігін қамтамасыз етеді. Ал соғыс айлакерлігі болса, әскери құпияны жасыру шараларын білдіреді. Бұл шаралар жау әскерін шатастырып, қарсы әскер шегінді немесе соғыстан бас тартты  деген қате түсінік қалыптастырады. Сөйтіп, жау үстіне аяқ астынан келу үшін жасалады. Соғыс айлакерліктеріне жауды негізгі мақсаттан ауытқыту үшін бір әрекеттерді симуляциялау, жау әскерлері арасында алауыздықты тудыру, кенеттен шабуыл жасау, шайқас кезінде тактикалық шегіну сияқты әрекеттер жатады.  Ал енді, өзін солардікі деп көрсету, өтірік жаудың дінін ұстану, сенімдерімен пайдаланып, қатыгездікпен оларды тас-талқан ету үшін қарсыластар алдында өзін жанашыр етіп көрсету сияқты әрекеттер оған жатпайды.  Бұл тәсілдерге тыйым салынады және сатқындық болып есептеледі» – дейді. Имам әл-Марғинани «әл-Һидәя» кітабында: «Егер мұсылман жау еліне саудагер ретінде кіретін болса, ол қауіпсіздік кепілдігін алған мұсылман тәрізді. Оған олардың мүлкіне, өміріне қол сұғуына тыйым салынады, себебі ол қауіпсіздік кепілдігі берілгендігі үшін оларға қарсы еш нәрсе жасамауға кепілдігін берді. Бұдан кейін олардың мүлкі мен өміріне қол сұғу – қатыгездік, ал қатыгездік тыйым салынған» – деп айтқан. Имам әш-Шәфиғи «әл-Умм» кітабында: «Егер жау бір мұсылманды тұтқынға алып, кейін босатып, қауіпсіздік кепілдігін берген болса, сол қауіпсіздік кепілі өздері үшін қауіпсіздік кепілдігін білдіреді. Сондықтан оған оларды қатыгездікпен өлтіруіне және сатқындық жасауына тыйым салынады. Имам Ибн Қудәма: «Қауіпсіздік кепілдігін алып, жау жеріне кірген адам қатыгездікпен олардың мүлкіне шабуыл жасауына, олармен бірге өсімқорлықпен айналысуына тыйым салынады. Оларға жасалған қатыгездік тыйым салынған, себебі, олардың берген қауіпсіздік кепілдігі өздеріне қатысты сатқындық жасалмайды дегені. Бұл шарттар сөзбен келісілмеген болса да, әрекеттен белгілі болып тұр»  («әл-Мұғни» 13/152)

Бір қатар ғалымдардан мемлекеттен электр жарығын, суды ұрлап пайдалануға, электр жарығын, су, газ, телефон сияқты нәрселерді пайдаланғаны үшін төлемақысын төлемесе бола ма? – деген сұраққа: «Бұған тыйым салынады, себебі бұл адамдардың мүлкіне қол сұғу және сенімділікті бұзу» – деп жауап берген. Екі дүние сардары (с.ғ.с.): «Кім де кім муахадқа  қысым көрсететін болса, ақысын жесе, шамасынан тыс жүк жүктесе, оның қалауынсыз оның бір затын алатын болса, Қиямет күні мен оған қарсы күәлік етемін» – деген. (Әбу Дәуд 3/437, әл-Бәйһақи 9/205. әл-Албани хадистің сахихтігін мақұлдаған)

Бұл мәселеде имамдар бір пікірде болып, келісімде болған мұсылман емес адамдардың қанын, мүлкін харижиттерден басқа ешкім адал деп санамаған.

Ондай адамдарға қатысты шариғаттың ұстанымы осындай болса, қаны төгіліп, мүлкі адал етілген мұсылман жайында не айтуға болады?! Хафиз Ибн Абдул-Барр былай деп айтқан: «Егер қауіпсіздік кепілдігі берілген жауласқан кәпірдің қаны харам болатын болса, таңы мен кешін Алланың  қамқорлығында  қарсы  алатын мұсылман жайында не ойлайсың?! Оған қастандық жасалуына немесе өлтірілуіне қалай қарайсың?!» (әл-Истизкәр 14/84))

Ибн Аббас оларға: «Маған сендер Алла елшісінің (с.ғ.с.) немере інісін, сонымен қатар қызының күйеуі (Әлиді) бір нәрседе кінәлап отырғандарың жайында хабар жетті. Ол Пайғамбарға (с.ғ.с.) иман келтіргендердің әуелгісі болды, ал сендер одан наразысыңдар?! Бұл расында да солай ма?» деді. Олар: «Біз үш нәрсеге наразымыз» деді. Ибн Аббас: «Не нәрсе екен?» деп сұрады. Олар: «Алла тағала: «Билік (үкім) Аллаға ғана тән» (әл-Әнғам:57) десе де ол Алланың дінінде адамдарды үкім шығарушы етіп қойды.

Екіншіден, Муауия және Айшамен соғысқанда олжа әрі тұтқын алмады. Егер олар кәпір болса,  онда  адал,  мұсылман  болса, оларды тұтқынға алуға, олармен шайқасуға да болмайды.

Үшіншіден, Мұсылмандар оған ант беріп, оны өздеріне патша етіп сайласа да, ол өзінен мұсылмандар әміршісі (әмирул-мүминин) шенін алып тастады. Егер ол мұсылмандардың әміршісі болмаса, онда ол кәпірлердің әміршісі болғаны» деді.

Абдулла: «Тағы қандай сұрақтарың бар?» деп сұрады. Олар: «Жоқ, осы жеткілікті» деді.

Ибн Аббас: «Егер мен сендердің көзқарастарыңды Алланың кітабы мен Пайғамбардың сүннетімен қайтаратын болсам, өз пікірлеріңнен бас тартасыңдар ма?» деді.  Олар: «Иә» десті.

Абдулла: «Алланың дінінде үкім шығарушы етіп адамдарды қойды дегенге келсек, Алла тағала былай дейді: «Әй мүминдер! Сендер ихрамда аң өлтірмеңдер. Сендерден біреу оны әдейі өлтірсе, оның жазасы өлтіргеніндей бір мал, оны сендерден екі әділ кісі Қағбаға баратын бір құрбанды үкім етеді…» (әл-Мәидә:95) және күйеу мен әйел арасындағы жанжал жайында былай деген: «Егерде екеуінің арасының ашылуынан қауіптенсеңдер, еркектің ағайынынан бір төреші, әйелдің ағайынынан бір төреші жіберіңдер. Егер ол екеуі жарастыруды қаласа, Алла да екеуінің арасын үйлестіреді» (ән-Нисә:35). Маған мұны айтыңдаршы, адамдардың өліміне,  өміріне араларын татуластыруға қатысты үкімдер одан да маңыздырақ емес пе» – деді. Олар: «Әрине, маңызды»  – деді.

Ибн Аббас: «Бірінші мәселеге жауап алдыңдар ма?» – деді, олар: «Иә, Алламен ант етеміз» – десті.

Абдулла жалғастырып: «Сендер Әли шайқасып, Алланың елшісі сияқты жасамай, ешкімді тұтқынға алмады, олжа алмады дейсіңдер. Сонда сендер өздеріңе күң ретінде аналарың Айшаны алып, оны құл ретінде пайдаланғыларың келе ме?! Егер, «Иә» десеңдер кәпір боласыңдар. Егер Айша біздің анамыз емес десеңдер, онда да күпірлік қылған боласыңдар. Себебі, Алла тағала: «Пайғамбар мүминдерге өздерінен де артық. Оның жұбайлары  – олардың аналары» (әл-Әхзәб:6) деген».

Кейін Абдулла: «Бұған да қанағаттанасыңдар ма?» – деп сұрады. Олар: «Алламен ант етеміз, иә» деп жауап қатты.

Абдулла сөзін жалғастырып: «Бұған қоса, сендер Әли мүминдердің әміршісі деген лауазымынан бас тартты дедіңдер. Худәйбийя келісімі кезінде Алланың елшісі (с.ғ.с.) бейбітшілік келісімінде  «Мұхаммед – Алланың елшісі» деп жазғысы келгентін, мүшриктер қарсылық білдіріп: «Егер де біз сенің Алла елшісі екеніңе сенген болсақ, сені жеріңнен қумай, сенімен соғыспас едік. «Мұхаммед ибн Абдулла деп жаз» деп талап етеді. Алланың елшісі (с.ғ.с.) дегендеріне көніп, Әлиге: «Мұны өшір де, «Мұхаммед ибн Абдулла» деп жаз», Алла мені Оның елшісі екенімді біледі»  – деді.

Ибн Аббас: «Бұған да қанағаттанарлық жауап алдыңдар ма?»  – деп сұрады. Олар: «Иә, Алламен ант етеміз» десті.

Ибн Аббас: «Олардың (харижиттердің) екі мыңы райларынан қайтып, қалғандары адасқан бойларында өлтірілді. Оларды муһажирлер мен ансарлар өлтірді» – деп сөзін аяқтады.

Бұл оқиғада ғалымдарға жүгіну пәледен, фитнадан құтылу жолы екені көрсетілген. Алла тағала: «Егер білмесеңдер білім иелерінен сұраңдар» – дейді. (ән-Нахл:43)

Дінде  астамшылық  жасаудың,  ақиқаттан және Әһлу-ссунна уәл-жамаға жолынан адасу қатерінің тағы бір түрі Хузәйфа жеткізген хадисте баяндалған. Ол хадисте Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Ақиқатында менің қорқатыным Құран оқитын адам болады, оның әсемдігі тіпті жарқырап тұрады. Ислам қорғаушысы болады. Кейін ол Құранды тастап, оны артқа лақтырады. Көршісін серік қосушы деп айыптап, қылышымен көршісіне шабады» – деп айтқан. Хузайфа: «Иә, Алланың елшісі! Олардың қайсысы көпқұдайшылдыққа жақын, айыптаушы ма, әлде айыпталушы ма?»  – деп сұрады. Ол: «Жоқ, айыптаушы»  – деп жауап береді. (әл-Бухари «әт-Тәрих» 297, Ибн Хиббән 81. Хадистің сахихтігін имам әл-Хәйсәми, Ибн Кәсир және әл-Албани мақұлдаған)

Дінді қате түсінудің тағы бір жолы  – жастық шақ.

Бұған имам әл-Бухариде Уруә ибн әз-Зубәйрден келтірілген хадис дәлел болады. Ол (Уруә) былай дейді: «Бірде, мен жас болған шағымда, Айшадан келесі аят жайында сұрадым: «Ақиқатында, Сафа мен Маруа – Алланың белгілерінен. Кім Кағбаны хаж ететін  немесе умра жасайтын болса, екеуінің арасында жүгіру еш күнә болмайды» (әл-Бақара:158). Бұл жайында не айтасыз? Ол екеуінің арасында жүгірмесем ештеңе етпейтін сияқты – дедім. Ол: «Жоқ,  дәл солай болса,  былай айтылар еді: «Ол екеуінің арасынан жүгірмегенге еш күнә жоқ» – деп айтылар еді. Бұл аят ансарларға байланысты түскен. Олар Исламға дейінгі кезеңде қажылықтарын Манат мүсінінен бастайтын, Ислам келгеннен кейін олар Сафа мен Маруа арасына жүгіруге сақсынатын. Олар не істейтіндерін білмегендіктен Пайғамбардан (с.ғ.с.) сұрағандықтан Алла тағала осы аятты нәзіл қылды»  – деп жауап берді».

Уруә ибн әз-Зубәйр даңқты тәбиғин, жеті ең атақты Мәдина фақиһ ғалымдарының бірі.  Алайда,  Айша  анамызға  сұрақ  қойған кезінде жас еді. Бұл жағдай, жастық шақ дінді қате түсінудің бір себебі болуы мүмкін екеніне, ғалымдарға сүйену жақсылық, құтылу жолы екеніне анық айғақ болып отыр. (Жастық шақ – харижиттердің бір сипаты. Әли ибн Әбу Толиб: «Мен Алланың елшісінің (с.ғ.с.): «Соңғы уақыттарда жас және ақылсыз адамдар пайда болады»  – деп айтқанын естідім» (әл-Бухари 3611, Мүслим 1066) деп айтқан. Имам ән-Нәуәуи: «Бұл хадистен тұрақтылық, білімнің күші жастың өсуімен келеді  дегенді түсінеміз»  – деген. «Фатхул-бәри 12/300»)

 Алшынбаев Қанат Мұқанғалиұлы

“С.Ғылмани” мешітінің наиб имамы, теолог-исламтанушы

Материал “ЖИҺАД ЕМЕС, ТЕРАКТ” 2013 еңбегінен алынды.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.