Take a fresh look at your lifestyle.

ЗАЙЫРЛЫ ҚОҒАМ ДІНДІ МАНСҰҚТАМАЙДЫ

0 190

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ел экономикасын өркендетуге маңыз берілді. Соңғы жылдары елдің руханияты мен мәдени өміріне анағұрлым көбірек көңіл бөлінуде. Бұл құптарлық үрдіс. Адам баласы жан мен тән секілді екі нәрседен тұратындықтан оның қажеттілігі де осы екі бағытта болатыны белгілі. Адамзат тарихынан білетініміз, қай кезде де дінсіз қоғам болмаған. Себебі, сенім адам баласының негізгі қажеттіліктерінің бірі. Адам қандайда бір нәрсеге арқа сүйеп, сенім артпай өмір сүре алмайды. Сондықтан біздің мемлекетіміз де өз азаматтарының наным-сенім бостандығына еркіндік беріп отыр. Мұны біз тарихтан алған сабақ деп бағалаймыз. Иә, қазақ халқының ата діні – Ислам. Біз Ислам дінін ұстанып қана қоймадық, Ислам өркениетіне белгілі бір дәрежеде үлес қостық. Бұған Орта Азия, бұрынғы Мауаранаһр аймағынан шыққан көптеген ғалымдарды дәлел етуге болады.

Жалпы біз дінді басты бағдар етіп ұстанатын теократиялық мемлекет емеспіз. Біз зайырлы мемлекетпіз. Бұл бағытты таңдаудағы негізгі себептердің бірі – біз көп ұлтты, көп конфессиялы елміз. Көп конфессиялы елде ел бірлігін, халықтың тұтастығын сақтау үшін зайырлылықтың қағидаттарына зәруміз. Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабы, 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады» делінген. Осы тармақтағы «зайырлы» ұғымына кеңінен тоқталып өтсек. Зайырлылық ұғымы мемлекеттің барлық салада, соның ішінде дін саласында ашық, айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, дін мен мемлекеттік саясатты араластырмайтынын білдіреді.

Зайырлылық – әр елдің саяси бағытына, қоғамының сұранысына қарай құбылып отыратын ұғым секілді. Кейбіреулер мұны дінсіздікпен немесе атеизммен шатастырады. Негізінде зайырлылық бұл атеизм де дінсіздік те емес.

Зайырлылық бұл дүниеге көзқарастың түрі емес, бар болғаны азаматтық ұстаным. Жалпы айтқанда зайырлылық дегеніміз мемлекеттің және мемлекеттік институттардың қандайда бір дінге не діни конфессияға басымдық берместен бейтарап позицияда тұруы. Сонымен қатар діни сенім бостандығының болуы мен мемлекеттің ресми ұстанатын дінінің болмауы, нәтижеде елдің әрбір азаматы қалаған діни бағытты таңдауына және ұстануына еркі болады. Қысқаша зайырлылықты үш сөзбен түйіп айтуға болады: 1) мемлекеттің бейтараптығы, 2) дін мен мемлекеттің бөлінуі, 3) діни сенім бостандығының болуы.

Жалпы әлемдік тәжірибеден біз зайырлылықтың үш түрлі үлгісін білеміз:

  1. Зайырлылықтың атеистік сипаттағы түрі. Бұған кешегі Кеңес кезеңін мысал етуге болады.
  2. Зайырлылықтың дінге еркіндік бере отырып, құқықтық қоғам қалыптастыруды көздейтін түрі. Бұл діни конфессиялардың мемлекеттен бөлінгендігін және заңнамада қандайда бір дінге немесе конфессияға ерекше құқық берілмейтінін білдіреді.
  3. Зайырлылықтың таңдамалы негіздегі үлгісі. Мұнда қоғам үшін ерекше құнды болып есептелетін, конституциялық деңгейде анықталатын діни басымдықтарды басты тірек етеді.

Қазақстан қазіргі таңда зайырлылықтың екінші түрін ұстанып келеді. Бұл діни конфессиялардың мемлекеттен бөлінгенін және заңнамада қандайда бір діннің немесе конфессияның ерекше құқыққа ие болмайтынын негізге алады.

Иә, дін мемлекеттен бөлінген. Алайда мемлекет діни мәселелерді бақылап, оның ішінде миссионерлік қызмет пен діни бірлестіктердің заң аясында жұмыс жасауын қадағалауы қажет. Себебі, діни бірлестіктердің негізгі объектісі – халық. Ал халыққа мемлекет жауапты. Сондықтан мемлекет пен дін абсолютті түрде бөлінген деуге болмайды. Бар болғаны дін мемлекет саясатына араласпайды, мемлекет те өз кезегінде діни конфессиялардың ішкі мәселесіне араласпайды, тек заңдық тұрғыдан бақылау жүргізеді. Қазіргі таңда діни мәселелерге қатысты мемлекет тарапынан жасалып жатқан іс-шаралардан, мемлекеттің ел руханиятына немқұрайлы қарамайтындығын аңғарамыз. Бұл өте құптарлық іс. Елбасы Н.Назарбаевтың 2017 жылы  жарияланған стратегиялық маңызы бар «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы да мемлекеттің ел руханиятына назар аудара бастағанын білдіреді әрі соған өзіндік бағыт-бағдар береді.

Зайырлы сипаттағы қоғам бізге ешкімнің діни көзқарасына, дүниетанымына қарамастан бірге өмір сүруге мүмкіндік береді. Бұл зайырлылықтың ең үлкен артықшылығы. Сондықтан да зайырлылықты дінсіздік деп түсінуге болмайды.

Зайырлылықтың тағы бір негізгі принципі – діни төзімділік. Жалпы діни төзімділік ата дініміз Исламның рухында бар дүние. Себебі, «Дінде зорлық жоқ»[ «Бақара» сүресі, 256-аят] деген қағидаға айналып кеткен Құран аяты бар. Яғни, ешкімді қандайда бір дінді ұстануға мәжбүрлей алмаймыз. Ислам тарихынан да мұндай фактіні кездестіре алмаймыз. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ғибратқа толы өмірінен де біз осыны көреміз. Алла елшісі (с.ғ.с) өзге дін өкілдеріне олардың діни көзқарасы үшін ешқашан қысым көрсетпеген. Керісінше өте жақсы мәміледе болғанын көреміз. Бірде Алла Расулы сахабаларымен салиқалы сұхбат құрып отырғанда олардың жанынан бір топ яһуди мәйіт көтеріп бара жатады. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әлгі кісілер өтіп кеткенше орнынан тұрып, құрмет көрсетеді. Мұны көрген сахабалар таңданып «Уа, Расулалла! Бұл әрекетіңіздің хикметі не? Әлгі мәйіт яһудидің мәйіті ғой. Оған неге құрмет көрсеттіңіз?» деп сұрағанда Алла елшісі «Ол адам ғой» деп жауап береді. Міне, толеранттылық деген осы. Ешкімді діни көзқарасына байланысты кемсітуге, мұқатуға, алалауға құқымыз жоқ. Адамға ең бірінші кезекте адам деп қарай білуді үйренуіміз керек. Адам деген статустың өзі үлкен құрметке лайық. Хакім Абайдың да «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» айтуы да содан болса керек. Сондықтан да біз адамдарды адам болғаны үшін құрметтей білуіміз маңызды.

Енді, зайырлылық пен діндарлықтың арақатынасына келейік. Көп жағдайда бұл екі ұғым біріне-бірі қарама-қайшы деп бағаланып жатады. Алайда олардың түйісетін ортақ нүктесі бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Мұны айтпас бұрын алдымен діндарлық деген ұғымға тоқталып өтейік. Жалпы діндарлық дегеніміз белгілі бір дін талаптарынының белгілі бір уақыт пен шарттарда белгілі бір адам, топ немесе қоғам тарапынан орындалуы. Діндарлық – адамдардың не белгілі бір қауымның күнделікті өмірінде діннің маңызын паш ететін ұғым. Қазіргі таңда бұл ұғымның мынадай нұсқасы да пайда болды. Ол – діншілдік. Діндарлық анағұрлым парасатты адамның әрекетін білдірсе, діншілдік діннің сыртқы формасын, не кейбір діни шаблондарды ұран етіп, өзі өмір сүріп отырған орта мен жағдай-шарттарды ескермей біртоға  өмір сүретін адамның әрекетін білдіреді. Басқаша айтқанда, догматик. Негізінде шынайы діндарлық зайырлылық принциптерімен әдемі үйлесім табады. Ал қашан адам діндарлыққа емес, діншілдікке ойыса бастаса, зайырлы қоғамға сыйыспай, қоғамнан оқшаулана береді. Себебі, дінді шала түсінген адам оны өмір салтына үйлестіре алмай қиналады. Өзі өмір сүріп отырған қоғам шарттарын қаперінде ұстап, діннің түпкі мәнін түсінуге тырыспаған адамның дін ұстануы қоғам тарапынан қарсылық туғызып жатады. Мұны біз күнделікті өмірде  көріп жүрміз. Исламды тар шеңберде түсініп, айналасындағыларды да солай түсінуге мәжбүрлейтін, сөйтіп елдің бәрін дінсіз санап, кәпірге балап, ел ішін ала тайдай бүлдіріп жүрген жастар, өкінішке орай баршылық. Міне, мұны шынайы діндарлық деп айтуға ауыз бармайды. Шынайы діндар тепе-теңдікті ұстана отырып, көркем түрде діннің талаптарын да орындайды әрі зайырлылық принципіне де қайшы әрекет етпейді. Айтпағымыз, зайырлы қоғам дінді мансұқтамайды, ал шынайы діндарлық зайырлылық ұстанымына қайшы келмейді.

Елдің бірлігін сақтау, ынтымағына сызат түсірмеу ел болудың, алға жылжып дамудың басты шарты деуге болады. Ол үшін діни төзімділік, зайырлылық принциптеріне мейлінше басымдық беріп, діншілдіктен жиреніп, діндарлыққа бет алуымыз қажет. Еліміздің іргесі берік болып, руханияты тереңдей берсін.

Бауыржан ЕСМАХАН,
«С.Ғылмани» мешітінің Бас имамы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.