Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

ЛОНДОННЫҢ ОРТАСЫНДА ТҮЛКІЛЕР ЖҮРЕДІ…

0 1  725
Фотография - Лондонның ортасында түлкілер жүреді...

 

Біз Еуропа деген мегаполистер, быжынаған қала, бипылдаған машина, қысқасы мазасыз өмір деп ойлаймыз ғой. Сондай “стресстен” келген Еуропалықтарды табиғатымызбен таңқалдырмақ боламыз. Ал Еуропаға келгенде, тып-тыныш жайлы өмірді, екі-үш қабаттан аспайтын ескі үйлерді, электромобиль мен велосипедті және нағыз тамылжып тұрған табиғатты көресің.

Бірде Calstock деген жердегі Ян мен Ребеканың үйіне қонаққа бардым. Ян айтады, “үйді әдейі темір жолдың қасынан алдық, әйтпесе еліктер бақшаға тыным бермейді” дейді. Менде кәдімгі қазақ ретінде “Ол не деген қаптаған елік, оны неге ешкім атпайды?” деген сұрақ туады. “Жоқ, оларды халық жақсы көреді. Әрине, бақшасын жайпап кетсе сәл қынжылуы мүмкін, бірақ атпайды” дейді.

Автобустың екінші қабатында отырып, қала орталығындағы зираттың маңынан өтіп бара жатқанда, оның ішінде де жайылып жүрген еліктерді көресің. Ноттингемдегі Уолтон Паркте тіпті, еліктер жаныңда жүре береді. Біз елікті хайуанаттар бағынан ғана көріп, екі жүз теңгеге сәбіз сатып алып береміз. Көшпендінің ұрпағымыз дейміз. Бірақ аң-құс көрсек таңқаламыз. Жеріміз сондай үлкен, халқымыз сондай аз, бірақ аң-құстың бәрін атып бітіргенбіз. Тірі қалғандары бізден қашып, көзге көрінбейтін алыстарға, аулаққа кетіп қалған. Ал мұндағы құстарға да таңқаласың. Аққу, қаз, үйрек, қырғауыл, шағала, біз атын білмейтін небір түрлі-түсті құстар… Қала ортасындағы саябақтарда пыр-пырлап жүреді. Арнайы жемдегендей, жарылғалы тұрады. Және адамнан қорықпайды. Маңдайыңды қанатымен сипап ұшады. Лондонның ортасында түлкілер жүреді, сұр тиіндер сенің жаныңа кеп тамақ сұрап тұрады.

Бізге British Council-да сабақ берген ағылшын тілі мұғалімі Кристина, Қазақстанда болғанда Көлсай мен Қайыңдыға барған ғой. Қайыңдыға дейін жаяу шығарын шығып, түсерде бір дорба қоқыс көтере келіпті. “Неге сондай сұлу жерге қоқыс тастайсыздар?” деп таңқалады. “Неге құрығанда әр саналы адам әр санасыз адамның артынан жинап жүрмейді?” деп те ойлаған секілді. Целлофан дорба мен пластик бөтелке деген бөлек әңгіме.

Туризмді дамытамыз, Бурабай бар, Баянауыл бар, Көлсай бар, табиғатымызбен таңқалдырамыз деп көпіреміз. Қазіргі жағдайда біз біз табиғатымызбен емес, табиғатқа деген салақтығымызбен ғана “таңқалдыра” аламыз.


Жазба авторы:

Әсия Бағдәулетқызы

 

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.