Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

«АНАЛАР МЕКТЕБІ» АТТЫ МӘДЕНИ-РУХАНИ ЖИЫН ӨТТІ (ФОТО)

0 3  626

14-сәуір. Астана. /SUNNA.KZ/ – «С.Ғылмани» мешітінде әйелдерге арналған алқалы жиын өтті.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы биылғы жылды Мүфтият аясында «Ислам және отбасы» жылы деп жариялаған болатын. Осындай игі бастаманың негізінде және Исламдағы қасиетті түндердің бірі Миғраж түнінің құрметіне орай, ҚМДБ «Әйелдер-қыздар» секторымен бірге Астана қаласы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы Жұманазар Садырхановтың және әйелдер жамағатының ұстазы Әлия Аусағатованың ұйымдастыруымен «Аналар мектебі» атты рухани-мәдени шара өткізілді. Аталмыш шараға халық қалаулысы, Оразгүл Асанғазы бастаған қоғам белсенділері арнайы келіп, салиқалы ойларымен бөлісті. Бұл шараның еліміздегі әрбір отбасына, әсіресе, бүгінгі отбасылық мәселелердің алдын алуға септігін тигізетін өте пайдалы бастама екенін жеткізді.

Сонымен қатар, «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы Бағзат Расулұлы ата дініміз Исламдағы отбасы құндылығы және әйел міндеттері жөнінде сөз қозғады. Және «Нұр Астана» орталық мешітінің ұстазы Динара Нұрғалиева қатысып, өз кезегінде келелі ой-пікірін ортаға салды.

Сондай-ақ, наиб имам Нұрсұлтан Шәмшидин құран оқып, Пайғамбарымызға салауат айтты. Шара соңында Елордалық ақ жаулықты қажы апалар ақжолтай тұсау кесер ұлттық рәсімін жасап, шашу шашып мәре-сәре болды. Мешітімізге арнайы атбасын бұрған қадірлі меймандар мен жамағатқа мешіт атынан аздаған сый-сияпат тәбәрік таратылды.

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің баспасөз қызметі

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.