Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

БАС МҮФТИ: ТҮРКІ ӘЛЕМІН РУХАНИ БІРІКТІРЕТІН ТАРИХИ ШЕШІМ

0 579

Get real time updates directly on you device, subscribe now.

Серікбай қажы ОРАЗ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Шымкент шаһарын республикалық маңызы бар қалалардың санатына жатқызып, Оңтүстік Қазақстанды Түркістан облысы деп қайта бекітуі – тарихымыздың талай сындарлы сәттерінде қазақ дейтін халықты бірлік пен берекеге ұйыстырып, елдікке бастаған хандар мен сұлтандарға, билер мен Алаш арыстарына жасалған зор құрмет, данагөй шешім!  

Біз бұл қадамды қазақ руханияты мен мәдениетіне, тарихы мен әдебиетіне жасалған үлкен қамқорлық деп есептейміз. Осынау тағдырлы һәм тағылымды бастама асыл дініміз бен салт-дәстүріміздің өз дәрежесінде өсіп-өркендеуіне оң ықпал ететіні хақ. Сонымен қатар түркі мұсылман-халықтарын ортақ мақсатқа үндеп, ізгілік пен игілікке ұйытады. Айшықтап айтқанда, бұл – түркі әлемінің рухани бірлігі жолындағы тарихи шешім!        

Өйткені, Түркістан – жоралы жұртымыздың рухани темірқазығы іспетті тарих пен тағылымға толы күллі түркі-мұсылман халықтарының киелі мекені, қазақ хандығының астанасы!

Ежелгі Мауреннахр мен Түркістанда түркілік мәдениет жаңғырып, байырғы бабаларымыз рухани ренессанс дәуірін басынан өткерді. Бұл үдерістің негізінде түрік мемлекеттерінің рухани-мәдени дүниетанымы мен дәстүрі қалыптасты.

Адам санасының құндылық-құбылыстық рухани жаңғыруының көш басында алғашқы түркілік руханият мектебінің іргетасын қалаған ұстаз Қожа Ахмет Яссауи тұрды. Оның ілімі парасаттылық пен адамгершілік ұстанымдарын қалыптастырды.

Көне Түркістан шаһарының маңайында менмұндалаған әсем мешіттер мен кесенелер, тарихи жәдігерлер мен мұражайлар – халқымыздың рухани мұрасының сарқылмас қазынасы.

Осынау рухани қазынамызды сақтап, ұрпаққа жеткізуді көздейтін мемлекеттік деңгейдегі бұл бастаманы Жаратқан Иеміз берекелі, нәтижелі еткей! Алла Тағала жаңа Түркістан облысының төрінен басталатын игі істерімізге, ізгі ниеттерімізге жар болғай! Әумин!      

Get real time updates directly on you device, subscribe now.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.