Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Құнанбай мұражайының құрылысы басталады

0 178

Get real time updates directly on you device, subscribe now.

24 наурыз. Нұр-Сұлтан. Sunna.kz – Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында Ақшоқыда Құнанбай мұражайы салынатын болды, деп хабарлайды qarmaqshy-tany.kz сайтына сілтеме жасаған sunna.kz тілшісі.

Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына ақынның туған топырағы – Шығыс Қазақстанда дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде. Мерейтой аясында іске аспақ игі шаруаның бірі – Абай ауданы аумағындағы Құнанбай қорымының мемлекет қамқорлығына алынып, Ақшоқыда музейдің салынбағы.

Орайы келгенде айта кетейік, Құнан­бай қорымының сан жыл қа­раусыз тұрғандығын, қастерлі мекен­ді мемлекет қамқорлығына алу қажеттігі мә­селесін газетіміз бұған дейін бірнеше мәр­­те көтерген болатын. Алайда сең қоз­ғалмаған еді. Тек 2019 жылғы сәуір айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шығыс Қазақстанға жасаған сапарынан соң бұл мәселеге көзқарас өзгерді. Президент сол сапарында: «Біз ұлы Абай туралы айтқанда, оның әкесі – Құ­нанбайдың ел тарихындағы еңбегін ұмыт­пауымыз қажет. Сондықтан алдағы уақытта облыс әкімдігі Құнанбайдың есімін ұлықтауға байланысты тиісті шаралар қабылдау мүмкіндігін қарастыруы керек» деген болатын.

Жақында Өскеменде өткен облыс­тық мәслихаттың кезектен тыс сессия­сында Ақшоқыда Құнанбай Өскен­байұлына арналып салынатын музей құ­рылысы жуық арада басталатыны, бұған облыстық бюджеттен 276 миллион теңге қаржы бөлінгені жайында айтылды. Осы жиында ұлы жазушы Мұхтар Әуезов дүниеге келген Бөрілі ауылының жолын жөндеуге 48 миллион теңге және Семейдегі Абай атындағы теат­р ғимаратына ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізу үшін 198 миллион теңге қаражат бөлінетіні де хабарланды.

Айтпақшы, өңіріміздегі ең ірі екі қала Өскемен мен Семейде ақынның әкесі Құнанбай атындағы көше жоқ. Үл­кен мерейтой аясында бұл мәселе ше­шімін табады деп сенеміз.

(Түпнұсқа авторы: Азамат ҚАСЫМ)

Get real time updates directly on you device, subscribe now.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.