Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Мухкәм және мутәшәбиһ аяттар

0 258

Get real time updates directly on you device, subscribe now.

Алланың сөзі – Құран Кәрімдегі аяттар екі түрлі. Бірі – мухкәм, екіншісі – мутәшәбиһ. Мұны Құранның өзі осылай баяндайды. «Әли Имран» сүресінің 7-аятында Алла Тағала «Ол саған Құранды түсірді. Ондағы аяттардың бір бөлігі мухкәм аяттар, міне, солар Кітаптың анасы (негізі). Ал енді, бір бөлігі – мутәшәбиһ аяттар», – деген. Ендеше, бұл сөздердің мағынасына тоқталайық. Қысқаша айтсақ, ғалымдарымыз бұл аяттарға мынадай мағына берген:

Мухкәм дегеніміз – мағынасы анық, ашық, ешқандай астарлы мағынаны білдірмейтін, түсінілуі үшін сырттан келетін бір дәлелге мұқтаждығы жоқ аяттар.

Ал, мутәшәбиһ дегеніміз – бірнеше мағынаға ықтималы болғандықтан, нақты мағынасын білу қиынға соғатын, ғұрыптық немесе тілдік ерекшеліктерге байланысты негізгі мағынасына емес, басқа астарлы  мағынасына жорамалдауды қажет ететін аяттар.

Мухкәм аяттар негізінен уақыт пен мекенге тәуелсіз, жалпыға ортақ қағидаларды баяндайтын, діннің негіздерін құрайтын аяттар. Мысалы, Алланың бар, бір екендігіне, пайғамбарлар, қасиетті кітаптар, періштелер, өлгеннен соң тірілу секілді иман негіздеріне сену, сондай-ақ, ешқашан өз құндылығын әділдік, ата-анаға құрмет, уәдеге беріктік секілді негізгі әдептер, сондай-ақ, міндетті болған құлшылық-ғибадаттар және т.б. діннің негізгі принциптері осындай мухкәм аяттарда баяндалған. Мұндай аяттармен бекітілген үкімдер ешқашан күшін жоймайды.

Ал, муәшәбиһ аяттарда Алланың сипаттары, ақыреттегі өмір, жұмақ-тозақтың сипаттары, әлемнің жаратылысы, рух мәселесі, хуруф муқаттаға секілді нәрселер қамтылған.

Мутәшәбиһ аяттардың шын ақиқатын білу мүмкін болмағанымен, мухкәм аяттарға сүйене отырып кейбір ықтимал мағынасын айтуға болады. Себебі, Алла Тағала аяттың жалғасында «Шынтуайтында, мутәшәбиһ аяттардың шын ақиқаты мен мән-мағынасын бір Алла ғана біледі және ілімде тереңдегендер: «Біз Құранға толық иман келтірдік. Ондағы мухкәм, мутшәбиһ аяттардың барлығы да Раббымыздың құзырынан келді», – деп айтады», – дегенімен, бұл аятты «Мутәшәбиһ аяттардың мағынасын Алла біледі және ілімде тереңдеген ғалымдар біле алады», – деп түсінуге де болатындығын айтып,  мағынасы бір Аллаға ғана аян болған мутәшәбиһ аяттарға – сүрелердің басында келетін «әлиф ләм мим, қаф» және т.б. секілді хуруф муқаттағаларды, қияметтің уақыты, дәжжалдың шығуы секіді мысалдарды ғана жатқызып, қалғандарын ілім адамдары да түсіне алатындығын айтқан ғалымдар да жетерлік.

Құранда мутәшәбиһ аяттардың орын алуының астарында қандай химкеттер болуы мүмкін, соған кезек берейік. Егер, мутәшәбиһ аяттардың мағынасын білу мүмкін десек, мынадай пайдалары бар:

Біріншіден, бұл ғалымдарды ілімде тереңдей түсіп, жан-жақты зерттеп-зерделеуге ынталандырады. Ал, уақытын ілімге арнап, Құранның нәзіктіктерін түсінуге талпынуы – ең үлкен құлшылық болып табылады.

Екіншіден, ғалымдардың білімсіздерден артықшылығын көрсетіп, жалпақ-жұртты ілім-білімге ұмтылуға жетелейді.

Үшіншіден, ақылдың маңыздылығын көрсетеді. Адам оқып-үйренгенін қорытып, ақылына салу арқылы мутәшәбиһ аяттардың да мағынасын түсіне алады. Егер, аяттардың бәрі айдан анық мухкәм аяттар болса, ақли дәлелдерге ешқандай мұқтаждық қалмай, оның мәні төмендер еді.

Төртіншіден, мысалы, Алланың сипаттарына қатысты алайық. Егер, Алла Тағала адамдарға шын сипаттары арқылы көрінсе, адамның бұған шыдайтын шамасы жоқ. Алланы көруді қалаған Мұса пайғамбар Алла Тағала тауға елестеген кезде быт-шыты шыққан тауды көріп, қорыққанан есінен танып қалды емес пе?! Ендеше, Алла Тағала бізге өзінің сипаттарын, жұмақ пен тозақтың сипаттарын осы мутәшәбиһ аяттары арқылы біз көтере алатындай дәрежеде түсіндірді.

Ал егер, мутәшәбиһ аяттардың мағынасын білу мүмкін емес десек те, оның өзіндік хикметтері бар.Мысалы, бұл – Алланың бір сынағы, емтиханы. Одан өту үшін – аталмыш аяттарға иман етіп, олардың мағынасы туралы негізсіз ойларға берілмей, өзін тоқтатып, қайта сол аяттарды оқу арқылы құлшылығын білдіру.

Сондай-ақ, осы арқылы Алла Тағала адам баласына өзінің әлсіздігін түсіндіріп, ілімі бар әлемді қамтыған Алла Тағаланың алдында бас июге шақырады. Өз тілдерінде түссе де оны түсінуге шамасы жетпеген небір білгір де білікті кісілер Құранға бас иіп, оның Ұлы Жаратушы тарапынан түсірілгеніне иман етеді.

Дегенмен, мутәшәбиһ аяттарды жорамалдағанда, діннің негізгі қағидаларын, Құранның негізі болған – мухкәм аяттарды басшылыққа алу керек. Әйтпесе, тағы сол жоғарыдағы аяттың жалғасында айтылған мына бір ескертуге ілініп кетуіміз бек мүмкін: «Жүрегінде ауытқу болғандар қайткенде бүлік шығарып, ел-жұртты тура жолдан тайдыру үшін әрі ол аяттарды өз мүдделері мен қалауларына қарай тәпсірлеу астарлы мағыналы мутәшәбиһ аяттарды қазбалайды» (Әли Имран сүресі, 7 аят).

Саят Серікұлы

«Төлебай» мешітінің ұстазы

Get real time updates directly on you device, subscribe now.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.