Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ережеп, Шағбан, Рамазан, құр қалмаңыз сауаптан!

0 4  140

بِسۡمِ ٱللهِ ٱلرَّحۡمَـٰنِ ٱلرَّحِيمِ 

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы,

Жұманазар қари Өсерханұлы

Дінімізде кейбір айлар мен күндердің және түндердің өзіндік ерекшеліктері бар. Құран Кәрім мен Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде айтылған ақиқаттарды және сахабалардың айтқан сөздерін негізге ала отырып, айтулы күндер мен түндерді құлшылықпен өткізуге мән берілген. Біз де сол дініміздегі айтулы айлар, күндер мен түндерді шариғаттың рұқсат еткен шарттарына сәйкес өткізе білгеніміз жөн.

Әне-міне дегенше  мұсылман үмбетіне қасиетті саналатын айлары да келіп жетті. «Ережеп», «Шағбан», «Рамазан» барша мұсылман әлемінде қасиетті айлар болып есептеледі.  8 – наурыз күні мүбәрак саналған үш айдың алғашқысы Ережеп айы басталады. Бұл қасиетті күндер мен түндер біздің тәубе-истиғфар жасауымызға зор мүмкіндік беретін сәттер. Мұсылмандардың күнәларынан арылып, жақсылық пен ізгілікке тікелей жол тартуына зор мүмкіндік сәті.

Ережеп айында тәубе етушілерге Алланың рақымы мен мейірімі ерекше мол төгіледі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жәннатта сүттен  ақ, балдан тәтті бір өзен бар. Ол «Ережеп» деп аталады. Кімде-кім Ережеп айында ораза ұстаса, Алла тағала сол өзеннен су  ішкізеді», – дейді. Ережеп айында қасиетті екі түн бар. Бұл айдың алғашқы жұмасы – Рағайып түні болса,  екіншісі – айдың жиырма жетінші түні – Миғраж сапарына дөп келеді. Рағайып түні – бұл түн рухани берекеге толы, мұсылмандар ерекше қадірлейтін түн болып табылады. Миғраж түні – Миғраж сапары хижреттен бір жарым жыл бұрын Ережеп айының жиырма жетінші түнінде болды. Миғраж, сенімді дерек көздеріне қарағанда, Мәдинаға көшпестен бір жарым жыл (621 ж.) бұрын болған. Ережеп айының жиырма алтысынан жиырма жетісіне қараған түні Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.)  түнгі сапарда көк жүзінен өтіп, Ұлы Жаратушының құзырына шыққан болатын. Сөйтіп үмметіне екі дүниенің бақытына кенелетін теңдесі жоқ сый – намазды әкелген еді. Сол түннің құрметіне жылда осы түні Аллаға құлшылық, ғибадаттар жасалады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Рамазан айымен қатар Ережеп, Шағбан айларында ауыз бекіткен. Ережеп айы кіргенде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Раббым, Ережеп пен Шағбан айларын берекелі қыла гөр. Бізді Рамазанға аман-есен жеткізе гөр!» (Ахмад ибн Ханбал, Мүснәд, I/259) деп дұға тілейтін.

Ережеп айы Ислам діні келмей тұрып та құрметті ай болған. Ислам діні келісімен бұл айға деген құрмет күшейе түсті. Мұны қасиетті Құран Кәрімде: «Олар сенен тыйым салынған айда соғысуға бола ма? – деп сұрайды. Сен оларға бұл айда соғысу – үлкен күнә, – де. Ал адамдарды құдай жолынан тайдыру, күпірлік келтіру, Мәсжид-әл-харамда (ғибадат етуге) тосқауыл болу, ол жерден адамдарды қуып шығару – құдай алдында таудай үлкен күнә. Бүлік жасау – кісі өлтіруден де ауыр қылмыс. Олар (мүшрік кәпірлер) сендерді діндеріңнен бездіргенше тоқтамай, сендермен күресе береді. Сендерден кімде-кім өз дінінен безіп, кәпір болып өлсе, оның істеген әрекеттері бұл дүниеде де, қияметте де түкке тұрмайды. Олардың орны – тозақ, онда олар мәңгі қалады» («Бақара», 2/217), – дейді.

Ислам дінінде қасиетті саналған келесі ай – Шағбан айы «Көптеген жақсылықтардың бастауы» деген мағынаға ие. Ардақты Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Ережеп айынан кейінгі кезекте Шағбан айына өте көңіл бөлген. «Аллаһ тағалам, Режеп пен Шағбан айларын берекелі қыла көр.» деген дұғасын жиі айтатын. Шағбан айының он бесінші түні қасиетті «Бәраат түні» болып табылады. Бұл түн-періштелер жер бетіне түсетін, дұғалар қабыл болатын, кері қайтарылмайтын берекелі түн. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Шағбан айының жартысы толған түнді құлшылықпен өткізіңдер. Күндіз ораза ұстаңдар. Өйткені,  Алла Тағала күн ұясына батқан шақта: «Кешірім тілеуші барма, кешірейін. Ризық сұраушы барма, ризық берейін. Ауру-сырқауға ұшыраған барма, шипасын берейін», – деп, таң шапағы атқанға дейін рақымын төгеді» дей келе, «Алла Тағала шағбан айының он бесінші түні (Бәраат түні) жер бетіне мейірім жаудырып, Өзіне серік қосқандар мен ата-анаға қарсы шыққандардан басқаларды кешіреді» (Сүнән-и ибн Мәжә).

Қасиетті айлардағы сауапты амал турасында Айша анамыз Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Шағбан айындағы секілді көп ораза тұтқандығын көрмедім», (Мүслім, Сиям, 176)- дейді.

Айша (р.а): Алла елшісі (с.ғ.с.) Рамазанға дейін Шағбан айын толықтай оразамен өткізетін. Сонда мен: «Уа, Расулалла! Шағбан сіз үшін айлардың ең сүйіктісі ме? Сол үшін ораза тұтасыз ба?», – деп сұрадым. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Иә, бір жыл ішінде бақилық болатындардың тізімі осы айда жазылады. Сондықтан да менің де ажалымның құлшылық үстінде жетуін қалаймын».

Шағбан айының маңыздылығы туралы: Әнас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінен (с.ғ.с.) «Рамазаннан кейін қандай ораза маңызды?», – деп сұралғанда, ол: «Рамазанға құрмет ретінде Шағбан айы», «Қай садақа абзал?», – дегенде, «Рамазан айында берілген садақа», – деп жауап берді» (Тирмизи, Зекет, 28 Ибрахим Жанан, Кутуби Ситта, аудармасы, 9/66).

Келесі ай – шайтандар кісенделіп, тозақ есіктері жабылып, жұмақ есіктері ашылатын Рамазан айы.  Алла елшісі (с.ғ.с.): «Ережеп – Алланікі, Шағбан – менікі, Рамазан болса, үмбетімнің айы», – деген. Рамазан айында ораза тұту парыз етілді. Алла Тағала: «Аузы берік адам ішіп-жеуін тек менің ризалығым үшін доғарды. Ораза – Мені мен құлымның арасындағы риясыз ғибадат. Оған берілетін сый-сауапты Мен ғана өлшеп, Мен беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөлдеуден шыққан ауыз исі Мен үшін миск әтірінен де тамаша», – деген. Олай болса, осы қасиетті Рамазан айында ораза тұтып, Аллаға көптеп зікір айтып, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.)   салауаттар жолдап, садақа беріп, нәпіл намаз, қаза намаздарын оқу абзал. Сондай-ақ, осы айда садақаның санын арттыру қажет. Адамдардың өздері беретін садақадан бөлек, рамазан айында пітір садақасы уәжіп етілген. Құранда Алла: «Кім­декім ораза айында болса, ораза ұстасын» деген («Бақара» сүресі, 185-аят). Пітір садақа һижреттің екінші жылы Рамазан оразасы парыз етілген жылы уәжіп етілді. Рамазан айында түндердің төресі болған, мың айдан қайырлы, періштелер жерге түсіп, жер бетінде береке орнайтын Қадір түні бар. Бұл – сауаптар еселеніп жазылатын ерекше, қасиетті түн. Алла Тағала «Қадір» сүресінде: «Расында Біз Құранды қадір түні түсірдік. Қадір кеші мың айдан қайырлы», – деп баяндаған.  Абдулла ибн Аббастың (р.а.) жеткізуі бойынша Алла елшісі(с.ғ.с.): «Қадір түнінде – сол жылғы жақсылық пен жамандық, ризық-несібе, өмірдің мөлшері тағдырға жазылады», – деген (Лаухул махфуз).

Сауабы мол салиқалы амалдарымыз көп болғай! Бұл мүбәрак айларда Алла Тағалаға шүкіршілік етіп, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтуымыз керек. Өйткені, жүрек тек Алланы еске алғанда ғана жай табады. Ұлы Раббымыз Ережеп пен Шағбан айларын мүбәрак етіп, Рамазанға амандықпен жетуімізді баршамызға нәсіп етсін.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.