Жиын барысында ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев қажылықтың мәніне тоқталып, алдағы сапарға сараптама жасады. Оның ішінде 4 бағытқа ерекше тоқталды. Ол ұйымдастырушылық, уағыз-насихат, ақпарат және дәрігерлердің жұмысы. Елімізден қажыларды апаратын 18 компанияның дәрігеріне басшылық жасап, жұмысын ретке келтіретін құрам анықталды. Өйткені елден баратын 3200 қажының денсаулығына қарау ақ халаттыларға жүктелетіні рас.
Одан бөлек ҚМДБ жанындағы «Хикмет» телерадиостудиясы да Мекке және Медина қалаларынан ақпарат таратады. Дөңгелек үстел барысында ақпарат тобына тиісті тапсырмалар берілді. Сондай-ақ уағыз-насихат және пәтуа беру мамандары миссияның мүшесі болып кірді. Оған да себеп жоқ емес. Түрлі дәрежедегі қажыларымыздан келетін сауалдарға пәтуа бөлімінің мамандары жауап береді.
Ал аталған жұмыстардың барлығын бір арнаға тоғыстырушы ҚМДБ-ға қарасты Қажылық бөлімі екенін айта кеткіміз келеді.