Бүгінгі таңда әлемде таралған жаман ауруға байланысты елімізде Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында карантин жарияланғаны белгілі.
Карантин күшіне еніп үлгермей жатып ел арасында қаладан ауылға кету жәйіттері көрініс беруде. Бұған асыл дініміздің көзқарасы қандай? Осы мәселе хақында аз-кем ой толғап көрелік.
Мүбәрак мәтінді хадисте былай делініпті: «Бір жерден оба шыққанын естісеңдер, ол жерге бармаңдар. Егер сендердің тұрып жатқан жерлеріңде оба ауруы шықса, онда ол жерден шықпаңдар» (Бухари риуаяты). Бұл хадистің тағы бір айтылымында «Бір жерде оба ауруы шыққанын естісеңдер, ол жерге бармаңдар. Егер бір жерде оба дерті шығып, сендер сол жерде болсаңдар, аурудан қашу үшін басқа жерге шықпаңдар. Обадан қашқан адам соғыстан қашқан адамдай күнәға батады. Ал сабыр етіп, оба шыққан жерден кетпей ажал тапқан адамға шейіт сауабы жазылады». Пайғамбарлар Сұлтаны (с.ғ.с.) бұл хадисінде жұқпалы аурудан сақтанбаудың салдары қандай болатынын ескерте отырып, ауру ошағын оңашалау арқылы, инфекцияның сыртқа жайылмау жолын қарастыратын карантин жүйесін ұсынып отыр. Сонымен бірге, тұрғындарды карантин аймағынан шықпауын баса айтқанын байқаймыз. Демек, Алланың ақырғы Елшісі (с.ғ.с.) бұл іске тыйым салған.
Жұқпалы аурулардан сақтауға, аурулардың жан-жаққа таралмауы үшін алдын ала әкімшілік, медициналық-санитариялық кешенді шаралар кезінде эпидемия ошағындағы тұрғындарынан сыртқа қашпауды, бейуаз адамдарға жұқтырмауды талап етеді.
Себебі, дінімізде адам өмірі – Алланың аманаты ретінде қатастырылатын өте қастерлі құндылық. Ал, оған қауіп төндіру, қастық жасау – ауыр күнәлі істерден саналады. Айталық, әртүрлі жолдармен бейуаз адамның өліміне себеп болуды барлық адамды өлтіргенмен бірдей қарастырады. Құранда: «Соның салдарынан Израил ұрпақтарына: Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен және кім оны тірілтсе (өлімнен құтқарса), барлық адамды тірілткенмен тең деп жаздық[1]», – деген. Егер сол адамда инфекция жұғымдалып үлгерген болса, ол кісі жол бойында және барған жеріндегі бейуаз адамдардың өміріне қауіп төндірген болып саналады.
Тағы бір маңызды мәселе. Карантин аймағынан тұрғылықты адамдардың шығып кетуі – басшыға (оның шешіміне) қарсы келу болып саналады. Ал, қасиетті Құран Кәрімде:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا أَطِيعُوا اللَّهَ وَأَطِيعُوا الرَّسُولَ وَأُولِي الْأَمْرِ مِنْكُمْ ۖ
«Уа, иман келтіргендер! Аллаға бағыныңдар, Елшіге бағыныңдар, сондай-ақ өз араларыңнан болған басшыларыңа бағыныңдар[2]» деп әмір етілген.
Пайғамбарлар мөрі болға Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерінің бірінде:
مَنْ أَطَاعَنِي فَقَدْ أَطَاعَ اللهُ وَمَنْ عَصَانِي فَقَدْ عَصَى اللهُ وَمَنْ أَطَاعَ أَمِيرِي فَقَدْ أَطَاعَنِي وَمَنْ عَصَى أَمِيرِي فَقَدْ عَصَانِي
«Кім маған бойұсынса, ол Аллаға бойұсыныпты. Кім маған бойұсынбаса, ол Аллаға бойұсынбағаны. Кім басшыға бағынса, ол маған бағынғаны, оған қарсы келгені шын мәнінде маған қарсы келгені[3]», – деп өсиет етеді. Демек, бұл тыйымның салмағы осал емес деген сөз.
Бұлайша бассауғалап кетіп қалу ғылыми тұрғыдан да дұрыс іс емес. Яғни, санитарлық-эпидемиялық нормалардың өрескел бұзылуы індеттің таралу аймағы мен жұғымдалушылар санының өсуіне алып келетін қатерлі қадам. Жоғарыда айтқанымыздай ол адам індет жұқтырған болып, бірақ инфекцияның жасырын кезеңінде жүруі мүмкін. Ал, қаладан шығып кетсе, жол бойындағы мыңдаған адам мен барған жеріндегі отандастарымыздың, қара көз қазақ бауырларымыздың обалына қалатыны сөзсіз. Бұндай жағдайда жаңағы адам мемлекет пен қоғамның жүгін ауырлатып, халыққа уайым мен қатер сыйлаған болып табылады. Шынында, бүгінгі жаман аурудың ошағы болған Ухан қаласынан адамдар сыртқа қашпағанында күллі әлем бұлайша дүрлікпес пе еді… Міне, сондықтан да әрбір момын-мұсылман өз әрекетіне ғылыми, имани тұрғыдан жауапкершілікпен қарау керектігін ұғынамыз.
Сөз соңында, тағы да Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өсиетіне құлақ қойсақ:
مَنْ خَرَجَ مِنْ الطَّاعَةِ، وَفَارَقَ الْجَمَاعَةَ، فَمَاتَ، مَاتَ مَيْتَةَ جَاهِلِيَّةَ
Әбу Хурайрадан жеткен хадисте: «Кімде-кім бағынуға қарсы шықса және жамағаттан бөлінсе, надандық дәуірінің өлімімен өледі[4]» делініпті. Бұл әрине ауыр жағдай!
Қортындылай айтқанда, сақтықтану керектігін сылтау етіп, карантин жарияланған аймақтан басқа жаққа шығып кету асыл дінімізде дұрыс болмайтынын іс екенін аңғарамыз.
Оразбек САПАРХАН
[1] «Мәида» сүресі, 32-аят.
[2] «Ниса» сүресі, 59-аят.
[3] Бұхари, Муслим хадистер жинағы №1865
[4] Шарх ән-Науауи әла Муслим №1848