Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Имам Ғазалидің ораза жайлы айтқаны

0 832

Ардақты пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын):

«Кімде-кім жаман сөзден және жаман істен өзін тыймаса, оның тамақ пен сусыннан тыйылғанының Алла Тағала үшін ешбір қажеті жоқ», – деген.

Олай болса, хадис оразаның әсіл мақсаты асқазан және тән қалауынан тыйылу арқылы белгілі бір рухани деңгейге жетуді мұрат ету керектігін меңзеуде.

Осыған байланысты имам Ғазали:

«Білгенің жөн, оразаның үш деңгейі бар. Көпшіліктің оразасы (умум), ерекше ораза (хусус) және арнайы ораза (хусус әл-хусус).

Көпшіліктің оразасы – асқазан мен құмарлықтан тыйылу.

Ерекше ораза – құлақ, көз, тіл, қол, аяқ және басқа да дене мүшелерін күнә атаулыдан тыю.

Ал, арнайы ораза – жүректің оразасы, яғни, жаман ой мен пікірден тұтастай тыйылып, толығымен Аллаға берілу», – деген екен.

Демек, оразаның сауабы, басқаша айтқанда деңгейі адамның Рамазанды қалай өткізгендігіне байланысты.

Аятқа себеп ауызашар

Пайғамбар немерелері Хасан мен Хұсейін кішкене кездерінде ауырып қалды. Уайымдап қалған Али мен Фатима балалары жазылғанда, шүкіршілік ретінде ораза ұстай бастады. Алғашқы күні ауызашарға дайындаған тамақты енді ауызға ала бергенде, қайыр сұрап келіп жетімдерге қиды. Өздері ауыз ашпастан екінші күнгі оразаға ниет етті. Екінші күні де ауызашарға дайындаған тамақты «Құдай үшін беріңдерші» деп келген кембағалдарға берді. Бұл кеште де ауызашпастан үшінші күнге ауыз бекітуге ниет етті. Үшінші күні де дәл осы жағдай қайталанып, ауыздарынан жырған асты табалдырыққа келіп көз сүзген жалынышты тұтқындарға берді.

Кейіннен осыған қатысты аят түсті:

«Олар уәдесін орындады. Ұзын әрі тоқтаусыз қиямет күнінен қорыққандықтан, өздері ұнатып іштей қалап тұрған тамақты бейшараға, жетімге және тұтқындарға берді. «Біз бұларды Алла Тағаланың разылығы үшін қидық. Сендерден қайтарым ретінде алғыс та ештеңе күтпейміз» деді. Осы себепті оларға Хақ Тағала Тахур шарабын ішкізді» («Инсан» сүресі, 7-9, 21).

Әйгерім Есқожаева

muftyat.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.