Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Нұр-Сұлтан өкілдігінде бірқатар қызметтік тағайындаулар болды (ФОТО)

0 2  176

31 желтоқсан. Нұр-Сұлтан. Sunna.kz – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Нұр-Сұлтан қаласы өкілдігі бойынша бүгін бірқатар қызметтік тағайындаулар болды, деп хабарлайды өкілдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Sunna.kz тілшісі.

Шаһар бас имамы Ерболат Жүсіпов осы орайда «Әс-Сәлам», «Шейх Кунта қажы» және «Әл-Ғани» мешіттерінде арнайы кездесу өткізіп, мешіт ұжымына Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен тағайындалған жаңа қызметкерлерді таныстырды.

Қала бас имамы алдымен Елорда іргесіндегі Теміржолшылар елдімекенінде орналасқан «Әс-Сәлам» мешітінің ұжымымен жүздесіп, жаңа тағайындаулар жайында мәлім етті. Аталмыш құлшылық ордасының бас имамы қызметіне тағайындалған Смағұлов Дастан Зияшұлын таныстырып өтті. 2007 жылы «Нұр Мүбәрак» университетін аяқтаған соң «Екібастұз» қалалық мешітінің найб имамы болып аттай он жыл жемісті қызмет атқарған Дастан Смағұлов 2017 жылдан бері осындағы «Төлебай» мешітіне қызметке ауысқан болатын. Үш жылдан бері тонның ішкі бауындай араласып кеткен елордалық әріптестері жаңа бас имамға құрмет танытып, сәтттілік тіледі.

Сондай-ақ, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти бұйрығы бойынша Хусаинов Асхат Сәлімгерейұлы «Әс-Сәлам» мешітінің ұстазы болып тағайындалды. Елорда жамағатына кеңінен таныс Асхат Сәлімгерейұлы бұған дейін қалалық «Әл-Ғани» мешітінде ұстаздық қызмет атқарып келген болатын.

«Әс-Cәлам» мешітінің бұрынғы бас имамы Серік Құрмановқа жамағат және өкілдік атынан алғыс білдіріп, Ерболат Нұрылдаұлы білікті қызметкердің «Шейх Кунта қажы» мешітінің наиб имамы болып тағайындалғанын жеткізді. Жаңа қызмет орнымен арнайы таныстырып, дін жолындағы жұмысына сәттілік тіледі. Серік Құрманов 2001 жылдан бастап Айыртау ауданында, Шахтинск қаласында бас имамы, Қарағанды орталық мешітінде бірінші наиб имам болып жемісті жұмыс істеген. 2017 жылы «Әс-Сәлам» мешітінің бас имамы болып тағайындалған.

Сондай-ақ, бүгін қалалық «Әл-Ғани» мешітінің ұжымы да білікті қызметкермен толыға түсті. Бас мүфти бұйрығымен «Раиса ана» мешітінің наиб имамы Мырзагелдиев Хамит «Әл-Ғани» мешітіне ауыстырылды. 2010 жылдан бастап діни салада жұмысқа кіріскен Хамит Мырзагелдиев бұған дейін Қарағанды облысында, Сәтпаев қаласында, Шымкент қалалық мешіттерінде имамдық қызмет атқарған.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.