Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Мәуліт айының құрметіне ауызашар дастарханы жайылды

0 567

Мәуліт – барша Ислам елінің ынтыға күткен Алланың сүйген құлы, құлдарына жіберген Елшісі және соңғы пайғамбарымыз, адамзаттың мақтанышы  Мұхаммед (с.ғ.с)  дүние есігін ашқан күні болғандықтан мұсылмандар үшін елеулі, ерекше мереке.

Әрбіріміз өзіміздің ата-анамыздың, балаларымыздың, туыс-жақындарымыздың, құрбы-құрдастарымыздың және басқа да қаншама адамдардың туған күндерін қуанышпен атап өтеміз. Ал қиямет күнгі шапағатшымыз, ұлы ұстазымыз, жолбасшымыз Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған күнін атап өту бәрінен гөрі лайықтырақ емес пе?! Қазіргі біздің жағдайымызда мәулітті атап өту тіпті міндетті десек те болады. Себебі, басқаны қойғанда мұсылмандардың өзінің арасында өміріндегі басты идеалы болуы тиіс Пайғамбардың аты-жөнін де жөнді білмейтін, діни ұстанымдарын дұрыс түсінбейтін жандар бүгінде жетерлік. Сондықтан мәуліт мейрамының аясында біз Пайғамбар туралы, Оның алдындағы міндеттеріміз, сүннетін сақтау жайында мешіттерімізде, іс-шараларымызда, жиындарымызда жалпы халыққа молырақ мағлұмат беріп, дініміздің тағылымдары жайлы  үгіт-насихат жүргіземіз. Осындай зор мүмкіндікті бос жібермей, орнымен пайдалануға тырысамыз. Расында, бұл дінімізді насихаттаудың, жас ұрпақты имандылыққа, жақсы мінез-құлыққа шақырудың орайлы бір сәті.

Осыған орай, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінде екі дүниенің сардары, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) туған Мәуліт айының құрметіне және пайғамбарымыздың (с.ғ.с)  сүннетін ұстанып бейсенбі күні ораза ұстаған жамағатқа ауызашар берілді. 

Дастархан басында мешітіміздің бас имамы Байзақов Руслан Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өнегелі өмірін баяндап, сүннетті ұстанудың маңызы мен екі дүниедегі пайдасы туралы  уағыздар айтты. Ауызашар соңында мешіт жамағаты көкейіндегі сұрақтарын қойып, жауаптарын алды.

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің баспасөз қызметі

sunna.kz

Материалды көшіріп басқан кезде sunna.kz  сайтына гиперсілтеме берілуі міндетті. Авторлық құқықты сақтаңыз!

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.