Айтып өткеніміздей Құран Кәрім аяттары пайғамбарымызға (с.а.с.) белгілі бір жайттар мен оқиғаларға байланысты бөлекбөлек түсті. Ғалымдар Құран Кәрім аяттары мен пайғамбар хадистеріне сүйене отырып, аяттардың бөлек-бөлек түсу сырларын келесідей түсіндіреді:
1.Пайғамбарымыздың (с.а.с) жүрегіне тоқтау салып, оның жан дүниесін бекіту, көңіліне қуаныш ұялату үшін. Оған жоғарыда келген Құран Кәрімнің: «Тағы кәпірлер: «Оған Құран бірақ неге түсірілмеді?»– деді. Осылайша, көкейіңе қондыру үшін оны анықтап оқыдық (32). Олар саған бір мысал келтірсе, әрине, саған шындықты және көркем түсінікті әкелеміз (33) («Фурқан» сүресі, 32-33),– деген аяты дәлел.
2.Құран сүрелері мен аяттар сахабалардың көкейлеріне тез қонып, жеңіл жатталуы үшін. Себебі көптеген сахабалар ол кезде жазу-сызуды, оқуды білмейтін еді. Құран Кәрім – ерекше дүние, ол ежелгі арабтардың өлең шумақтары немесе адамдардың жай әңгімелеріне ұқсас көркем қара сөз емес. Ол – мағынасы тым терең, көркемдігі ерекше иләһи сөз. Осындай кең мазмұнды, айрықша мәнерлі сөздің қиындықсыз түсініліп, оңай жатталуы үшін бөлекбөлек түсірілгендігін, Құран Кәрімнің: «Біз Құранды адамдарға тоқырап оқуы үшін бөлімдерге айырып, аз-аздап түсірдік» («Исра» сүресі, 106),– деген аятынан аңғаруға болады.
3.Ғасырлар бойы сүйекке сіңіп, әдетке айналған жаман мінез-құлықтардан арылып, оның орнына көркем мінездерді бойға жинақтау үшін мұсылман үмбетіне біршама уақыт керек еді. Оған қоса, аяттарда белгіленген нақты шариғат үкімдеріне амал қылу үшін де белгілі мерзім қажет болды. Егер шариғаттағы барлық парыздар мен уәжіптер бір уақытта қабылданып, күллі күнәлар мен жаман істерге бір мезетте тыйым салынғанда мұсылмандарға үлкен машақат туып, олардың барлығын орындау мүмкін болмас еді. Бұның мысалын арасына уақыт салып, бөлек-бөлек түскен, ішімдікке тыйым салған аяттардан аңғарамыз.
4.Аяттар мен сүрелер әртүрлі жағдайларға, түрлі құбылыстарға байланысты түсіп тұрды, сол себепті де бұрынсоңды болмаған оқиғаға орай шариғаттың жаңа үкімдері пайда болды.
5.Мүшріктер мен кәпірлердің айтқан күмәндары мен келтірген шектеріне қарсы жауап ретінде аяттар мен сүрелер кезек-кезек түсіп тұрды және олардың келтірген уәждері ақылға қонымсыз, өте таяз екендігін дәлелдеп отырды. Сол арқылы тура жолдағы мұсылмандарға адасуда жүрген көпқұдайшылдардың ахуалдарын баяндап берді.
Кез келген пенденің жүрегі күмәндардан, нәпсінің сыбырлауынан, шайтанның азғыруынан әрдайым тазаланып тұруы керек. Сондықтан бөлек-бөлек түсіп жатқан аяттар ақ жаңбырдың тамшысындай, жүректерді кезегімен жуып-шайып нұрландырады. Бұл ақиқатты Құран Кәрімнің «Құраннан мүміндерге шипа және рақым түсіреміз. Ол залымдардың қасіретін арттыра түседі» («Исра» сүресі, 82),– деген аятынан түсінуге болады.
6.Құран Кәрімнің таңғажайып баяндау үлгісін көрсету. Құран Кәрімдегі аяттар мен сүрелер әртүрлі оқиғаларға қатысты болса да алуан түрлі үкімдерді қамтиды. Жиырма үш жыл бойы кезек-кезек түсіп тұрса да барлық аяттар бір-бірімен іштей ғажайып байланысады. Мағыналық бірлік пен ерекше тәртіпке негізделгені, мазмұндық ұштасуы мен үйлесімділігі де анық байқалады. Алланың сөзінен ешкім қандай да болсын бір кемшілік яки нұқсан таба алмайды.
Құран – барлық мүшелері өзара тығыз байланысқан тұтас бір дене секілді. Оны басынан аяғына дейін таза ниет, ашық көңіл, терең оймен оқыған пенде ғана толық үйлесімдегі кітап екендігін мойындайды, тамырын тереңге жіберген, берері мол жеміс ағашы сияқты елестетеді.
материал «Құран ілімдеріне кіріспе» кітабынан алынды,
sunna.kz