Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Алла Тағаланың шариғатын сақтау – иман негізі

Алла Тағаланың шариғатын сақтау – иман негізі

0 122

Әбу Мұхаммед Абдуллаһ ибн Амр ибн әл-Ас (Алла әкесі екеуіне разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Сендердің ешбірің көңіл қалауы1 маған келген нәрсеге ілеспейінше иманға келмейді», – деді», – деген.

 

  1. Мұсылман – тиянақты адам

Шын мәніндегі мұсылман – адамгершілік қасиеттерді өз бойына жинаған адам. Оның сөздері мен істерінің арасында айырма болмайды, жүріс-тұрысы ой-пікіріне қайшы келмейді, өйткені оның жүрегі мен тілі бүкіл денесінің басқа бөліктерімен өзара келісімде, ақыл-парасаты, ой-пікірі мен сезімдері бір-бірімен сәйкестікте, ал рухы мен тәні тепе-теңдікте болады. Тілі анық сенімді болғанды ғана айтады, ал сенімі өз денесінің тәртібін түзету мен ісәрекетін тура жолға бағыттау арқылы тәннің барлық бөліктеріне ықпал жасайды. Көңіл қалауы өзіне бағындыра алмайды, ол дін саласындағы жаңалық енгізуді (бидғаттарды) қабылдамайды. Сондай-ақ рақат-ләззат оны құрбан ете алмайды, оның барлық іс-амалдарының бастау алар жері Жоғары Мәртебелі және Дана Алланың ешқандай қателігі де, өтірігі де жоқ шариғаты болып қала береді. Міне, осы туралы аз сөзге көп мағына беру қабілеті дарыған Пайғамбарымыз (с.а.с.) мұсылманның ерекше белгісі болып табылатынды нұсқап: «Сендердің ешбірің көңіл қалауы маған келген нәрсеге ілеспейінше иманға келмейді», – деген.

  1. Көңіл қалауының хақиқи мәні мен түрлері

«Көңіл қалауы» (һәуә) деген сөз көп жағдайда хақиқи шындыққа, шындықты сүйіп, оған бағынуға бейімділік туралы әңгіме болғанда қолданылады. Оған Алла Тағаланың: «(Мұхаммед! Жұбайларыңнан) қалағаныңды кейін қалдырып, қалағаныңды жаныңа аласың», – деген сөзі түсірілгенде, Айшаның (Алла оған разы болсын): «Көріп тұрмын, сенің Тәңірің әр уақытта сенің қалауыңды (һәуәңды) орындайды», – деген сөзін мысал етуге болады.

Бұл айтылғанның Бәдір шайқасында қолға түскен тұтқындардың тағдырын шешу туралы сөз болған кеңесте Омардың (Алла оған разы болсын): «Алла елшісінің (с.а.с.) Әбу Бәкір айтқан сөзді көңілі қалады да, менің айтқанымды көңілі қаламады», – деген сөзіне де қатысы бар.

Бұл сөзді қандай да бір нәрсеге бейімділік пен сүйіспеншілік туралы әңгіме болған жағдайлардың бәрінде қолдануға болады. Мәселен, ақиқатқа деген сүйіспеншілік пен сүйіспеншіліктің кез келген түрін көрсете алады. Бұл сөздер дәл осы мағынасында біз қарастырып отырған хадисте қолданылған. Сондай-ақ, бұл сөз адам жанының қалауын қанағаттандыру мен іске асыру туралы әңгіме болғанда да қолданылуы мүмкін және осы мағынада

көп пайдаланылады. Осы мағынадағы «һәуә» сөзі, мұндай көңіл қалауларын теріске шығаратын Құран аяттары мен хадистерде жиі кездеседі, бұл аяттар адамдарды оған ілесуден қайтарады әрі осы тақылеттес көңіл қалауларынан жиренуге үйретеді. Себебі, көп жағдайда мұндай көңіл қалауларының тасасында шындыққа қайшы келетін амалға және шариғат талаптарын ескерусіз қалдырып өзінің нәпсі қалауын іске асыруға бейімділік жасырынып жатады, бұл өз кезегінде адасу мен қайғы-қасіретке жеткізеді. Дәуітке (аләйһис-сәләм) Алла Тағала: «Көңіл қалауына ілесіп кетпе. Ол сені Алланың жолынан адастырады», – деді.

  1. Көңіл қалауына еру – күнәлар мен бидғаттардың және шындықтан бас тартудың бастауы

Барлық мәселеде пенде көңіл қалауына ілесіп, нәпсісінің дегеніне көне берсе және нәпсі талабын қанағаттандыра берсе, онда бұл көңіл қалауы адамды аса Құдіретті де Ұлы Аллаһтың заңдарымен санаспастан күнә істер істеуге мәжбүр етеді. Шынында да жолдан адасқандардың адасуларының, бидғатшылардың бидғаттарының және тура жол мен айдан анық ақиқаттан бас тартқан кәпірлердің, күнәкарлар мен діннен қайтқандардың бас тартуларының мәні осында жатыр. Олар осының бәрін, тура жол мен ақиқаттың бұлдыр да бұлыңғыр қара пиғылды өтірікпен ешқашан қосылмайтынының айдан анық екендігін біле тұра, өз ойларындағы ақиқаттың анық еместігімен немесе ондай ақиқатпен қанағаттанбайтындықтарымен түсіндіргісі келеді. Ондай тура жолдан ауытқушылар тек қана өздерінің көңіл қалауының ықпалымен ауытқиды. Алла Тағала: «Егер олар саған жауап бермесе, расында, олардың өз көңіл қалауларына ілесетінін біл! Алла (тарапынан келген) тура жолдан басқа өзінің көңіл қалауына ілескеннен бетер адасқан кім бар?» – деді.

  1. Көңіл қалауына ілескен адам Аллаға табынудың орнына көңіл қалауына табынатын болады

Табыну бағыну мен бойсұнуда көрініс табады. Өзінің көңіл қалаулары мен ынтызарлық, ынтықтық, шақуат талабына бағынғандар солардың құлақкесті құлына айналады. Ынтықтық пен көңіл қалаулары адамды бүтіндей билеп, өзіне бағындырып, оны тыныштық атаулыдан айыруы мүмкін. Кей адамның барлық іс-қимылын, тіпті бұл оның ақыл-есі мен парасатына қайшы келіп, біліміне сыйыспай жатса да, көңіл қалауы мен құмарлық белгілеп береді және адам тек соларға бағынады. Сол себепті өз қалауының құлы болғандар ақиқатты көргісі де, естігісі де келмейді. Олардың тура жол туралы түсінігі де болмайды және тура жолмен жүрмейді де.

Бір күні Ибн Аббас (Алла әкесі екеуіне разы болсын): «Көңіл қалауы, бұл – жер бетіндегі табынатын құдай», – деп, сонан соң: «(Мұхаммед!) Өз көңіл қалауын тәңір жасап алғанды (өз ойының құлы болғанды) көрдің бе?» – деген аятты оқыған.

Пайғамбар (с.а.с.): «Тәңірінің аспандарының күмбезі астында Алла Тағаланың қасында (адамдар) ілесетін (табынатын) көңіл қалауынан үлкенірек ешнәрсе жоқ», – деген. Мұндағы «үлкенірек» сөзі қандай да бір үлкен күнә дегенді білдіреді, өйткені бұл ең үлкен зұлымдықты қамтиды.

  1. Көңіл қалауына бағыну – Алла Тағала ардақ тұтқан адам баласына жараспайтын осалдық

Аса Қамқор және Жоғары Мәртебелі Алла адам баласын Өзінің басқа мақлұқтарынан артықша етіп, құрметті тіршілік иесі етті. Алла Тағала: «Расында, адам баласын ардақтадық. Сондай-ақ оларды құрлықта да, теңізде де көліктендірдік. Әрі оларды жақсы нәрселермен қоректендірдік. Сондай-ақ жаратқандарымыздың көбінен анағұрлым артық еттік», – деген.

Алла Тағала адам баласын ардақты еткендігінің белгісі, оған игіліктің не екенін білдіретін және сол игілікті істеуге ынталандыратын ақыл-парасатты сыйлады. Сол ақылдың арқасында ол зұлымдықтың не екенін түсінеді және пендеде жамандық істеуге деген жиреніш сезімі пайда болады. Алла Тағала: «Жанмен және оны Толықтағанмен, сөйтіп оған жамандығы мен тақуалығын білдіргенмен ант етемін», – деді.

Адам жанына оны тақуалыққа да, күнәкарлыққа да итермелейтін қасиеттер берілгендіктен, ол жақсылыққа да, жамандыққа да бейім келеді. Бірақ адам баласы өзіне берілген ақыл-парасаттың күшімен, таңдау еркіндігі мен ішкі қуаттың арқасында өз көңіл қалауларына қарсы тұра алады. Ол жаман ойларын бақылауға алып, оларды тұншықтырып, өз нәпсісімен күресіп, жанын тақуалық пен игілік сатылары арқылы өз жанына лайықты құрмет көрсетілетін дәрежеге дейін жетелей алады. Егер адам баласы осылай ете алса, бұл ақыл-парасатының күш-қуаты мен оның үлгілі, әбден жетілген кәміл адами болмысқа ие екендігін көрсетеді. Егер ол жаман пиғылдарының алдында осалдық танытып, көңіл қалауларынан жеңілсе, жамандық баспалдақтарымен төмен құлдыраса, оның адами табиғаты азғындап, ар-намысы қорланады. Бұл оның ақымақтығы мен дәрменсіздігінің, әлсіздігінің көрінісі болады.

материал  «Әл-Уафи» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.