Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Бас мүфти жаңа мешітте жұма уағызын айтты

0 996

Бүгін Түркістан облысына жұмыс сапарымен барған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Келес ауданында жаңадан ашылған «Сатыбалды Иманбердіұлы» мешітінде жұма намазын жүргізді.

«Әділ істің – арты игі» тақырыбында жамағатқа жұма уағызын айтқан ҚМДБ төрағасы әділ болудың, әділет жолын ұстанудың маңызына тоқталды.

«Адамдарға көркем өнеге ретінде жіберілген сүйікті Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бойындағы асыл қасиеттердің бірі – осы әділдік еді. Қасиетті Құрандағы «Шура» сүресінің 15-аятында Алла Тағала ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «(Оларға) «Алла түсірген Кітапқа иман келтірдім. Сондай-ақ араларыңда әділдік етуге бұйырылдым»деп айт», – деп әмір еткен.

Біздің ата-бабаларымыз да әділдік ұғымын ерекше қастер тұтқан.«Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Әз Тәукенің Жеті Жарғысы» – бәрі де қара қылды қақ жарған әділеттілікке негізделді.
Абай Құнанбай ұлы бабамыз өлең жолдарында:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті – деп әділетті сүюге шақырған. «Кімде-кімнің әділеті жоқ болса, оның ұяты жоқ», – деп данышпан бабамыз отыз сегізінші қара сөзінде айтқан болатын» деді Бас мүфти.

Наурызбай қажы Тағанұлы жұма намазын жүргізіп, жамағатты отбасында да, қоғамда да әділ болуға шақырып, еліміз бен жеріміздің тыныштығын тілеп, жамағатпен бірге дұға жасады.

 yassi.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.