Тана бидің бала кезінде күн құрғатпай төбе басына келіп, билердің әңгімесін бөлек отырып тыңдап, қайтар кезінде көңілі толмай басын шайқап, үнжұрғасы түсіп қайтатынын байқап жүрген ақсақалдардың бірі:
– Әй, балам. Кімнің баласысың?, – дейді.
– Садының баласымын.
– Күнде осында келіп, билердің кеңесін, кесігін тыңдап кетіп жүрсің, не ұқтың? – деп қолқа салыпты. Сонда Тана:
– Менің ұқққаным – асқар тауда бір мін бар, асу бермейді! Тасыған суда бір мін бар, өткел бермейді! Шешендер, сендердегі үлкен мін – өздеріңнен басқа адамға сөз бермейсіңдер, – дейді ғой.
Жүйелі сөзге тоқтаған би-шешендер алдыларына келген даудың билігін балаға беріпті. Бұған да тосылмаған Тана:
– Басына туыспау керек, туысқан соң, бәле қуыспау керек. Жоғарғы – елге кетсін, төменгі – селге кетсін. Сен олжалаған жесірін қайтар, сен барымталаған малын қайтар. Сонымен дау бітсін, – дейді. Жиынға жиналған қалың көпшілік сол жерде Тананы Тоғарыстан мен Байтүгейге би сайлайды.
Сөйтіп, Тана бала би атаныпты.
“Сөз тапқанға қолқа жоқ” кітабынан
sunna.kz