Иә, ілім алу әрбәр ер мен әйелге – парыз. Алланың жалғыздығын, иман негіздерін және кәлима шәһәдаттың мағынасын үйрену – бірінші парыз.Мұны ақида (сенім негіздері) дейміз. Одан кейін күнделікті құлшылықтарға байланысты үкімдерді (фиқһ мәселелерін) үйрену – екінші парыз, олар: намаз, дәрет, ғұсыл т.б.
Ибн Абду әл-Бирр (Алла одан разы болсын) өзінің кітабында Имам Мәликтің (Алла одан разы болсын) шәкірті Абдулла ибн Уәһбтың (Алла одан разы болсын) былай айтқанын келтіреді: «Мен ілім алудан бұрын құлшылықтан бастағанымда, шайтан мені Иса Пайғамбар (Алланың оған сәлемі болсын) жөніндегі сұрақтардың жетегінде қызықтырып кетті: «Алла Тағала оны қалай жаратты екен?» – және осы сияқты сұрақтар ойыма келді. Мен бір шейхқа сол мәселені айтып шағымдандым. Сонда, ол:
– «Уа, ибн Уәһб!» – деді. Мен:
– «Иә!» – дедім. Сонда ол:
– «Ілім ал» – деп айтты. Міне, сол жәйт менің ілім талап етіп, ізденуіме түрткі болды»
Алдымен Алланың жалғыздығын, яғни, «Алладан басқа Тәңір жоқ» сөзінің мағынасын бірінші үйренеміз.
Ілім көп, сондықтан әуелі ‘Илм хәлді үйренеміз. Ол дегеніміз – сәтке, жағдайға байланысты нені үйренуіміз керек болса, соны бірінші оқып, үйрену дегені.
Мысалы: Ақшасы жоқ кедей әуелі Зекет жайлы оқудан пайдасы жоқ. Өйткені, зекет тек қана байларға (яғни, мал-дүниесі нисаб мөлшеріне жеткен адамдарға) парыз. Бірақ мал-мүлігі толса, оған зекет үкімдерін оқып, үйреніп, зекетін беру міндетті болады.
материал «Жүректерді оятушы» кітабынан алынды,
sunna.kz