Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

ҰЛТ КӨСЕМІ ӘЛИХАН БӨКЕЙХАННЫҢ СҰХБАТЫ

0 2  848

Суретте: Әлихан Бөкейхан

Естеріңізде болса, ретроспективалық сұхбатымыз Абай мен Ахмет атамыздан бастау алған болатын. Бұл жолы Әлихан Бөкейхан бабамызбен болған сыр-сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

 Ел қамы үшiн қара басын ажал оғына байлап, соңына өлмейтін өнеге қалдырған тұлғасы өзгеше ұлт перзенті Әлекеңнің (Әлихан Бөкейхан, 1866-1937) еңбегі ұшан-теңіз. Ол ұлт мүддесін өз ұста­нымынан жоғары қойған ұлт-азаттық қозғалысының теориялық негізін салушы, көрнекті қоғам және мемлекетқайраткері, ғұлама ғалым, Алашорда өкіметінің негізін қалаушылардың бірі. Әлекең Алаштың шын көсемі және болашақ ұлт көсемдерінің тұлғалық һәм кісілік бейнесіне үлгі болып, Алашпен бірге жасай бермек. Тәуелсіз мемлекетіміз гүлденген сайын Әлиханның да жарқын бейнесі жарқырай бермек.

  Әлихан аға, дәстүрлі дініміз бен ұлттық болмысымызды сақтай отырып, өркениет көшінен кеш қалмауымыз үшін ең бірінші не істеуіміз керек?

 – Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса – халықтық мақсат сонда орындалады. Бірліктен айырылған ел қаңғып қалады. Қазақтың оқыған азаматтары, қазаққа осындайда қызмет етпегенде қашан қызмет етіп пайдамызды тигіземіз?! Міне, Әлихан Бөкейхан «қазаққа сөз үйретіп жатыр» деп айтады. Мен қазаққа сөз үйретпесем… Менің не керегім бар еді. Қазақ жоғалып кетеді, «бұған жер неге керек» деп оттаған дұшмандар бар. Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ. Ол үшін осы ғасырдағы әлем жарығына қазақ көзін ашып, бетін түзесе, өзінің қазақшылығын жоғалтпағандай, және өзіміздің шарқ әдетіне ыңғайлы қылып «қазақ мәдениетін» құрып, бір жағынан «қазақ әдебиетін» тұрғызып, қазақшылығын сақтамақшы…

  Тіршіліктің ағымы алға кетті. Ендеше, біз қандай болуымыз керек?

 – Тіршіліктегі жүйріктік – ақылда, ұсталық пен жанкештілікте… Қазақ сияқты халық байлық пен қазына мал кіндігінде деп біледі. Аустралия қойының еті төрт ай мұхитта кемемен жүріп келіп, Петербор базарында сатылады. Малы көшіп жүр, адамы қала болып отыр. Профессор Күлешовтың жазғанына қарасақ, қазақтың қойының етіндей жер үстінде ет жоқ… Кім шебер болса, жалықпай талмай ізденсе, бірігіп-тізе қосып әдіс қылса – ғұмыр бәйгесі соныкі.

  Демек, пайғамбарымыздың өсиетіне сай адал еңбек етіп, қам-қарекет қыл дейсіз ғой?

 – Бөтен кісі қазаққа еш қайдан жақсылық әкеп бермейді. Торғайдың ақ үрпек балапанынша ауызды ашып, біреуге жалынып-жалпая бергеннен түк шықпайды, іс өнбейді. Жапонда кісі қажетіне жаратылмаған алақандай жер жоқ. Онда мұндай ыждаһатты жанкештілік болмаса аштан өлесің. Зауыт ісі жұрттың жалпы шебер, көнбіс, ұста болуына байлаулы. Әр нәрсенің амалын біліп, өз орнына жұмсағанда ғана іс көркейеді. Қазаққа өз жағдайыңды өзің ойлап, өлмес қамыңды істе деп отырғанымыздың мәнісі осы…

  «Қазақ» газетін ұйымдастырып, бірнеше жыл осы басылымның басы-қасында жүрдіңіз. Газеттің атын «Қазақ» деп қоюға не себеп болды?

 – «Заманына қарай амалы» деген сөз бар. Сол амалға кіруге жұртқа мұрындық болатын нәрсенің бірі газета. Аталы жұртымыздың аты деп, газетамыздың есімін «Қазақ» деп қойдық. 

 Әуелі – газета халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ тіл қандай керек болса, халыққа газета сондай керек. Еуропада газета – өмір айнасы: өмірде не болса – бәрі газетадан көрініп тұрады. Газетаны оқып жұрт өзін-өзі көреді, өзін-өзі танып-біледі. Газетаны күйлеп, жаратып бәйгеге қосуға өз алдына шебер, білгіш, жүйрік керек: газетаға басшы болу – кім болса соның қолынан келмейді… Мақаланы қалам өзі тілегенде жазса – сөз кестелі болады.

  Әрбір қазақ дүниеде бір құдіреттің бар екеніне иланып, сенеді. Қайтсек Алланы танып, бір-бірімізге кішіпейіл, бауырмал боламақпыз?

 – Неғұрлым Құдайды жоғары деп, биік деп, ұлық деп ұқса, соғұрлым жақсырақ танымақшы. Жақсырақ таныған сайын, Құдайға жақынырақ болмақшы. Жақын болуының мағынасы – рақметін көріп, рақымды болмақ, мейірбандығын көріп, мейірімді болмақ… Сауап ең ақырғы пайғамбар Мұхаммед жолында.

  Ұлт болып, өркениетті ел қатарлы өмір сүру үшін не істеуіміз керек?

 – Қазақтың ұлт болып өркениетті ел қатарлы өмір сүруі үшін, ең алдымен, халықтың сана-сезімін оятатын жағдай тудыру керек, қазақтың ұлттық тілін, әдебиетін өрістету керек. Өнер-білім керек, онан да керегірегі – тәрбие. Қанша оқысақ та, тәрбиеміз кем болса, қасиетіміз аз.

  Келесі сұрағымыз да осы сарындас. Сіздің ойыңызша, тарих деген не?

 – Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, не істеп не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн тауашағына көз жетпейді. Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады. Қазақтың көбі оны шежіре деп айтады. Бұ заманның ғалымдары тарих ең оңды мұғалім деп түсінеді. Дүние де өңге жұрттар қатарында кім қор болмаймын, тұқымым құрып қалмасын деген халық өзінің шежіресін имани дәрежеде ұғып білуге тиіс болады… Бұл кеудесінде көзі бар адам көп ойланарлық жұмыс.

  Тәуелсіз қазақ елінің рухты ұрпағына айтар тілегіңіз қандай?

 – Азаттық таңы атты! Тілекке құдай жеткізді! Күні кеше құл едік – енді бүгін теңелдік! Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық ісін ұғынбаса – тарих жолында тезек теріп қалады. Кейінгі үрім-бұтақ не алғыс, не қарғыс бере жүрер алдымызда зор шарттар бар! Осыны аңғар, жұртым қазақ! Бұл болып тұрған заман – Алаштың азаматына зор жүк. Ұлық іс ұсақтан ұлғаяды. Кірпіш зор емес, қаласаң қандай зор үй шығады. Шөпшектеп жиып шөмеледей илеу істейтін құмысқаны көрмейміз бе? …Құдай сәтін салғай «әмин» деп қол жайып «Алла» деп іске кіріселік!

Әлихан ұлағаты

·Жалпақ жұрттың көкірегінде жақсылық болмаса – жұрт жұрт болып тіршілік құра алмақ емес.

·Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден.

·Қазақ жұртының шырақ алып, түзу жолға бастар жігіттері қайда?!

·Өз күшіне сенбеген адам да, халық та ешқашан өмір бәйгесін ала алмайды.

·Жұрт әділ болмай – жұрт ісі оңға баспайды.

 Ретроспективалық сұхбатты жасаған:

 Әсет БЕКТҰР

 

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.