Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

БАҒЗАТ АҚЖОЛОВ: ЕЛБАСЫ ҮНДЕУІ – БЕРЕКЕ БАСТАУЫ

0 13  272

 Күні кеше ғана жарияланған Елбасының үндеуі толықтай әлеуметтік салаға арналып отыр. Бастамада көрсетілген әрбір бағыт өте өзекті, әрі дер кезінде көтеріліп отыр. 

Елбасының соңғы Жолдаулары экономикалық салаларға бағытталса, идеологиялық жағынан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының орыны ерекше.

Біз әуелден әлеуметтік мәселелерді ұдайы алда ұстайтын, мемлекеттің негізгі байлығы адам және оның өмірі деген қағиданы берік ұстанатын әлеуметтік мемлекетпіз. Елбасының үндеуі осы қағиданы қаншалықты ұстанатынымыздың дәлелі деуге болады. Елбасы өз сөзін наурыз айының көптеген жақсылықтармен басталатындығымен байланыстырып айтты, көптеген мерекелермен қатар халықтың рухын көтеріп, ертеңгі күнге деген зор сенім ұялататын, нақты бес әлеуметтік бастама көтерді. Ол бастамалардың барлығы жан-жақты қарастырылған, әрі орындалатыны анық екендігін нақты айтты. Аталған бес бастаманың барлығы өзекті, дегенмен халықтың ерекше көңілінен шыққан, көкейіне қонған тұрғын үй және оның қол жетімділігі болды. Қазақ «үйі бардың күйі бар», дегендей баспанасыз босып, сарыла кезегін тосып, өзгенің босағасын сығалап жүрген қаншама жастарымыздың үйлі-күйлі болуына зор мүмкіндік туып отыр.

Елең еткізер жаңалықтың бірі төмен айлық алатындардың жағдайының ескерілгендігі болды. Жалақыны арттыру үшін көрсетілген салық жүктемесін келер жылдан бастап 10 есеге азайту керектігі сөз болды. Яғни, келер жылдан бастап ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатындардың жеке табыс салығы 1 пайызды ғана құрайтын болмақ.

Елбасы ешқашан жас ұрпақтың сапалы білім алу мәселесін назардан тыс қалдырған емес. Әдетте бөлінетін 54 мың білім грантына қосымша 20 мың грант бөлуді, сондай-ақ жатақхана жетіспеушілігін жоюды мықтап қолға алынатыны айтылды. Жастарымызға мұндай зор мүмкіншілікті толығымен пайдаланып, жайлы жерде тұрып, жан-жақты білім алуға орасан мүмкіндік туып отыр.

Нұрсұлтан Назарбаев соңғы бағытта ел өңірлерін газбен қамтуға ерекше көңіл бөлген. Әрі, оның 1,5 жыл ішінде шешімін табу керек екенін баса айтты. Белгілі болғандай, бұл бастама елордадан бастау алып, еліміздің қалған өңірлеріне жол тартпақ. Бұл өз тұрғысында елдегі жылу мәселесін ғана емес, бірқатар экологиялық мәселелердің де шешім табатындығын меңзейді.

Елбасы сөз басында бұл бастамалардың көптен көкейде болғанын айтып, ал бүгін соны жүзеге асыруға жағдайымыздың толық мүмкіншілігі бар екенін алға тартты. Осының өзі әр нәрсеге сабырмен қарап, байсалдылық танытсақ мемлекет бірінші мүмкіншілік туғанда бірден халықтың жағдайын жасауға кірісетіндігін көрсетті. Бұл жоспарлардың барлығының жүзеге асуы  – ол елдегі тұрақтылықпен тыныштық, ұлтаралық келісіммен ел бірлігінің жемісті нәтижесі. Бастысы осы игіліктерді жүзеге асыру үшін балталаса да бұзылмайтын бірлігіміз болуы керек.

Кез-келген дамыған елдерде мұндай әлеуметтік мәселелер алдыңғы қатарға қойылып, шешімін тапқан. Ал сол дамыған елдердің ортасынан ойып тұрып орын алу үшін, осы жолғы үндеу ел тұрғындарының әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға бағытталып отыр.

Біз бүгінгі бірлігімізді, ел ретіндегі елдігімізді сақтай алсақ, елдің ертеңі үшін аянбай қызмет ететін ұлт бола алсақ осы жоспарлардың барлығы шүбәсіз белгілеген уақытта жүзеге асатындығына сенім мол. 

Бағзат АҚЖОЛОВ, “С.Ғылмани” мешітінің наиб имамы
 Egemen.kz 

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.