Сонымен қатар, ҚМДБ төрағасы Серікбай Сатыбалдыұлы Мәшһүр бабамыз жатқан кесенеде ашылған «Ескелді» мәдени-қонақүй кешеніндегі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының мұражайын аралады.
Облыс әкімі Болат Бақауов ойшыл ғалымның рухани мұрасын насихаттау бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстрды.
Бас мүфти мұражайдағы арнайы кітапшаға Мәшһүр Жүсіптің мол мұрасы жайлы ой-пікірін жазып, қолтаңбасын қалдырды.
Мәшһүр Жүсіп Көпеев және оның бай әдеби мұрасы қазақ халқының рухани қазынасы екенін айтқан Серікбай қажы Ораз ғұламаның шығармаларын ағылшын, орыс тілдеріне аударып, бастырудың маңыздылығын атап өтті.
Он бес жасына дейін медреседе білім алып, мұсылманша хат таныған Мәшһүр Жүсіп (1858-1931) Қараөткел, Атбасар, Қаражар маңын жайлайтын Алтай-Қуандық, Тоқа елдерін аралап, халық қазынасы – ауыз әдебеті үлгілерін жинапты. Ат мініп, ауыл аралаған балаң жігіт қанжығасына қағаз толы қоржынын бөктеріп ап бүкіл жаз, одан күз бойына Солтүстік өңірін шарлайды, көп жайлардың куәсі болады. Халықтың ауыз әдебиетін жинауға деген әуесқойлығын бірте-бірте өмірлік мақсат-мұратына айналдырған Мәшһүр Жүсіп ел арасынан өзінің бала күнгі естіген ертегілерін, қисса-жырларын, жаңылтпаштарын, жұмбақтарын қағаз бетіне түсіреді.