Құрметті, халал өнімді тұтынушылар!
«The Caspian International Restaurants Company» ЖШС-на қарасты «КФС» ресторандар желісіне берілген «ҚМДБ халал» сертификаты өз күшін жойғандығын хабарлаймыз.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін «КФС» ресторандар желісі Ресей Федерациясына қарасты халал стандарт талаптарына сай өндірілетін, ҚМДБ «Халал Даму» ЖШС-нің арнайы оқытылған қасапшылары тек қана қолмен бауыздап, бірнеше ауысыммен жұмыс істеген, «өлексе жеммен (мясокостная мука) қоректендірілмеген» «Белая птица» құс өнімдерін пайдаланып келді. Алайда, РФ тарапынан туындаған заңдық шектеулерге байланысты «КФС» ресторандар желісіне тасымалданатын «Белая птица» тауық өнімдерінің көлемі азайғандықтан, «КФС» мекемесі басшылығы «Белая птица» құс өнімдерімен қатар, ҚМДБ халал стандарты талаптарына сәйкес келмейтін басқа да бірнеше «Құс фабрикаларының» тауық өнімдерін қолданып отыр.
Қазіргі таңда «КФС» мекемесі қолданып жатқан «Белая птицадан» басқа тауық өнімдері ҚМДБ “Халал Даму» ЖШС-ң «Мал бауыздау және ет өңдеу халал стандарты» 1:2016 және «Халал өнімдерін тасымалдау мен сатуға, сақтауға, өңдеуге, дайындауға, өндіруге жалпы талаптар» 3: 2016 стандарттары талаптарына сәйкес келмейді.
Сол себепті, ҚМДБ «Халал Даму» ЖШС мен «The Caspian International Restaurants Company» ЖШС арасындағы келісімшарттың уақытша тоқтағандығын, «КФС» ресторандар желісінің тауық өнімдері толығымен «ҚМДБ халал стандарт» талаптарына сәйкес келмейінше, мекемеге берілген «ҚМДБ Халал» сертификаты мен «КФС» өнімдерінің сыртқы қаптамаларындағы «ҚМДБ халал» таңбасының өз күшін жойғандығын хабарлаймыз.
Дереккөз: ҚМДБ халал стандарттау бөлімінің баспасөз қызметі