Атақты имам Мұхиддин ән-Нәуауий өзінің Мүслимнің «Сахихына» жазған «әл-Минһәж» атты кең түсіндірмесінің бірқатар жерінде мүтәшабиһ хадистерге түсіндірме беріп, жорамал жасағанына куә боламыз. Біз олардың барлығын бұл жерде бере алмайтын болғандықтан мысал ретінде екі-үш хадиске жасаған түсіндірмесін келтіріп отырмыз.
Имам ән-Нәуауий Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Адам ұрпақтарының жүректерінің бәрі әр-Рахманның саусақтарының екі саусағының арасында бір ғана жүрек тәрізді тұрады. Оны қалаған жағына төңкеріп, бұрады. Сосын Пайғамбарымыз былай деді: «Уа, жүректерді (қалаған жағына) бұрушы Аллам! Біздің жүректерімізді өзіңе деген тағат-ғибадатқа қарай бұра гөр!»- делінген хадисіндегі адамдардың жүректерінің Алла тағаланың екі саусағының арасында болатындығына бай-ланысты былай дейді: «Бұл хадис «Ахадисус-сифатқа» (Алла тағаланың сипаттарына қатысты мүтәшабиһ хадистер) жатады. Бұл жерде алдында айтылған екі пікірге жақын екі көзқарас бар.
Біріншісі, бұған ешбір жорамал жасамастан әрі ондағы сөздің мағынасының бізге беймәлім екендігін мойындай отырып иман келтіру. Яғни, оның ақиқаттығына иман келтіру. Және хадисте қолданылған мүтәшабиһ сөздердің тура мағынасының мұрат емес екеніне де иман келтіру. Алла тағала: «Оған еш нәрсе ұқсамайды»,- дейді.
Екіншісі, хадистердегі сипатқа қатысты сөздерді Алла тағаланың ұлықтығына лайық түрде жорамал жасау. Мұндай жағдайда «Пәленше менің жұмсам жұдырығымда, ашсам алақанымда» делінгендей сөздің ауыспалы мағынасы таңдалады. Мұндай сөз тіркесінде оның шынымен-ақ алақанында екендігі емес, оның құзіретінде екендігі білдіріледі. Және «Пәленше менің саусақтарымның арасында қалаған жағыма аударамын» делінген кезде де «Ол маған толық бағынады, оған қатысты қалағанымды істей аламын» деген мағынаны білдіреді.
Ендеше, бұл хадистің мағынасы: «Алла тағала құлда-рының және басқалардың жүректеріне қатысты нені істей-мін десе, бұл оның құзіретіне бағынышты. Адамның екі сау-сағының арасындағы нәрсенің қарсыласпайтыны секілді Алла тағалаға да ешбір нәрсенің қарсы келіп, ырық бермей кетуі мүмкін емес. Міне, сондықтан Алла тағала арабтармен өздері түсінетін тілдік тәсілмен сөйлескен. Оларға түсініктірек болу үшін көзге көрінетін мағыналарды мысалға келтірген. Егер «Алла тағаланың құдіреті біреу емес пе, ал мысал келтірілген саусақ екеу ғой» делінсе, жауап ретінде былай дейміз: «Мұндай жерде мысалдың екеу немесе көпше түрде келуі маңызды емес, жоғарыда айтқанымыздай бұл ауыспалы мәнде, әдеби тәсіл ретінде арабтардың үйреншікті әдісі бойынша мысал келтірілген»1.
Имам Нәуауий Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Алла тағала күндіз күнә істегендердің тәубасын қабыл алу үшін түнде алақанын жаяды. Ал түнде күнә жасағандардың тәубасын қабыл алу үшін күндіз алақанын жаяды. Бұл жағдай күннің батыстан шығатын уақытқа (қияметке) дейін жалғасады»,- деген хадисіндегі «күнә жасаған құлдарының тәубаларын қабыл алу үшін Алла тағаланың алақан жаюын» былай деп түсіндіреді: «Тәубенің қабыл болуы белгілі уақытпен шектелмейді. Алла тағаланың алақан жаюы – тәубаның қабыл болуын білдіру үшін ауыспалы мағынада қолданылып тұр. Әл-Мәзири былай деді: «Бұл жерде мұрат болған мағына – тәубаның қабыл болуы. Өйткені, арабтар бір нәрсеге риза болса, қабыл алғанының белгісі ретінде қолын ашады, ал ұнатпаса онда алақанын жұмады. Міне, сондықтан, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл ха-дисте көзге көрінетін нәрсені мысал келтіру арқылы арабтар-дың түсінетін тәсілімен мұрат болған мағынаны білдіріп тұр. Яғни, бұл жерде сөздің ауыспалы мағынасы қолданылған. Әйтпесе, ағза ретіндегі қол Алла үшін мүлде мүмкін емес»2.
Мүслимнің жинағында Мұғауия ибн әл-Хакам әс-Сулламиден риуаят етілген ұзын хадистің соңғы жағында былай делінеді: «Менің бір күңім бар еді. Қойларымды Ұхұд пен әл-Жаууаания таулары жақта жаятын. Бір күні жайып жүрген қойларының біреуін қасқырдың сүйреп бара жатқанын байқадым. Адам баласымын ғой, ел секілді мен де ашуланып, қайғырамын. Әлгі күңімді бір қойдым. Сосын Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жанына келдім. (Болған жайды айтып бердім). Ол (с.ғ.с.) маған бұл істің үлкен күнә екенін айтты. Мен: «Уа, Алланың елшісі! Күңіме азаттығын берейін бе?»- дедім. Ол (с.ғ.с.): «Күңіңді алып келші»,- деді. Сөйтіп мен күңімді Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) алып келдім. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған: «Алла қайда?»- деп еді, ол: «Аспанда»,- деп жауап берді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мен кіммін?»- деді. Ол: «Сен Алланың елшісісің»,- деп жауап қайырды. Содан кейін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) маған: «Басына азаттық бер, мұсылман екен»,- деді».
Имам ән-Нәуауий осы хадиске қатысты былай деп түсіндірме берген.
Бұл хадис «ахадисус-сифатқа» (Алланың сипатына қатысты хадистер) жатады. Мұндай мәселеге қатысты екі көзқарас бар. Бұл екі көзқарас жайлы «иман» тарауында талай рет айтылды. Біріншісі, Алла тағалаға еш нәрсенің ұқсамайтынын, әрі Оның жаратылғандарға тән ерекшеліктерден пәк екеніне сене отырып, айтылған сипаттың мағынасына кірместен жалпылай иман келтіру. Ал екіншісі, Аллаға лайық келетін кейіпте жорамалдау. Бұл көзқарастағылар былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Алла қайда?» деуі арқылы оның бір Аллаға сеніп, сенбейтінін анықтағысы келді. Яғни, барлық жаратылысты басқарып, әрі барлық істі істеп тұрған жаратушының жалғыз Алла екендігіне,тарқата айтсақ, намаз оқығанда кісінің Қағбаға бет бұратыны секілді, дұға жасаушының тілек тілегенде қолын аспанға көтеру арқылы мінәжат жасалатын бір Аллаға сеніп, сенбейтіндігін білгісі келді. Жүзді қағбаға бұрған уақытта Алланың Қағбаның ішінде болмайтыны секілді, қолды аспанға жайған кезде де Ол аспанның ішінде болмайды. Керісінше, Қағба намаз оқушылардың құбыласы болғаны тәрізді, аспан да дұға етушілердің құбыласы. Немесе Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оның жердегі пұттарға табынушы не табынушы еместігін білгісі келді. Ол: «Аспанда» деп жауап бергеннен кейін оның пұтқа табынушы емес, бір Аллаға сенетіндігін білді.
Имам ән-Нәуауий бұл мәселеге қатысты сөзін мәшһүр ғалым әл-Қади Ъиадтың былай деген сөзімен жалғастырды: «Мұсылмандардың фақиһтері мейлі хадис ғалымдары не кәлам саласының мамандары болсын, тіпті діни үкімді басқалардан алатын қарапайым мұқаллидтері болсын бәрі«Аспандағының сендердің үстеріңе жерді төңкере салуынан қорықпайсыңдар ма?» деген аяттар секілді мұндай «Алла аспанда» делінген сөздердің тура мағанасының мұрат еместігін бірауыздан айтқан. Мұндай сөздердің тура мағынасы мұрат болмағандықтан, барлық ғалымдар бойынша жорамалданған…» 3
Мүслимнің хадис жинағына түсіндірме жасаған ғалым әл-Мазири де жоғарыдағы хадис жайлы былай дейді:
«Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) күңнің мұсылман, не мұсылман еместігін білдіретін қандай да бір белгісін білгісі келді. Өйткені, кәпірлердің табынатын құдайлары саналатын от пен пұт жерде орналасқан. Әрқайсысы қажетін өз құдайынан сұрайды. Ал аспан болса, жалғыз Аллаға сенетіндердің дұға, тілектерінің құбыласы. Міне, сондықтан оның неге иман келтіретінін анықтағысы келді. Сөйтіп, оның түсінетін тілімен сөйлесті. Сосын ол жалғыз Аллаға иман келтірушілердің дұға жасаған уақытта қолдарын жаятын аспанды ишарат етті. Құбылаға бет бұру – Алла тағаланың Қағбамен шектеулі екенін көрсетпейтіні секілді, Аллаға иман келтірушілердің дұға жасаған уақытта қолдарын жаятын аспанды меңзеу де Оның белгілі бір жақта әрі аспанмен шектеулі екенін де білдірмейді»4.
Жоғарыдағы хадистердің түсіндірмелерінен байқағанымыздай, Имам ән-Нәуауий мүтәшабиһ хадистерді Алла тағаланың ұлықтығына лайық мағынада жорамалдауға болатындығын араб тілі тәсілдерінен мысалдар бере отырып айшықтаған.
Атақты хадис ғылымының майталман шебері, мәшһүр ғалым ибн Хажар әл-Асқалани да өзінің имам Бұхаридың «Сахихына» жазған «Фатхул-Бари» атты кең түсіндірмесінің бірқатар жерінде мүтәшабиһ хадистер мен аяттарға тәуил жасағандығын байқаймыз. Мысалы, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Құлым маған бір қарыс жақындаса, мен оған шынтақтай жақындаймын, ал ол маған шынтақтай жақындаса, мен оған бір құшақ жақындаймын. Ал ол маған жүріп келсе, мен оған жүгіріп барамын»,- деген Ұлы Жаратушыдан риуаят еткен қудси хадисіндегі «Құлдың Алла тағалаға қарыс, құшақ мөлшерінде жақындауын және Аллаға қарай жүріп келуін» құлдың Аллаға ғибадат, құлшылық арқылы рухани жақындауын, ал «Алланың шынтақтай, құшақ мөлшерінде жақындауын және Алланың құлына қарай жүгіруін» Алланың құлына деген рахымдылығының тездігі әрі сауабының еселеніп, мол беретіндігі әдеби тәсілмен ауыспалы мағынада айтылып тұрғандығын білдірген. Кітапта аталмыш хадисте қолданылған сөздердің тура мағынасы емес, ауыспалы мағынасын таңдап, жорамал жасаған ибн Баттал, Табари сынды ғалымдардың пікірлерін жеткізген.5 Сондай-ақ, ибн Хажар Асқалани Алла елшісінен жеткен хадистердегі «құлдарының жасаған тәубасына Алланың қуануын» ауыспалы мағынада «Алланың разылығы» деп түсіндірген. Әл-Хаттабидың және ибн Әби Жамраның: «Адамдар үшін қолданылатын «қуануды» Алла тағала үшін қолдануға болмайды, бұл жерде ауыспалы мағынада «Алланың разылығын» білдіріп тұр» деген мәндегі сөздерін келтірген.6
Бағзы ғалымдар мүтәшабиһ аят-хадистердегі Ұлы Жаратушының сипаттарына қатысты жасалған жорамалдың араб тілі қолданыстарына жақын келген жағдайда жорамал жасаудан тартынбаған. Ал араб тілі қолданыстарынан алыс көрінген тұстарда аят, хадистерде айтылғандарға жалпылай иман келтіріп, мағынасын Аллаға тапсыру арқылы орта жолды ұстануға тырысқан. Бұл жайлы ибн Дақиқил-ъид былай дейді: «Мүшкилә (мағынасы айқын емес) сипаттарға қатысты біздің ұстанымыз былай: «Мұндай сипаттар Алла тағаланың мұрат еткен мағынасы бойынша ақиқат әрі шын. Кімде-кім мұндай сипаттарды жорамалдап, тәуил жасаса, оның жасаған жорамалына қараймыз. Егер жорамалы араб тілінің талаптарына сай болса, онда оған қарсы шықпаймыз. Ал егер араб тілі қолданысынан алыс болса, онда Алла тағаланы жаратылғандарға ұқсату мен кемшіліктерден пәктейміз де, мұндай сипаттарға жалпылай иман келтіре отырып, мұрат болған мағынасын Аллаға тапсырамыз».
Атақты ғалым ибн Кәсирді осы бағытты ұстанатындардың қатарына жатқызуға болады. Себебі, ол өзінің «Тафсирул-Құранил-азим» атты 4-томдық көлемді тәпсірінің бірқатар жерінде мүтәшабиһ аяттардағы сипатқа қатысты сөздердің ауыспалы мағынасын таңдап, астарлы мәндерін келтірген. Мысалы, «Аспанды өз қолымызбен көтердік»7 деген аяттағы «қолымызбен» деген сөзді «құдіретімізбен» деп ауыспалы мағынада тәпсірлеп, ибн Аббастың, Мүжаһид, Қатаданың, Сәуридің8 және тағы басқалардың да солай айтқандығын білдірген.9
«Фатх» сүресіндегі: «Саған (қолдарын беріп) серт беріп жатқандар, шын мәнінде, Аллаға серт беріп жатыр» делінгеннен кейін келетін«Алланың қолы олардың қолдарының үстінде»10 деген аятты Ибн Касир: «Ол олармен бірге. Сөздерін естіп, мекендерін біледі. Тіпті ішкі ниеттерін де. Алла тағаланың өзі пайғамбары арқылы олардың серттерін қабылдап тұр» деп ауыспалы мағынада тәпсірлеген.11
Ибн Касир: Алла тағаланың Нұх (ғ.с.) пайғамбарға қарата айтқан: «Кемені біздің көз алдымызда және уахиымызбен жаса»12 деген аятындағы «көз алдымызда» дегенді көру мүшесі ретіндегі көз емес, ауыспалы мағынада «Кемені қадағалауымызбен әрі уахи арқылы үйретуіміз бойынша жаса» деген мәнде тәпсірлесе13, «Раббыңның үкіміне сабыр ет. Өйткені, сен біздің көз алдымыздасың»14 деген аятты «Сен олардың саған жасаған қиындықтары мен шектірген жәбір-жапаларына сабыр ет. Өйткені, сен біздің қадағалауымыз бен қорғауымыздасың, Алла сені адамдардан қорғайды, қам жеме» деген мағынада тәпсірлеген.15
Ал, «Маида» сүресіндегі: «Алланың қолы байлаулы дейді яһудилер. Өздерінің қолы байлансын! Осы сөздері үшін Алланың рахымынан қағылып, лағынеттелсін! Жоқ, тіптен олай емес. Керісінше, Алланың екі қолы да ашық. Қалағанына қалағанынша (ризығын) береді»16,- делінген аятты ибн Кәсир былай деп тәпсірлеген: «Әли ибн Әби Талханың жеткізуі бойынша ибн Аббас былай деген: «Еврейлер бұл сөздерімен Алланың қолы шынымен де байлаулы дегенді меңзеп тұрған жоқ. Бірақ олар бұл сөздерімен «Алла сараң, сараңдығынан құзіретіндегіні бермеді деп отыр. Алла олардың бұл сөздерінен пәк. Аяттағы «Алланың қолы байлаулы» деген сөйлем арқылы ауыспалы мағынада «сараңдықтың» меңзелгені Мүжаһид, Ъакрама және Қатада, Судди, әд-Даххактан да риуаят етілді. Еврейлердің: «Алланың қолы байлаулы»,- деген жалаларына Алла тағаланың: «Керісінше, Алланың екі қолы да ашық. Қалағанына қалағанынша (ризығын) береді»,- деп жауап беруі ауыспалы мағынада Алланың жомарттығы мен шексіз дархандығын білдіретіндігін Ибн Кәсир тәпсірінде кеңінен түсіндірген.17
Расында да, «Алланың екі қолы да ашық» дегеннен кейінгі аяттың «Қалағанына қалағанынша (ризығын) береді» деп жалғасуы – аяттағы екі қолдың мүше ретіндегі қол емес, керісінше, бүкіл болмысқа иелік еткен Ұлы Жаратқанның шексіз дархандығын айқын білдіріп тұрған жоқ па? Мұны арабты былай қойғанда, жалпы тіл түсінетін кез келген адамның түсінуі қиын емес. Ендеше, мұны мүтәшабиһ аятқа қатысы жоқ деуге әбден негіз бар. Себебі, аят оқылғанда оның тура мағынасы емес, бірден ауыспалы мағынасы ойға оралады. Сондай-ақ, еврейлердің «Алланың қолы байлаулы» деген жалаларына жауап ретінде келген аяттың «Алланың қолы ашық» деп жекеше түрде емес, «екі қолы да ашық» деп берілуі – Ұлы Жаратушының жомарттығының шексіздігін білдіру үшін. Әйтпесе, белгілі бір санды көрсету мақсатында емес.
Ибн Кәсир: «Сендер қайда болсаңдар да Алла сендермен бірге. Алла тағала сендердің не істеп жатқандарыңды толық көруші»18,- деген аятты былай деп тәпсірлеген: «Ол сендерді бақылаушы әрі істеген істеріңді толық көреді. Жерде яки теңізде болсаңдар да, күндіз болсын, түнде болсын немесе үйде яки түзде болсын мұның бәрі оның ілімінде бірдей деңгейде. Мұның бәрі оның көруі мен естуінің шеңберінде. Сондықтан Ол сендердің сөздеріңді толық естіп, орындарыңды толық көреді. Жасырын, көмескілеріңді де біледі».19
Ибн Кәсир, сондай-ақ: «Біз оған сендерден де жақынбыз. Бірақ сендер көрмейсіңдер»20,- деген аятты «періштелерімізбен жақынбыз» деп тәпсірлеп, жорамал жасаған.21
Ал, кейбір ауыспалы мағы-насын таңдау күрделі келетін тұстарда ибн Касир тәуилге барып, жорамал жасамаған. Алла тағала нені мұрат еткен болса, соған жалпылай иман келтіре отырып, сөздің адам санасына бірден келетін тура мағынасының Алла үшін мүмкін еместігін білдірген. Ол«Алла сосын аршқа истиуа22 етті» деген аятқа қатысты былай дейді: «Бұл жерде Сәлафус-салихтардың – Малики, әл-Аузағи, әс-Сәури, Ләйс ибн Саъд және Шафиғи, Ахмед, Исхақ ибн Раһауия һәм басқа да бұрынғы, әрі қазіргі мұсылман имамдарының23 жолын ұстанамыз. Ол жол – мұндай (Алла тағалаға қатысты айтылған мүтәшабиһ) аяттардың қалайлығын (яғни, онда айтылған сипаттың Алла тағала үшін белгілі бір кейіпте болатындығын) қабылдамастан (من غير كيف), әрі Жаратушыны жаратылғандарға ұқсатпастан (تشبيه) және аятта айтылған сөздердің Алла мұрат еткен мағынасын жоққа шығармастан (تعطيل) үстірт оқып қана өту. Аятта қолданылған сөздердің Мүшаббиһиндердің24санасына сап ете түсетін тура мағынасы (орнығу, отыру, жайғасу) Жаратушыға лайық емес. Өйткені, Алла тағалаға жаратылғандардың ешқайсысы ұқсамайды.«Алла тағалаға ешнәрсе ұқсамайды. Ол толық естиді, әрі көреді»25. Керісінше бұл жерде имамдардың (мұсылмандардың негізгі ғұламалары) олардың ішінде Бұхаридің ұстазы Наъим ибн Хаммадул-Хуззаъидың айтқанындай: «Кімде кім Алланы жаратылғандарға ұқсатса, кәпір болады. Сондай-ақ, кімде кім Алланың өзін сипаттаған сипаттарын жоққа шығарса, ол да кәпір болады. Алла тағаланың өзін сипаттаған ешбір аятында және пайғамбардың ешбір хадисінде Жаратушыны жаратылғандарға ұқсату жоқ. Кімде кім анық аяттарда және сахих хадистерде айтылған сипаттарды Алла тағаланың ұлықтығына жарасатын мағынада бар деп қабылдаса әрі Алла тағалаға лайық емес (отыру, орнығу, жайғасу сияқты) кемшіліктерді жоққа шығарса, ондай адам нағыз тура жолды ұстанған болады»26.
Имам Шәукани да кей аяттарда сәлафтардың жолын ұстанып, тәуил жасаудан бас тартса, енді бір жерлерде сөздің ауыспалы мағынасы мен астарлы мәніне үңіліп, жорамалға барған. Мысалы, имам Шәукани «Барлық билік пен басқару қолында болған Алла тағала өте ұлы әрі берекет иесі»27 деген аяттағы «қолында» деген сөзді тура мағынада емес, ауыспалы мағынада «иесі, құдірет» секілді мағынада екенін білдірген.28
Қазақ та «қол» сөзін көбіне «күш», «иелік», «билік» секілді ауыспалы мағынада қолданады. Мысалы, «қол жинап келді» дегенде, «әскер, күш» жинап келгендігін түсінген. Махамбеттің: «Артымнан келіп қол жетті, Аз жетпеді мол жетті» деген жыр жолдары да осы мағынады айтылған. Сондай-ақ, «Әскердің тізгіні патшаның қолында» дегенде де «патшаның билігі мен құзіретінде» деген мағынаны меңзеген.
Шәукани сахабалардың Алла елшісіне қолдарын беріп, исламнан, иманнан айнымайтындықтарына байла-нысты берген серттеріне бай-ланысты«Саған серт беріп жатқандар шын мәнінде Аллаға серт беріп жатыр» делінген Құран аятынан кейін келетін «Алланың қолы олардың қолдарының үстінде»29 деген аяттағы «Алланың қолын» ағза, мүше, құрал ретіндегі қол емес, «сендердің Пайғамбарымызбен жасасқан серттерің мен уағдаларың Алламен жасасқандай» деген ауыспалы мағынада, әдеби тәсіл ретінде білдірілген деген жорамалға барған. Шәукани «Фатхул-қадир» атты кітабында Кәллабидің аяттағы «Алланың қолы» деген сөз тіркесіне қатысты: «Алланың оларға берген нығметі мен тура жолға салуы олардың Алла елшісіне берген серттері мен уағдаларынан да жоғары һәм бағалы» дегенін және Ибн Кайсанның: «Алланың пайғамбарына деген жәрдемі мен қолдауы олардың берген жәрдемі мен қуатынан да жоғары» деген жорамал тұжырымдарын берген.30Шәукани «Фажр» сүресінің «Раббың келді»31 деген аятындағы «келуді» «Раббыңның әмірі мен үкімі келді, дәлелдері айқындалды» деп жорамалдаған.32
Құранның кейбір аяттары мен бағзы хадистердегі Алла тағалаға қатысты айтылған тура мағынасы белгілі бір ағзаны немесе жаратылғандарға тән іс-әрекеттерді білдіретін сөздерге қатысты сәлаф пен халаф ғалымдарының көзқарасы қысқаша осы. Байқағанымыздай, сәлаф ғалымдары болсын, халаф білгірлері болсын барлығының мақсаты – Алла тағаланы жаратылыстарға тән кемшіліктерден пәктеп, ұлықтығына бас ию. Олардың тәсілдері түрлі болғанымен мақсаты біреу. Сәлаф «мұндай сөздердің тура мағынасы Алла үшін мүмкін емес. Бұл сөздердің Алла тағаланың ұлықтығына лайық мағынасы бар, бірақ біз оны нақты білмегендіктен ауыспалы мағынасын таңдап, тәуил жасамаймыз» деп, ақылдарына тоқтау салу арқылы толық мойынұсынушылыққа барған. Ал халаф болса, Құран араб тілінде түскендіктен, онда арабтардың өз араларында қолданатын ауыспалы мағынаны білдіретін тәсілдері мен астарлы мәнді меңзейтін әдістері де қолданылған. Сондықтан, белгілі бір ағзаны яки жаратылыстарға тән іс-әрекеттерді білдіретін сөздердің тура мағынасын Алла тағалаға қолдануға болмайтындықтан, олардың ауыспалы мағынасы мен астарлы мәніне қарай жорамалдау қажет деген. Жасалған жорамал, таңдалған мағына Құранның анық аяттарында білдірілген Алла тағаланың ұлықтығына лайық сипаттарына сай жүргізілгендіктен, тәуил жасауды қате санамаған.
Әсілінде халафтар ғана емес, сәлафтар да жорамал жасап, тәуилге барғанын айта кеткеніміз жөн. Сәлафтардың мұндай сөздерге тек қана иман етеміз деумен шектелмей, олардың тура мағынасы Алла үшін мұрат емес деуі – қысқа тәуилге жатады. Ал халафтардың мұндай сөздердің тура мағынасының мұрат еместігін айтумен қатар, мүтәшабиһ сөздердің Алланың ұлықтығына сай келетін ауыспалы мағынасын таңдауы – кеңейтілген тәуилге жатады. Бұл жайлы Ханафи мәзһабының белді ғалымы Али ибн Сұлтан Мұхаммед Мұлла әл-Қари былай дейді: «Сәлаф та, халаф та тәуил жасаған. Себебі, олардың бәрі сөздің тура мағынасы мұрат емес деген. Бірақ салфтардікі қысқа тәуилге, ал халафтардыкі кең тәуилге жатады. Себебі, халафтардың заманында бидғатшылардың көбеюі – оларды осыған итермелеген».33
Хабари сипаттарға қатысты жоғарыда келтірген әһлі сүннет уәл-жамағатқа жататын сәлаф һәм халаф ғұламаларының көзқарастарына сәйкес келмейтін адасқан Мүшаббиһа деген ағым бар. Олар Құран және хадистердегі Аллаға байланысты айтылған белгілі бір ағзаны немесе жаратылыстарға тән іс-әрекеттерді білдіретін сөздердің тура мағынасын негізге алып, Алланы басқа жаратылғандарға ұқсататындай сыңай танытып, қате пайымға барушылар.
Имам Шәукани «Иршадул-фухул фи ъилмил-усул» атты еңбегінде былай дейді: «Ақиданың негіздері, діннің негіздері және Ұлы Жаратушының сипаттарына байланысты үш түрлі мәзһаб бар:
Біріншісі, мұндай мәселелерде тәуилге барып, жорамал жасауға болмайды. Керісінше сөздің тура мағынасы негізге алынады да ешбір нәрсесі тәуил жасалмайды. Бұл мәзһаб Мүшаббиһалардың (Алланы басқа жаратылғандарға ұқсататындар) көзқарасы.
Екіншісі, мұндай мүтәшабиһ сөздердің міндетті түрде бір жорамалы бар. Бірақ біз оны нақты білмегендіктен тәуил жасамаймыз. Сонымен қатар Алла тағаланы басқа жаратылғандарға да ұқсатпаймыз әрі аяттағы сипаттарды да мүлдем жоққа шығармаймыз. Өйткені Алла Тағала: «Оның тәуилін тек қана Алла біледі» дейді. Ибн Бурһан: «Бұл сәлафтардың көзқарасы» деді.
Үшіншісі, тәуил жасай-тындардың мәзһабы. Ибн Бурһан былай деді: «Бұл үш мәзһабтың алғашқысы қате. Ал қалған екеуі сахабалардың да ұстанған жолы. Үшінші мәзһаб Али, Ибн Мәсғуд, Ибн Аббас, Үмму Саламадан да жетіп отыр.34
Байқағанымыздай, Шәукани хабари сипаттарға қатысты сөздердің тура мағынасын негізге алатындарды «мүшаббиһа» (Алланы басқа жаратылғандарға ұқсатушылар) деп атай келе, оның қате екенін Ибн Бүрһанның сөздерімен келтіріп отыр. Ал қалған екеуі сахабалардың да жолы дей келе, Аллаға лайық мағынада тәуил жасайтын халафтардың көзқарасын ұстанатын кейбір сахабалардың есімдерін атаған.
СІЛТЕМЕЛЕР:
1 Мұхиддин ән-Нәуауий, әл-Минһәәж Шарх сахих Мұслим ибнил-Хажжаж, 15-16 том, 420-бет. «Дарул-мағрифа» баспасы, 2007 ж.
2 Мұхиддин ән-Нәуауий, әл-Минһәәж Шарх сахих Мұслим ибнил-Хажжаж, 15-16 том, 420-бет. «Дарул-мағрифа» баспасы, 2007 ж.
3 Мұхиддин ән-Нәуауий, әл-Минһәәж Шарх сахих Мұслим ибнил-Хажжаж, 5-6 том, 26-27 бет. «Дарул-мағрифа» баспасы, 2007 ж.
4 Мұхаммед Наъим Мұхамед, әл-Қанун фи ъақайдил-фирақи уәл-мәзаһибил-исламия, 403-бет. «Дәрус-салам» баспасы, Египет, 2007 ж.
5 Ахмад Ибн Али ибн Хажар әл-Асқалани, Фатхул-Бари би шархил-Бухари, 15-том, 490-493 беттер. «Дарул-фикр» баспасы, Бәйрут, 2000 ж.
6 Ахмад Ибн Али ибн Хажар әл-Асқалани, Фатхул-Бари би шархил-Бухари, 12-том, 385-бет. «Дарул-фикр» баспасы, Бәйрут, 2000 ж.
7 «Зәрият» сүресі, 47-аят.
8 Бұл кісілердің барлығы алғашқы буын нағыз сәлафус-салихиндерден.
9 Ибн Кәсир, Тафсирул-Құранил-азим, 4-том, 217-бет. «Дарул-Кутубил-илмия» баспасы, Бәйрут, 1997ж.
10 «Фатх» сүресі, 10-аят.
11 Ибн Кәсир, Тафсирул-Құранил-азим, 4-том, 168-бет. «Дарул-Кутубил-илмия» баспасы, Бәйрут, 1997ж.
12 «һүд» сүресі, 37-аят.
13 Ибн Кәсир, Тафсирул-Құранил-азим, 3-том, 420-бет. «Дарул-Кутубил-илмия» баспасы, Бәйрут, 1997ж
14 «Тұр» сүресі, 48-аят.
15 Ибн Кәсир, Тафсирул-Құранил-азим, 4-том, 224-бет. «Дарул-Кутубил-илмия» баспасы, Бәйрут, 1997 ж.
16 «Маида» сүресі, 64-аят.
17 Ибн Кәсир, Тафсирул-Құранил-азим, 2-том, 74-бет, «Маида» сүресінің 64-аятының тәпсірі. «Дарул-Кутубил-илмия» баспасы, Бәйрут, 1997ж.
18 «Хадид» сүресі, 4-аят.
19 Ибн Кәсир, Тафсирул-Құранил-азим, 4-том, 280-бет. «Дарул-Кутубил-илмия» баспасы, Бәйрут, 1997 ж.
20 «Уақиға» сүресі, 85-аят.
21 Ибн Кәсир, Тафсирул-Құранил-азим, 4-том, 280-бет. «Дарул-Кутубил-илмия» баспасы, Бәйрут, 1997 ж.
22 Истиуа – сөзінің тура мағынасы «отырды, орнықты, жайғасты» дегенге саяды.
23 Мұсылман имамдары – негізгі ғалымдары.
24 Мүшаббиһиндер – Алланы басқа жаратылғандарға ұқсататындар.
25 «Шура» сүресі, 11-аят.
26 Ибн Кәсир, Тафсирул-Құранил-азим, 2-том, 213-бет, «Ағраф»
(жалғасы бар)