«Aқыл-ойдың көркі – тіл, тілдің көркі – сөз»
Ж. Баласағұн
Адамның қоғамда өз орнын табуында, көпшілік құрметі мен сеніміне ие болуында, кемел ғұмыр кешуінде орнымен, дәмді, дәйекті сөйлей білу, тауып айтатын тапқырлығы үлкен рөл атқарады. Өйткені ақылы кемел, кісілігі зор, білімі мол адам ғана солай сөйлей алады. Ондай дәмді, қисынды, қысқа қайыратын қызықты, айшықты да әділ сөзді халық ұйып тыңдап «Тура сөз –құдайы сөз» деп тоқтаған.
«Өнер алды – қызыл тіл», «Аузы құлып сандықты тіс ашпаса, тіл ашады» деп тілді аспандата дәріптесе, енді бірде «Басқа пәле – тілден», «Көнектей басыңа шүмектей тілің жау», «Айтылған сөз – атылған оқ» деп орынсыз айтылған сөздің абыройды айрандай төгетінін айтқан. «Сөз қадірін білмеген – өз қадірін білмейді» деген халық «Құлаққа кірген суық сөз, көңілге барып мұз болар», «Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді» деп, сөз семсерін оңды-солды сермей берудің көңіл жаралайтынын, сондықтан, әрбір сөзге абай болуды меңзейді, сөзбен жұбатуға да, жылатуға да болады.
Жаратушы Иеміз Алла Тағала адам баласын сансыз нығметтерге бөлеген. Қасиетті Құран Кәрімде:
وَإِن تَعُدُّوا نِعْمَةَ اللَّهِ لَا تُحْصُوهَا
«Егер Алланың нығметін санайтын болсаңдар санына әсте жете алмайсыңдар»[1], – дейді.
Сол сансыз ұлы нығметтердің бірі – сөйлеу нығметі. Сөйлей алу ұлы нығмет болса, тіл оның құралы.
Тілдің құдіреті жайында бір ақын ағамыз былай деп жырлаған:
Тіл деген – алып мұхит түбі терең,
Піспегі толқын шашқан күбі ерен.
Қадірін тілдің сұра сақаулардан,
Көзіне жас алып бір күбірлеген.
Тіл деген – жарық жұлдыз аспандағы,
Арманның қиял жетпес баспалдағы.
Қадірін тілдің сұра мылқаулардан,
Көлінен ұшпай қалған қасқалдағы.
Тіл деген – адастырмас темірқазық,
Өрісі магнитінің өмірге азық.
Қадірін тілдің сұра кереңдерден,
Сөйлеуді арман еткен көңіл жазып.
Шындығында сөйлей алу, көкейіңдегі бүткіл сезімдер мен ойыңды екінші бір адамға жеткізу, Алланың адам баласына берген шексіз нығметтерің бір ғана көрінісі. Алла Тағала осы тілмен пайғамбарларды жіберіп, осы тілмен дінді жеткізген, осы тілмен біз иманға келеміз. Құран Кәрімде:
وَمَا أَرْسَلْنَا مِن رَّسُولٍ إِلاَّ بِلِسَانِ قَوْمِهِ لِيُبَيِّنَ لَهُمْ
«Біз әр пайғамбардың қауымына ақиқатты ашып түсіндірсін деп, тек өз қауымының тілінде сөйлейтін етіп жібердік»[2], – дейді.
Тіл Алла Тағаланың ерекше жаратылысы екені жайында:
أَلَمْ نَجْعَلْ لَهُ عَيْنَيْنِ، وَلِسَاناً وَشَفَتَيْنِ
«Біз оған (көрсін деп) екі бірдей көз бермедік пе? (сөйлесін деп) бір тіл, қос ерін (бермедік пе)?»[3], – дейді.
Тіл – адамды басқа жаратылыстардан ерекшелейтін негізгі белгі. Адамның ең басты ерекшелігінің бірі, төлқұжаты. Бұл жайында қасиетті Құранда:
الرَّحْمَنُ، عَلَّمَ الْقُرْآنَ، خَلَقَ الْأِنْسَانَ، عَلَّمَهُ الْبَيَانَ
«Рахман, (Алла)! (Адамдар мен жындарға) Құранды үйретті. Адамды (жоқтан) жаратты. Оған сөйлеуді үйретті»[4], – деп келеді.
Бұл дүниеде біз тілге үкім етіп, иелік етсек қияметте ол біздің иелігімізден сусып шығып, Алланың әмірімен ғана сөйлейді. Бұл дүниедегі жаман-жақсы сөздерімізді жіпке тізгендей етіп, алдымыздан шығарады, солайша біздің барар мәңгі мекенімізді айқындайды. Бұған қатысты аятта:
يَوْمَ تَشْهَدُ عَلَيْهِمْ أَلْسِنَتُهُمْ وَأَيْدِيهِمْ وَأَرْجُلُهُم بِمَا كَانُوا يَعْمَلُونَ
«Қиямет күні олардың тілдері һәм қол-аяқтары дүниеде не істеп не қойғанын жіпке тізгендей етіп айтып беріп, өздеріне қарсы куә болады»[5], – делінген.
Адам баласы үшін тілдің өткірлігін жете түсінген бабаларымыз: «Ащы тілдің заһары жылан уынан да күшті», «Адамды төрге де, көрге де сүйрейтін сол байлаусыз тіл», «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады», «Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді», «Он күнəнің тоғызы тілден екен» деп, бекер айтпаса керек.
Хамзат Әділбеков
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы
[1] «Нәхл» сүресі, 18-аят.
[2] «Ибраһим» сүресі, 4-аят
[3] «Бәләд» сүресі, 8-9 аяттар.
[4] «Рахман» сүресі, 1-4 аяттар.
[5]«Нұр» сүресі, 24-аят.