Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Өзіне қатысы жоқ сөзге араласу

0 4  994

Өзіңе қатысы жоқ іске, сөзге араласу қазіргі замандағы қоғамдық дерттің бір көрінісі. Әсіресе бұл елге танымал тұлғалардың өмірбаянын талқылағанда байқалып жатады. Ғаламторға шыққан жаңалықтарға негізсіз ойларын қосып, өлексе тапқан шыбын секілді басқаларды да пікірталасқа шақырады. «Жақсы сөз жарым ырыс» демекші жақсы ой-пікірлер айтылып жатса, оның еш айыбы жоқ.

Тілдің қызметін орынды қолданудың бір жолы –  өзіне қатысты болған істе ғана сөйлеу. Өйткені өзіне қатысы жоқ іске араласу күнәға батып, қала берсе уақытын босқа өткізуімен ысырапқа жол береді. Сондай-ақ біреудің сөзіне килігу этикалық тұрғыдан әдепсіздік. Бұл сипатқа ие болған адамды қоғам жақтырмайды, ыңғайы келсе одан алыс болуға тырысады. Біреудің сөзіне килігу адамды өзі ұнамайтын сөзді естуге мәжбүр етеді. Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мүбарак хадисінде:

مِنْ حُسْنِ إِسْلَامِ الْمَرْءِ تَرْكُهُ مَا لَا يَعْنِيهِ

«Көркем мұсылманның белгісі – өзіне қатысы жоқ нәрсені тастауы»,[1]– деген.

Әбу Дәуіт әс-Сажастани деген ғалым адамның өзіне қатысы жоқ нәрсені тастауы  оның иманының үштен бірі деген. Әбу Бәкір ибн Дәсә: «Әбу Дәуіттен мына сөзді естідім: (Пайғамбарымыздан (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бес жүз мың хадис жаздым, соның ішінен «Сунан» кітабыма төрт мың хадисті іріктедім. Сол төрт мыңның ішінде сегіз жүзі сахих хадис, соның ішінде адам баласы үшін төрт хадис жеткілікті олар:    «Бірінші – «Шын мәнінде амалдар ниетке байланысты», екінші –  «Адамның дінінің кәміл болғаны өзіне қатысы жоқ нәрсені тастағаны», үшінші  –  «Мұсылман толық мұсылман болмайды, егер өзіне қалағанды бауырына қаламайынша», төртінші — «Халал анық, харам анық» хадистері,[2] деген.

Шынайы тақуа мұсылман өзіне қатысы жоқ сөзді, істі тәрк етеді. Бұл оның имандылығының кәміл екенінің белгісі.

Біреудің ісіне араласудың көріністері;

Ғаламторда; Жыл өте әлеуметтік желілердің белсенділігі артып адамдарды шырмауына байлауда. Осы орайда күнделікті ғаламтор беттерінде жеке тұлғалардың өміріндегі кейбір сәттері жалпыға қолжетімді болып, баршаның назарына ұсынылады. Осы оңтайлы сәтті пайдаланып кейбір ғаламтор құзғындары істің байыбына бармай жатып жарияланған мәліметтерге, фотосуреттерге, видеоларға негізсіз пікірлерін жаза бастайды. Өткен жылы бір танысымның (әйел адам) автокөлік алып, сол темір тұлпарына сүйінші сұрамақшы ниетте фотосын әлеуметтік желілердің біріне жариялаған. Сол фотоға жазылған пікірлерді оқитын болсаңыз жағаңызды ұстайсыз. Сонда жазғандары: «Біреудің көңілдесі шығар өзі еңбектеніп алды дейсің бе?», «Әкесі алып берген де», «Қазіргі мемлекеттік қызметкердің жалақысы төмен, пара алып, сатып алған көлігі болар». Сол жазған адамдардың тоқсан тоғыз пайызы сол адамды жеке танымаса да осылай пікір қалдырады.

Басқа жанұяның ісіне араласу; Әр жанұя кішігірім мемлекет, оның да өзіндік шекарасы бар. Бұл мемлекет тұрғындарының қалауынан тыс адамдардың бұл шекараны аттап ойран салғанын, мемлекеттік ішкі тәртібіне араласқанды ешкім қаламайды. Осы орайда кейбір жанұя мүшелері әйел болсын, еркек болсын ынсапсыз адамға шағымданбағаны да абзал. Кей адамдар осы тұста ақыл айтамын деп, ерлі зайыптылардың ажырасуына себеп болып жатады.

Мемелекеттің ісіне араласу; Әр адам өзінің хақысын мемлекеттен талап ете алады, заң жүзінде өзінің құқығын қорғауға толық хақысы бар, алайда негізсіз сөз айту мұсылманға орынсыз әрекет. Қазіргі әлеуеттің бір жаман әдеті жинала қалса, мемлекетті талқылай бастайды. Талқылауда тұрған ештеңе жоқ-ау бірақ өздері хабарсыз болған істері жайында сөз еткені әрине орынсыз.  Бәлен жыл саясаттың жілігін шағып,  майын ішкен адамдай әр нәрсені талқылап, ақыры мемлекет жеп жатыр, мемлекекет қарапайым халықты ойламайды, мемлекет залым деген пікірге келісе отырып тарқасады.

Қызмет барысында; «Әр адам өзінің саласын үшін жауап беру керек, кейде байқаймыз бір адамдар басқа біреудің  саласына араласқыш келеді. Өзінің ісін қатырмай жатып басқа біреудің ісіне араласу – біріншіден кәсібиліктен алыс адам екіншіден сол мекеменің жұмысының тұралауына апаратын негізгі себеп.

Өзіне қатысы жоқ сөзге араласудың зиыны

Жүректің қатаюына, дененің әлсіреуіне, ризықтың тарылуына апарады. Лұқман хәкімнен: «Сен үшін ең сүйікті амал қандай амал дегенде: «Маған қатысы жоқ нәрседен аулақ жүруім», – деген екен. Ұлы басралық табиғин, ғалым Мәлик ибн Динар: «Егер жүрегіңде қаттылықты, денеңде әлсіздікті, ризық-несібеңнің тарылғанын байқасаң, біліп қой, сен өзіңе қатысы жоқ сөзге араластың, адамның өзіне қатысы жоқ сөзге араласуы – жүректің қатаюына, дененің әлсіреуіне, ризықтың тарылуына апарады», – деген.

Адамдарға ұнамайтын сөзін естіртуі мүмкін. Бір күні бір адам Абдолла ибн Омарға келеді. Келгеннен кейін аяқ киімін көріп: «Уа Абдурахманның әкесі мына ескі аяқ-киіміңді тастап, жаңасын алсаң қайтеді»  – дейді. Сол кезде ол: «Сен сонау жерден менің аяқ-киімімді талқылау үшін келдің бе, не іспен келдің одан да соны айт» – деп, кейін пайғамбарымыздың хадисін оқиды:

مِنْ حُسْنِ إِسْلَامِ الْمَرْءِ تَرْكُهُ مَا لَا يَعْنِيهِ

«Көркем мұсылманның белгісі – өзіне қатысы жоқ нәрсені тастауы»,[3] – деген.

Уақыттыңды пайдасыз нәрсемен өтуі. Мұсылман өзінің дүниесіне, дініне пайда келтірмейтін істер жайында сөз қылмайды. Тек сауап үміт еткен істе ғана сөз қозғаны дұрыс. Өзінің алдына жоғары мақсаттар қойған адам уақытын бос әңгімеге өлтірмейді. Күнделікті телефонымызға келген жүздеген хабарламаларға оның ішін бізге ешбір пайда әкелмейтін хабарламаларға жауап жазып, уақытымызды өлтіреміз. Еңбектеген сәбиден, еңкейген шалға дейін күні-түні сол телефонға телміреуін тоқтатпауда.

Үлкен күнәға апаруы мүмкін. Біреудің ісіне араласқыш келген адам Алланың харам еткен есіктеріне кіріп кетуі мүмкін.

Бір хадисте:

اِسْتَشْهَدَ غُلَامٌ مِنَّا يَوْمَ أُحُدٍ فَوَجَدْنا عَلَى بَطْنِهِ حَجَراً مَرْبُوطاً مِنْ الْجُوعِ فَمَسَحَتْ أُمُّهُ عَنْ وَجْهِهِ التُّرَابَ وَقَالَتْ هَنِيئاً لَكَ الْجَنَّةُ يَا بُنَيَّ، فَقالَ النَّبي صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ “وَمَا يُدْرِكِ لَعَلَّهُ كَانَ يَتَكَلَّمُ فِيمَا لَا يَعْنِيهِ

«Ухуд соғысында бір жігіт шейіт болды, аштықтан ішіне тас байлап[4] алғанын көреді. Сол кезде анасы баласының бетін сүртіп: «Балам  жәннатқа қош келдің», – деп айтады. Бұл сөзге Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сен қайдан білесің, мүмкін ол өзіне қатысы жоқ нәрсе жайында сөйлеп, күнәға батқан болар»[5], –  деді.

Қарым-қатынастарды соның ішінде туыстық қарым-қатынастарды үзетін амал. Ғайбат амалдарға кіріп кетуі мүмкін. Өзіне қатыс жоқ істер жайында сұрастыру, мәлімет жинау –  мұсылманның сипатынан емес. Әбу Дәжәнә есімді сахаба жайында мынандай  хабар келген: Ұлы сахаба қатты науқастанып жатқан кезінде  жақын адамдарының бірі кіреді, оның жүзі нұрланып жатқанын көреді: Ол оған мынандай өсиет айтады: Мен ешуақытта өзіме қатысты іс жайында сөз қозғамайтынмын, есесіне жүрегіме тыныштық орнайтын.

Хасан Басри: Алланың құлын жек көруінің мысалы – өзіне қатысы жоқ іспен шұғылдандырып қоюы.

Имам Мәлік: «Адам өзіне қатысы жоқ істі тастмайынша ол үшін құтылу жоқ».

Басқа біреудің ісіне араласып, соған уақытын уақытын кетірген адам ертең өзінің ісіне уақыт таппайтын болады.

Шығыс халқында мынандай мақал бар: «Өзіңе қатысы жоқ затқа аралассаң, өзің ұнамаған затты естуіңе душар боласың», –  деген. Сол себепті кейбір заттардың құпия сақталуы да қайырлы істерден.

Алайда әңгіме араласу қажеттілік туған жағдайда рұқсат сұрап өз ойын айтуға, белгілі бір мәліметті жеткізуге болады. Ондайда әдепті негізге ала отырып: «Сөздеріңізге араласқаныма кешірім өтінем, рұқсат етсеңіздер, осы турасында менің қосар ойым бар еді» деген секілді тәсілде жүзеге асады. Ал ай-шай жоқ килігіп кету мұсылманның сипатынан емес.

Өзінің өмірінде берекесі жоқ адам өзгенің өміріне араласқыш, ақыл айтқыш келеді. Әр адамның жеке мекені бар ол сол мекенге біреуді кіргізбейді және басқа біреуге де  кірмейді. Қазақта «біреудің ала жібін аттама» деген терең ұғымды сөз бар. Ала жібін аттамау сызып қойған межесінен өтіп кетпеу дегенді білдіреді. Демек, біреудің сіздің ісіңізге араласқанын қаламасаңыз, сіз де біреудің ісіне араласпаңыз.

Адамның өзіне қатысты дүниелік және рухани істері бар. Санаңызды өзіңізге қатысы жоқ заттармен толтыруыңыз маңызды істерден құр қалуыңыз.

Хамзат Әділбеков

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы

[1] Тирмизи хадистер жинағы

[2] Әбу Дәуіттің «Сунан» кітабының кіріспесінде

[3] Тирмизи хадистер жинағы

[4] Хадисте келген ішке тас байлау мәселесіне екі түрлі пікір бар: 1) Қатты ашыққан бүктетіліп, арқа майысып кетпес үшін қолданған. 2) Іштің қызуын басу.

[5] Тирмизи хадистер жинағы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.