Қазіргі жастарға ең қауыпты нәрсе – айналысатын ісінің болмауы, уақытын босқа кетіруі.
Көкірегінде болашаққа деген үміт, талпыныс, жетемін деген мақсаты болмаса, жүрегі тақуалықтан жұрдай болса, өзі ілім-ғылымнан құр алақан болса, адамды құрдымға кетірері сөзсіз. Оның үстіне әке шешесі оның тәндік қалауын ақшалай қамтамасыз етіп тұрса кесапат еселене түседі. Абдулла ибн Аббас, Пайғамбардың (с.ғ.с.) былай деп айтқанын жеткізеді: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің мүбарак хадисінде былай дейді:
عَنْ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا، قَالَ: قَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: نِعْمَتَانِ مَغْبُونٌ فِيهِمَا كَثِيرٌ مِنَ النَّاسِ: الصِّحَّةُ وَالْفَرَاغُ
«Адамдардың көбі қадіріне жете бермейтін екі нығмет бар, ол – денсаулық және бос уақыт» [1], – деген.
Жастар мына сұрақты өздеріне қойып, тиісінше жауап берсе екен. Бауырым, сен не үшін жаратылдың? Жаратылғандағы мақсатың не? Ойнап-күліп, уақытты қызықты өткізіп, күнәға белшеден бату үшін бе? Жоқ, бауырым. Біз тек бір Аллаға құлшылық үшін жаралғанбыз. Алла Тағала Қасиетті Құран Кәрімде:
قُلْ إِنَّ صَلَاتِي وَنُسُكِي وَمَحْيَايَ وَمَمَاتِي لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ
«Сондай-ақ оларға: «Менің намазым да, өзге құлшылықтарым да, тіршілігім де өлімім де әлемдердің Раббысы бір Аллаға арналады» [2].
Қысқаша түсіндірмесі: Уа, Мұхаммед , Раббымның разылығын алу үшін оқитын намазым, шалған құрбандығым және басқа да құлшылықтарым, бұл дүниеде тіршілік етуім, өлімім барлығы әлемдердің Раббысы Аллаға арналады, деп айт дегенді білдіреді.
Бауырым, өзіңе тағы мынандай сұрақтар қойшы:
Жүрегіңді толтырып тұрған не?
Нені жақсы көресің?
Кімді жақсы көресің?
Не үшін жақсы көресің?
Сені жалпы не қуантады?
Не нәрсе көңіліңді түсіреді?
Кімдермен сұхбаттас болғанды қалайсың?
Не нәрсе тыңдайсың?
Не жайында әңгіме қозғағанды сүйесің?
Кіммен доссың?
Жақын араласатын адамың кім?
Бауырым, өзіңе зер салып қарашы. Бойыңдағы кай әдеттеріңді көшедегі достарыңнан үйрендің? Адамдардың шылымға, есірткіге, араққа құмарлығы әуел баста еліктеуден, қоғамда өзін ержеткендігін паш ету мақсатында бастау алған. Өкінішке орай, қыздарымызда да осы жаман әдет байқалуда. Жалаңаштанған, дөрекі әрекеттерімен танымал болған кейбір шоу бизнестегі «сылқымдардың» ісін айна қатесіз қайталап, ақыры сол әрекеттері орны толмас өкініштерге ұласуда.
Көп жас жігіттердің қазіргі уақытта нағыз еркектің обрызы жайында пайымдары қате.
Кейбіреулердің ойынша нағыз еркек қыз қауымының жүрегін жаулау деп ойлайды;
Енді біреулер қымбат киім кию, соңғы маркадағы автокөлік міну, қымбат сағат тағу;
Енді біреулер еркектік деп басқаларға үстемдік қылу өзін топтың көшбасшысы ретінде көрсету деп ойлайды;
Басқалардың ойынша нағыз жігіт ол аузында темекі, қолында бөтелкесі бар деп сипаттайды;
Кейбіреулердің ойынша нағыз жігіт әрдайым экстремалды істерге жақын тұрады деп пайымдайды;
Кейбір адамдар еркектікті дөрекілік деп түсінеді, дөрекі сөйлеу, дөрекі әрекет ету, ал әдепті сөйлеу олар үшін әлсіздік;
Ер жетуді кейбір адамдар ата-анасының бақылауынан шығу, олардың айтқанына қарсы келу деп түсінді;
Оқуға мән бермеу, ұстаздарға деген құрметсіздік, жұмыста бір жерде тұрақтай алмау олар үшін батырлық нағыз жігіттік сипат;
Бұл айтылған сипаттардың барлығы мұсылман жігітіне тән сипаттардан емес. Керісінше, көркем мінезбен сипатталу, мейлінше қарапайым болу, күнә атаулыдан аулақ болу – нағыз мұсылманның көркем мінездерінен. Алла Тағала Құран Кәрімде ер жігіттер жайында былай дейді:
رِجَالٌ لَا تُلْهِيهِمْ تِجَارَةٌ وَلَا بَيْعٌ عَنْ ذِكْرِ اللَّهِ وَإِقَامِ الصَّلَاةِ وَإِيتَاءِ الزَّكَاةِ يَخَافُونَ يَوْمًا تَتَقَلَّبُ فِيهِ الْقُلُوبُ وَالْأَبْصَارُ
«Сондай ер жігіттер бар, олардың күн көріс көзіне саудалары да алу-сату істері де оларға Алланы ауызға алуына намазды кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқуына және зекетті толық беруіне бөгет бола алмайды. Олар жүректер күйден-күйге еніп, астан-кестен болатын және көздер шарасынан шығатын ауыр күннен қорқады»[3].
Қысқаша түсіндірмесі: Олар үшін дүниенің қызылды-жасылды қызықтары, соның ішінде сауда-саттық, байлық Алланы жиі еске алуларына, Оған шынайы түрде құлшылық қылуларына тосқауыл бола алмайды. Бұл аят өмірлерінде сауда-саттықпен айналысатын сахабаларға қатысты түскен. Жұмыс қызып жатқан кезде азан айтылса, саудаларын тастап, Аллаға құлшылық ету үшін мешітке қарай ұмтылады. Олардың өмірлерінде намаз, кедейлерге зекет беру дүние қызықтарынан жоғары тұрады. Олар шынайы түрде қияметтің азабынан қорқып, дайындықтарын пысықтайды.
Хамзат Әділбеков
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы
Sunna.kz
[1] Имам әл-Бұхаридың хадис жинағы
[2] «Әнғам» сүресі, 162-аят.
[3] «Нұр» сүресі, 37-аят.