Туризм мұнайдан кейінгі табыс түсіретін экономиканың шикізаттық емес секторы. Осыған орай әлем елдерінде климаты мен жергілікті салт-дәстүріне, медициналық әлеуеті мен географиялық ерекшілегіне байланысты туризмнің түрлі салалары пайда болуда. Әсіресе, соғы жылдары медициналық туризмнің мол табыс көзіне айналғаны белгілі. Бұл тарапта Иран, Түркия секілді мұсылман елдері көш бастаса, оңтүстік-шығыс Азиядағы мұсылмандар туризм секторын жаңа бағытпен толықтырып, әлемдік нарықтағы өз үлесін алғысы келеді.
Оңтүстік-шығыс Азиядағы, дәлірегі, Филиппиндегі аумағы жағынан екінші орында тұрған Минданао аралында ежелден мұсылмандар қарасы көп әрі соңғы жылдары аспаздық бай мұрасымен әлемге таныла бастаған. Бұл жайында islam.kz порталы Arab News ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді.
Аталған аралға ислам XIV ғасырда келген, дәлірегі, Малай архипелагының саудагерлері аталған аралда исламның таралуына ықпал етті. Осыдан аттай бір ғасыр бұрын жергілікті тұрғындардың дені моро мұсылмандары болған еді, алайда, XX ғасыр бойы Филиппиннің өзге аймақтарынан аталған аралға ағылып, христиандар қарасы көбейген болатын. Нәтижесінде бүгінгі таңда арал тұрғындарының тек 24%-ғы ғана мұсылмандар болып қалды. Соған қарамастан жергілікті мұсылмандар өз дәстүрі мен ғұрпын көздің қарашығындай сақтап қалды. Соның ішінде шариғат талаптарына сай аспаздық өнерімен, дәлірегі, микроэлементтерге бай теңіз өнімдерінен әзірленетін ас мәзірімен алыс-жақын шетелге таныла бастады. Бұл жайт өз кезегінде аралдың туризм саласын жандандырып отыр.
Филиппиннің туризм департаменті мен аталған ел билігі экономиканың дамуына серпін беретін халал туризмді дамуына қолдау білдіру үшін мемлекеттік бағдарлама қабылдануы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Мұндай бағдарлама қабылданса, аталған салаға мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетіледі.
islam.kz