Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Шын мәнінде мүміндер бауыр…

0 2  914

Мұсылман – мұсылманның бауыры, ол оған еш уақытта тілімен де, қолымен де жаманшылық жасамайды, келеке етпейді, малына, арына сұқтанбайды. Бұл илләһи қағида,  исламдағы ең ұлы ұғымдардың бірі. Бұл тақырыптар мінберлерде, діни отырыстарда талай қозғалғанымен соны амалға асыру, бірінші болып соған қадам басу бізде байқалмауда. Себеп не? Онсыз да қарасы санаулы мұсылман қоғамы тоз-тоз болып кетті, Құран бір, Пайғамбар (с.а.у) сүннеті бір емес пе? Осыншама  алшақтық қайдан пайда болды. Бұған кімдер итермелейді. Әлде бұл діни сауатсыздық па? Ат төбеліндей мұсылман жамағатының арасында  діннің кейбір тармақшаларына қатысты мәселелерде  дау-дамайлар, өзара келіспеушіліктер толастаған емес…..

Исламдағы бауырмашылдық сезім Алла Тағаланың ықыласты, тақуа мұсылман құлдарының бойына дарытатын илләһи қасиет. Алла Тағала Құран кәрімде:

وَأَلَّفَ بَيْنَ قُلُوبِهِمْ ۚ لَوْ أَنفَقْتَ مَا فِي الْأَرْضِ جَمِيعًا مَّا أَلَّفْتَ بَيْنَ قُلُوبِهِمْ وَلَـٰكِنَّ اللَّهَ أَلَّفَ بَيْنَهُمْ ۚ إِنَّهُ عَزِيزٌ حَكِيمٌ

«Және Ол мүміндердің жүректерін қосты. Егер сен, жер жүзіндегі нәрселерді тұтас сарп қылсаң да олардың жүректерін қоса алмас едің. Бірақ Алла, олардың араларын біріктірді. Расында Ол, өте үстем, аса дана». («Әнфәл» сүресі, 63-аят).

Шынайы мұсылман қоғамын мұсылмандар арасындағы өзара бауырмашылдық сезімінсіз суреттеу мүмкін емес. Мұндай сезімдегі бауырлар ағаштың бұтақтары іспеттес саны көбейген сайын қуаттана түседі. Бұтағы көп мықты ағашқа қатты жел әсер ете алмағандай ауызбіршілігі, бауырмашылдығы мығым елге ешқандай қара пиғылды күштер әсер ете алмайды. Әлбетте бұл ағаштың қажетті жеміс беруі имандылыққа тікелей байланысты, Алла Тағала Құран Кәрімде:

إِنَّمَا الْمُؤْمِنُونَ إِخْوَةٌ

«Шын мәнінде мүміндер бауыр», – дейді. («Хужурат» сүресі, 10-аят).

Алла Тағаланың адам баласына берген бұл  ұлы нығметі  иманнан кейінгі қасиетті ұғым. Алла Тағала Құран кәрімде:

)إِذْ كُنتُمْ أَعْدَاء فَأَلَّفَ بَيْنَ قُلُوبِكُمْ فَأَصْبَحْتُم بِنِعْمَتِهِ إِخْوَاناً }

«Өйткені: Бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды», – дейді.. («Әли Имран» сүресі, 103-аят).

Пайғамбарымыз (с.а.у) Меккеден Мәдина қаласына һижрет жасаған кезде ең алғашқы  әрі ең маңызды амалдарының бірі – Мәдина мұсылмандарын татуластыруы, бір-біріне бауыр қылуы. Пайғамбарымыздың (с.а.у) бұл әрекетінен мұсылман арасындағы бауырмашылдықтың мұсылман мемлекетінің іргесінің мығым болуына негізгі шарт екенін көруге болады. Сонда ғана бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған ынтымағы жарасқан қоғамның пайда болуына апарады.  Нұғман ибн Башир (р.а) риуаятында Пайғамбарымыз (с.а.у):

مَثَلُ الْمًؤْمِنِينَ فِي تَوَادّهِمْ  وَ تَرَاحُمِهِمْ وَ تَعَاطُفِهِمْ مَثَلُ الْجَسَدِ إِذَا اِشْتَكَى مِنْهُ عُضوٌ تَدَاعَى لَهُ سَائِرَ الْجَسَدِ بِالسَّهْرِ وَالْحُمَّى

«Мұсылмандар бір-біріне бауырмалдықта, мейірімділікте, қарым-қатынаста бір бүтін дене іспеттес. Егер оның бір ағзасы ауырса, қалғаны ұйқысыз және ыстығы көтерілуінде онымен бірге болады» (Муслим хадистер жинағы), — деген.

Денені құраған ағзалар бірігіп жұмыс жасаған уақытта дене сау болатыны сияқты қоғамның мүшесі саналатын адамдар да бауырмашылдықта болса, өркендеп гүлденеді.

Алла Тағала Құран кәрімде:

{وَاعْتَصِمُواْ بِحَبْلِ اللّهِ جَمِيعاً وَلاَ تَفَرَّقُواْ وَاذْكُرُواْ نِعْمَتَ اللّهِ عَلَيْكُمْ إِذْ كُنتُمْ أَعْدَاء فَأَلَّفَ بَيْنَ قُلُوبِكُمْ فَأَصْبَحْتُم بِنِعْمَتِهِ إِخْوَاناً }

«Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер. Сондай-ақ өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені: Бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды», – дейді. («Әли Имран» сүресі, 103-аят).

Басқа бір аятта:

      {وَأَطِيعُواْ اللّهَ وَرَسُولَهُ وَلاَ تَنَازَعُواْ فَتَفْشَلُواْ وَتَذْهَبَ رِيحُكُمْ وَاصْبِرُواْ إِنَّ اللّهَ مَعَ الصَّابِرِينَ}

(Аллаға әлі Елшісіне бой ұсыныңдар, өзара жанжалдаспаңдар, онда үрейленесіңдер де құттарың қашады және сабырлы болыңдар. Расында, Алла сабырлылармен бірге), –  деген. («Әнфал» сүресі, 46-аят).

Алла Тағала бұл аятта мұсылмандар арасындағы жанжалдың оларды құрдымға апаратынын меңзеуде. Бұл аятқа орай Имам әр-Рази: «жанжалдасудың зардабы ол мұсылмандардың әлсіздігіне себеп болады» (Мафатиху әл-Ғайб 15 том, 138-бет) деген.  

Басқа бір аятта Алла тағала:

{شَرَعَ لَكُم مِّنَ الدِّينِ مَا وَصَّى بِهِ نُوحاً وَالَّذِي أَوْحَيْنَا إِلَيْكَ وَمَا وَصَّيْنَا بِهِ إِبْرَاهِيمَ وَمُوسَى وَعِيسَى أَنْ أَقِيمُوا الدِّينَ وَلَا تَتَفَرَّقُوا فِيهِ}

«(Мұхаммед Ғ.С.) Алла Нұхқа (ғ.с.) нұсқау берген нәрселерді және саған уахи еткенімізді сондай-ақ Ыбырайым, Мұса және Ғисаға (ғ.с.) нұсқау берген нәрселерімізді сендерге діни жол қылды: Дінді мықты орындаңдар да, дінде бөлінбеңдер», – дейді. («Шура» сүресі, 13-аят). 

Бұл аяттың тәпсірі жайында атақты муфасир ғалым (Құран тәпсірінің ғалымы) әл-Бағауи: «Барлық пайғамбарлар (Алланың оларға сәлемі болсын) Алланың дінін орнату үшін, қоғам арасында бейбітшілік таратып, алауыздықты жою үшін жіберілді», – деген (Имам Бағауидің «Мағалиму әт-Танзил» кітабының 7-томы, 186-беті).

Пайғамбарымыздың (с.а.у) хадистерінде Құран аяттарын қуаттайтын, бірлікті, ынтымақты үндейтін бөлінуге, ажырауға тыйым салатын көптеген хадистер бар:

(إِنَّ اللهَ يَرْضَى لَكُمْ ثَلَاثًا وَيَكْرَهُ لَكُمْ ثَلَاثًا فَيَرْضَى لَكُمْ: أَنْ تَعْبُدُوهُ، وَلَا تُشْرِكُوا بِهِ شَيْئًا، وَأَنْ تَعْتَصِمُوا بِحَبْلِ اللهِ جَمِيعًا وَلَا تَفَرَّقُوا، وَيَكْرَهُ لَكُمْ: قِيلَ وَقَالَ، وَكَثْرَةُ السُّؤَالِ، وَإِضَاعَةُ الْمَالِ(. 

«Шын мәнінде Алла үш нәрсе үшін сендерге риза болады және үш нәрсені жек көреді. Алланың риза болатыны: Аллаға құлшылық қылу, Оған серік қоспау, Алланың дініне жармасып бөлінбеу, Алланың жек көретіні: өсек тарату, орынсыз көп сұрақ қою, малды ысырап ету». (Муслим хадистер жинағы).

Бұл хадис жайында Имам ән-Науауи: «бөлінбеңдер» деген әмір мұсылман арасындағы ауызбіршілікті меңзейді», деген. Бұл исламның бұлжымас қағидаларынан. (Имам ән-Науауидің «Сахих Муслим» хадистер жинағы түсіндірме кітабының 12 томы, 11-беті).

Хамзат Қажымұратұлы

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.