Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Адам қонақ өмірге…

0 1  692

Бауырым! Адам ғұмырының әр жасының өзінің алар үлесі, несібесі, ісі, берекесі бар. Жиырма жаста істеу керек істі сіз қартайғанда істемейсіз. Ілім алатын жаста ілім алу керек, үйленетін кезде үйлену міндет, алған іліміңізді іске асырып, Алла жолында, елдің гүлденуіне қызмет жасайтын кезде оған да кірісу керек. Сол секілді күш қуат кеміген кезде жас кезде  алған іліміңізді, өмірде көрген қиыншылықтарыңызды, тәжірбиеңізді, елге қылған қызметіңізді үлгі-өнеге ретінде  жастарға айтар кезіңіз де келеді. Әрине ақыл айтып, дана болып, жол сілтеу үшін оған дейінгі кезеңдерді абыроймен атқаруыңыз қажет. «Жасыңда байқарың болмаса, қартайғанда айтарың болмайды» дейді қазақ. Бұл тектен тек айтылмаған сөз. Сол секілді қазақта: «Қартайғанда жақсы адам көрген білгенін айтады, жаман ішкен жегенін айтады», деген сөз бар. 

Ия, жасыңызда ілім алып қалмасаңыз егде тартқанда ілім алу қиынға соғады. Әрине адам үшін ілім алу әр кезде де кеш емес, дегенмен жастық шақтан кейінгі кезең алған ілімді өмірлік тәжірбиемен іске асыратын шақ.

Сіз ілімді іске асыратын шақты оған енді ден қойып жатсаңыз көштен қалғаныңыз, өйткені әр уақыттың өзінің амалы бар. Уақытында жасалмаған амал кештеу жасалса маңыздылығы азаяды. Қырықтан асып кеш үйленген адамның жағдайы секілді. Жаңадан бала сүйіп жатқан кезде құрдастары немере сүйіп қолдары ұзарып, алғашқы балапандары қанат қағып өмір жолын бастап жатады. Бір кезеңнің ісін кешіктірсеңіз келесі кезеңдегі істеріңізге нұқсан келтіресіз. Сол себепті әр істі өз уақытында істеген абзал.

Ең алғаш мұсылмандардың бірі болған Әбу Бәкір қайтыс болар алдында Омарға айтқан ұзақ өсиетінің ішінде әр істің өзінің уақыты бар екені жайында мынандай өсиет жолдары бар:

إِنِّي مُوصِيكَ بِوَصِيَّةٍ إِنْ حَفِظْتَهَا: إِنَّ لِلَّهِ حَقًّا بِالنَّهَارِ لَا يَقْبَلُهُ فِي اللَّيْلِ، وَلِلَّهِ حَقٌّ بِاللَّيْلِ لَا يَقْبَلُهُ فِي النَّهَارِ، وَإِنَّهَا لَا تُقْبَلُ نَافِلَةٌ حَتَّى تُؤَدَّى فَرِيضَةٌ

«Егер жадыңда сақтай алсаң саған мен мынандай өсиет қыламын: Алланың алдында сенің күндіз орындауың керек міндеттерің бар оны түнде жасасаң қабыл етпейді, сол секілді түнде орындалу керек амалдар бар оны күндіз қабыл етпейді. Сонымен қатар есіңде сақта парыздарды (міндетті амалдар) орындамайынша қосымша құлшылықтарды қабыл етпейді»,деген.

Бұл жалпы намазға қатысты айтылған мәселе болғанмен мұсылманның уақытын да қамтиды. Міндетті істерді жасамайынша қосымша істердің пайдасы шамалы.

Әрине бұл мәселенің бір жағы ғана ең маңыздысы – өмірдегі ағаттылықтар, жасалған күнәлар, қайтарып түзей алмауымыз. Бұл жерде шынайы тәубе еткен адамның жайы бөлек. Өміріміздің  бір сағат болсын артқа жылжытып, кеткен қателіктердің орнын толтыра  алмайтынымыз  турасында Алла Тағала Құран Кәрімде:

وَلِكُلِّ أُمَّةٍ أَجَلٌ ۖ فَإِذَا جَاءَ أَجَلُهُمْ لَا يَسْتَأْخِرُونَ سَاعَةً ۖ وَلَا يَسْتَقْدِمُونَ

«Әрбір үммет үшін белгіленген кесімді мерзім бар (яғни әр үмметтің өз ажалы бар). Сол мерзім толып, ажал жеткенде, олар оны бір сәтке кейін шегере алмайды һәм бір сәтке тездете алмайды», («Ағраф» сүресі, 34-аят) деген.

Қысқаша түсіндірмесі: Пайғамбарларын жоққа шығарған кез келген үммет үшін  құрдымға кетер уақыты алдын-ала белгілі. Бұл Раббыларына қарсы келген мүшріктерге айтылған қатаң ескерту. Сол құрдымға кетер уақыты таяған кезде олар бір сағатын алға жылжыта алмайды.

Ақын ағамыз айтқандай:

«Ойламаңдар, жігіттер,

Баста дәурен тұрмайды.

Өтіп кеткен сұм жалған

Қайтып бір мойын бұрмайды.

Адам қонақ өмірге,

Бір күні қолын бұлғайды.

Тірліктің түбі белгісіз,

Ағын бір судай зырлайды, демекші, өмір деген өткінші, өмір деген бір ұйқы секілді.

 

Хамзат Әділбеков

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.