ә) Ислам ақидасы тұрақты әрі өзгермейтін ақида жүйесі
Ислам ақидасы – артуды, кемуді, өзгеруді қабыл етпейтін тұрақты ақида жүйесі. Қандай да бір рухани мәслихат, құрылтай, съезд, діндер лигасы, дін ғалымдарының ақидада жоқ нәрсені оған енгізуге немесеодан алып тастауға құқықтары жоқ. Ал мәселе, керісінше болған жағдайда ондай кісі діннен шығады немесе адасушы мұсылман үкімін алады. Себебі, Құранда Алла Тағала:
«Немесе дін тұрғысынан Алла бұйырмаған нәрсені оларға шариғат қылатын ортақтары бар ма?» («Шура» сүресі, 21-аят) деп, кейіс білдіреді. Бұл тақырып жөнінде Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді:
«Кім де кім біз жайында бізде болмаған бір нәрсені шығаратын болса, қабыл етілмейді» (Бухари, Сулх 5; Муслим, Ақдия 17).
б) Ислам ақидасы – адамның жаратылысына ең ыңғайлы сенім жүйесі
Ислам ақидасы адамның ішкі жан дүниесіне, болмысына қайшы келмейтін сенім жүйесі болып табылады.
Құранда бұл жайында:
«(Мұхаммед (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Бәрінен бет бұрып, жүзіңді ислам дініне бағытта. Алла жаратылыста адам баласын соған арнап жаратқан. Алланың жаратуында өзгеріс болмайды. Осы тұп-тура дін. Бірақ адамдардың көбі түсінбейді» («Рум» сүресі, 30-аят), – делінген.
«Иман негіздері» кітабынан алынды.
sunna.kz