Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Байлық

0 852

Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай дейді:

«Байлар ақыретте қайта тірілгенде төрт топ болады:

  1. Мал-дүниені харам жолмен тауып, харам жолда жұмсаған топтар. Бұларды «тозаққа алып кетіңдер» деп бұйырады.
  2. Харам жолмен табыс тауып, бірақ оны адал жолда жұмсағандар. Алла тағала «бұларды тозаққа алып кетіңдер» дейді.
  3. Адал жолмен табыс тауып, оны арам жолға жұмсаған байлар. Бұларды да «тозаққа алып кетіңдер» деп бұйырады.
  4. Адал жолмен мал тауып, оны адал жолда қолданушы байлар. Сонда: «Бұларды тоқтатып сұраңдар, мүмкін байлықтары себебінен парыздарын толық орындамай, намазынан немесе дәретінен бір кемшілік жасаған ба екен?» – деп айтылады. Әлгі байлар:

– Адал табыс таптым, адал жолда жұмсадым. Парыздарды да толық орындадым, – дейді.

– Байлығыңды мақтан еткен шығарсың, қымбат та әшекейлі киімдер киіп өмір сүрген боларсың? – деп сұралады.

– Уа, Раббым! Байлығымды мақтаныш етпедім, тек қажет болған киімдерді кидім. Мақтанып, тәкаппарлану үшін киім киген жоқпын.

– Мүмкін туыстық қатынасты дұрыс жасамай, кедейлердің ақысын бермеген боларсың? Адамдарды алалап, біреуді төмен, біреуді жоғары санаған боларсың?

Осылай сұрақ-жауап болып жатқанда, байларда ақысы бар кедейлер оларды қоршапалып: «Уа, Жаратушы Раббымыз! Сен бұларды бізден бай қылдың, оларға мұқтаж еттің. Бірақ бұлар біздің ақымызды бермеді» деп арызданады.

Сонда титтей де бір кемшілігі болғандарды дереу тозаққа апаруын бұйырып жатты.

Ал егер кемшілігі болмаса ол пендеге: «осы жерде тұр, берілген нығметтерге шүкір ет, әрбір ішкен судың, әрбір түйір нанның, дүниеде алған ләззаттың қарымын бер» дейді.

Байлығын дұрыс жолда тапқандардың жағдайы ақыретте бұлай болса, шектен шыққан байлардың жағдайы қалай болмақ? Харамға батып, көптеген күмәнді жолдармен табыс тауып, нәпсі рахатына малынып жүргендердің жағдайы қалай болмақ? Харам дүние жегендерге Құранда былай деп айтылған:

«Қабірге түскенге дейін дүниені көбейтуге деген құмарлықтарың сендерді (құлшылықтан) айырды»

Жаман мақсаттар адамның жүрегін жаулап, адамды шайтанның ойыншығына айналдырады. Ондай ауруға ұшырағандар міндетті түрде шарасын табуға тырысуы керек. Өйткені ол тән сырқатынан да жаман. Ондай кеселдің нәтижесінде адамның тән ауруына шалдығуы да ғажап емес.

Алланың құзырына жүрек тазалығымен келгендер ғана құтылып, табысқа жетеді. Байлықтың буына мақтанбаудың екі түрлі емі бар:

  1. Әрдайым өлімді еске алу. Өмірдің қысқа екенін, байлықтың да тұрақсыз екендігін, қандай жолмен мал тапқандығы, байлыққа қалай алданғандығын, барлық байлық, зәулім сарайлар егесі қабірге барғаннан кейін еш пайда бермейтіндігін ойлап, ой қорыту керек. Олардың есебін қалай беретіндігін ойлауы тиіс.

Құранда: «Сол күні, (дүниеде берілген) әр нығметтен сұраққа тартыласыңдар», – деп ескертілген.

  1. Алла тағаланың кітабындағы әрбір аятты мән бере отырып оқу керек. Өйткені Құран – әлемдегі барлық мәселенің шешімінің кілті. Түсінетін адам үшін мына бір аяттың өзі жеткілікті:

«Ей, иман келтіргендер! Сендерді малдарың да, балаларың да Алланы еске алуға бөгет жасамасын. Кімде-кім мұны істесе, ол қасіретке ұшыраған болады».

Абайла, дүние жинау үшін уақытыңды зая етпе. Өйткені дүние қызығына алдану саған ақыретті ұмыттырады, иманның нұрын жүрегіңнен өшіреді.

Алла елшісі (с.а.с.):

«Дүние қуғанның байлығына көз тікпеңдер! Өйткені ол иманыңдағы тазалықты, амалыңдағы ықыласты өшіріп жоқ етеді!» – деген.

Алла тағала адам баласының бойына өзін жоғары ұстау сезімін дарытқан. Бірақ, бұл сезім адамға Алладан басқаларға бас имеу үшін берілген. Басқаларды құрметтеу керек. Бірақ оларды тәңірі секілді көріп, табынуға болмайды. Сондықтан Алла тағала құлдарына тек Өзіне ғана бас иетін, ал басқалардың алдында басын тік ұстай алатындай сезім берген. Өкінішке орай кейбір кісілер осы сезімін тәкаппарлыққа айналдырып, тіпті, Жаратушысының алдында да бас имейтіндей дәрежеге келген. Олардың кейбіреуін қолындағы мал-мүлкі тәкаппарлыққа ұрындырса, енді біреулері Адам ата жаратылғанда: «Мен одан қайырлымын, себебі мен оттан, ал ол топырақтан жаратылды» деп Аллаға қарсы шыққан Ібілістің азғыруымен қуыс кеуделерін соғады. Мал-мүлкі тәкаппарлыққа ұрындырғандарға Құран былай дейді:

 «Сендердің жандарыңдағы дүние байлығы бітеді, ал Алла құзырындағы мейірім қазынасы түгесілмейді»(«Нахл» сүресі, 96-аят).

Ал енді шайтанның азғыруымен көкіректікке салынатындарға келер болсақ, оларға шайтан: «көзбен көріп, қолмен ұстай алатын мына тәтті дүние тұрғанда, болып-болмайтыны белгісіз ақыретті ойлаудың пайдасы қанша?» деп күмән салады. Бұған былайша жауап беруге болады.

Егер қолма-қол берілетін ақшаның мөлшері, кейін берілетін ақшамен бірдей болса, қолма қол берілген ақша абзал екені айдан анық. Бірақ, мұндай мәселеде ақырет пен дүниені салыстыру, 1 г. алтын мен 1 млн т алтынды салыстыру секілді қисынсыздық. Өркөкірек атеистке ақыреттік сауда барысында кейіндеу берілетін 100 г. алтынның орнына қолма қол 10 г. алтын берілсе, оп-оңай келісе кетеді.

Сол секілді барлық саудагерлер де машақатты бірінші көреді, қарымын кейін алады. Егер келешекте берілетін он дирхамнан, дереу берілетін бір дирхам артық дейтін болсаң, бұл қысқа ғұмырды, ақыреттің мәңгілік ұзақ уақытымен салыстыр, бұлай салыстыру да мүмкін емес.

Енді осы жауапқа қанағаттанған атеисттің ойына шайтан екінші бір мынадай ой салады: «Нақты нәрсе, күмәнді нәрседен артық. Ақырет күмәнді, дүние нақты».

Алайда нақты айғақ ұқсасы бар болғанда ғана күмәннен артық саналады. Қалайша саудагердің шаршап, шалдығуы нақты, ал табысты болуы күмәнді, аңшы, аң аулағанша шаршап-шалдығуы нақты, ал аңды ұстауы күмәнді, науқас адам, науқасынан айығуы үшін ащы дәрі ішеді, тіпті операцияға барады, бұлар нақты, бірақ аурудан айығуы күмәнді. Бірақ науқас аурудан жазылуы күмәнді бола тұра ащы дәріні, операцияны тоқтатпайды.

Дәл осы секілді ақыреті үшін күмәнданған адам былай деу керек: сабыр ететін күндерің өте аз, ары кетсе өлімге дейін ғана. Ал бұл ақыретпен салыстырғанда түк емес. Егер ақырет өтірік болса, сенің еш нәрсең кетпейді, өйткені сен онсыз да мәңгілік жоқ боласың. Ал егер ақырет бар болса – бар екені нақты – иман келтірмегенің үшін мәңгілік тозақ отында жанасың.

Али (р.а.) ақыретті жоққа шығарған адамға былай деген екен: «Егер сенің айтқаның рас болса, сен де, біз де құтыламыз (мен иман еткенім үшін дүниеден құр қалмаймын). Ал егер менің дегенім рас болса, мен құтыламын, ал сен мәңгілік азапталасың» деген. Бұл сөзді Али (р.а.) ақыретіне күмәнданғаны үшін емес, сөз жарыстырған атеистің ақыл деңгейіне сай сөйлеген. Мұндай тәкаппарға мына аят толық жауап болады:

«Ақыретін сатып, дүние тіршілігін таңдағандарға жан түршігерлік азап орнайды, титтей де аяушылық болмайды».

«Үміт сәулесі» кітабынан

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.