Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ықылас Ожайұлы: Толық адам

0 595

«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста… »

Абайда «ақыл», «қайрат» әм «жүрек» іспетті үш ұғым қамшының өріміндей тұтасып бірге жүреді. «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» десе, енді бір ғазалында «Ақыл, қайрат, жүреті бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек…» дейді тағы да хакім.

Ендеше, Абайдың «толық адамы» деңгейіне бұл үш ұғымның басын жымдастырып тең ұстағанда ғана қол жеткізетін болғанымыз ғой. Ал, мұндай үш қасиетті кемеліне жеткізіп пар ұстаған адам бұрынғы он тоғызыншы ғасырды айтпағанда, бүгінде табыла қояр ма екен? Әй, қайдам дейсіз…

Алланың ерген осы ғұмырында ақылы ұстарадай өткіз небір адамдармен дидарлас болдық (Бірақ әлгі жандардың «жылы жүрек» ісіне келгенде қайраңдап қала беретіндігіне көп ұзамай-ақ көзіміз жетті). Базірінің жарғақ құлағы жастыққа тимеген қайтпас қайратына таңырқасақ, енді бірінің ақылды ада етіп, тек жүрек ісіне ғана басымдылық берген «аяулы» уағыздарын тыңдай отырып, бұл үш қасиеттің бір адамның бойынан табылмағының шынымен-ақ қиын екендігін түсінгендей болдық.

Ендеше, бұл үш құндылық мосының үш тағанындай, мұның бірінсіз пенденің «толық адам» категориясына қол жеткізе алмасы анық болғаны ғой.

Хакімнің жоғарыдағы ойды одан әрмен ширатып «…Жеке-жеке біреуі жарытпайды, жол да жоқ жарыместі жақсы демек» я болмаса «…Біреуінің күні жоқ біреуінсіз» деп отырғаны да осыны аңғартса керек. Адам неліктен жартыкеш (Абайша айтсақ, жарыместіктің) шылауында қалады екен? Бұған басқа емес өз өмірімізден жауап іздегеніміз жөн секілді (Біздің «Бір кем дүние» деп өз-өзімізді жұбатудың астарында осы үш қасиеттің басын жымдастыра ұстай алмауымыз жатқан тәрізді).

Бақсақ, адам баласы ақылының аздығынан – надан, қайратының кемдігінен – кедей, жүрегінің қаттылығынан имансыз атанады екен ғой.

Айтыңызша, осы үш кесірдің шырмауына түспеген пенде баласы (бүгінде) қалды ма өзі? Жұмыр жер үстін әбен зәрезап қылған қанды соғыстар мен рухани дағдарыс атаулының бәрі де осы үшеуінен нәр алып, дүниенің шырқын кетіріп отырған жоқ па?!

Егер де, естеріңізде болса, ілгеріде жазылған бір мақаламызда Абайдың қырық бес қара сзі кей өлеңдерінің тәпсірі деген пікір айтқан болатынбыз. Салыстырып қарауыңызға болады. Хакімнің он жетінші ғақлиясы (дәл қазір) біз індетіп отырған «…Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек…» идеясының бейне бір қара сөзбен жазылған түсіндірмесі десек болатындай. Онда (Он жетінші сөзде) ақыл, қайрат әм жүрек үшеуін өзара сұхбаттастырған кемеңгер: «…Осы үшеуің бір кісіде, менің айтқанымдай, табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам – сол» деп жазады, жарықтық. Басқан ізіңнен садаға кетейін-ай, данышпаным…

Ант етуге бармын, Абайдың бір-ақ ауыз бұл сөзінде адамияттың күллі аңсар-мұраты самаладай жарқырап тұр. «Япыр-ай, не деген сәулелі сөз еді» дерсің іштей жүрегің еріп…

«Қалам ұшына тұнған сыр« кітабынан

Sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.