Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Емізу мәселесі

0 1  247

Дүниеге келген жас сәбиді анасы уызына тойдыруы керек. Мұны бүкіл ғалымдар мақұлдаған. Баласын толық емізгісі келген ана екі жыл емізеді. Алла Тағала Құранда былай дейді:

«Аналар балаларын егер толық емізгісі келсе толық екі жыл емізсін. Ал баласы туылған (яғни, әкесі) әділ түрде ананың ризығы мен киімін қамтамасыз етуі тиіс. Ешкімге өзінің мүмкіндігінен тыс нәрсе жүктелмейді. Сондықтан да ана баласы үшін зиян шекпесін, сондай-ақ туылған баласы үшін әке де зиян тартпасын. Мирасқордың (яғни, баланың) міндеті де сол сияқты. Ал, егер өз разылықтарымен және өзара кеңесіп, баланы емізуден шығарғылары келсе, ешқандай күнә жоқ. Егер де сүт ана жалдағыларың келсе, белгілі ақысын беру шартымен мұнда да еш күнә жоқ. Алладан қорқыңдар. Шынында, Алла Тағала істеген нәрселеріңді көруші» («Бақара» сүресі, 233-аят).

Бұл аяттан төмендегідей үкімдер шығады. Құран бойынша емізудің толық мерзімі – екі жыл. Бұл – баланың құқығы. Егер анасы мен әкесі келісіп, кеңесіп, нәрестені екі жылға жетпей емізуден шығарғысы келсе әрі одан сәбиге ешқандай зиян келмейтін болса, шығаруларына рұқсат.

Қазіргі жас келіншектер дене пішінін сақтаймын, ұйқыдан қалдырады деп, сәбилерін емізуден ерте шығарады. Бұл дұрыс емес.

Ана омырауынан сүт еміп, уызына тою – баланың құқы. Егер де анасы емізуден бас тартса, Алланың алдында күнәһар деп саналып, о дүниеде бұған жауап береді. Алайда емізуден бас тартқан ананы шешім шығарушы қазы мәжбүрлей алмайды. Бірақ кейбір жағдайлар туындаса, ананы баласын емізуге мәжбүрлей алады. Ол жағдайлар төмендегідей:

Емшектегі сәби өз анасының омырауынан басқа әйелдікін ембесе. Мұндай жағдайда баланы аман алып қалу үшін анасы емізуге міндеттеледі.

Анасынан басқа емізетін жан табылмаса. Бұл жағдайда да анаға емізу – міндет.

Тек анасымен жалғыз қалған немесе әкесінің бөгде әйелді сүт ана ретінде ақыға жалдауға күші жетпеген жағдайда да анасының емізуі керек.

Аталған жағдайлар тумаса, емізуден бас тартқан ана мәжбүрленбейді. Әке ақыға сүт ана жалдауы керек.

Анасы мәжбүрлі түрде емізсе, әкесі оған сүт ақысын бермейді. Себебі ол онсыз да әйелдің нәпақасын тауып беріп отыр, емізгені үшін бөлек ақы төлеуге міндетті емес. Ал, бірақ баланың анасымен ажырасқан болса немесе талақтың мерзімін күтіп жатса, мұндай жағдайда анаға емізгені үшін ақы береді. Бұл жайында Алла Тағала былай дейді:

 «Егер де балаларыңды емізіп беретін болса, оларға ақыларын беріңдер» («Талақ» сүресі, 6-аят).

Ақыға емізуге келіскен бөгде әйелмен сәби арасында туыстық орнайды, әйелдің балалары емген баламен сүт бауыр болып саналады.

«Дін мен дәстүр» кітабынан

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.