Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Түркі әлемінің рухани ұстазы

0 1  080

Ислам дінінің бейбіт түрде насихатталуының нәтижесінде халық хақ дінді кең арнада қабылдап қана қойған жоқ, түркілердің ішінен көптеген дін ғұламалары да шыға бастады.

Солардың ішінде күллі түркі халқының рухани ұстазы саналатын Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың есімін ерекшелеп айтуға тиістіміз.

Яссауидің өмір сүрген кеңістігі мен уақыты – стратегиялық және саяси тұрғыдан өте маңызды кеңістік болса, мәдени және діни-философиялық көп қабаттылығы жағынан да өркениеттердің тоғысқан жері, сауда-экономикалық жолдардың торабы болатын.

Міне, түріктер осындай қайнаған тіршілік негізінде араб және парсы, Шығыста – Қытай, ал батыста Ресей қыспағынан ислам-сопылық ілімі арқылы өзіндік жаңа сипаттағы дәстүрлі түркілік дүниетанымдық арнасының көзін аша білген болатын.

Х–ХІ ғасырда фиқһ, кәлам, тәпсір сияқты Ислам дінінің ғылым салалары еркін ойлау қабілетінен айырылып, тығырыққа тірелген тұста Сопылық – Ислам мәдениетінің кеңінен өрістеуіне бірден-бір ықпал еткен арна болды.

Мауреннахр мен Түркістанда түркілік мәдениет жаңғырып, ренессанс дәуірін басынан өткерді.

Түрік мемлекеттерінің саяси әрі мәдени-дүниетанымдық негізде қалыптасуы мен ондағы адам санасының құндылықтық-құбылыстық рухани жаңғыруының көш басында алғаш түркілік руханият мектебінің іргетасын қалаған ұстаз Қожа Ахмет Яссауи тұрды.

Оның ілімі традиционалист ғұламалардың формализміне, сыртқы ғибадат феноменологиясына қарсы мән, мазмұнға маңыз берген, шынайы парасаттылық пен адамгершілік ұстанымдарын қалыптастырды.

Қожа Ахмет Яссауи қазіргі Шымкент қаласы жанындағы Сайрам елдімекенінде туып, сондағы ауылдық молдадан дәріс алған.

Қазіргі ғылыми әдебиеттерде ол көне Сайрам (Испиджаб) қаласында 1103 жылы дүниеге келіп, 1166-67 жылдары қайтыс болды деп жазылған. Жастық шағы да осы Сайрам қаласында өткен.

Әкесі Ибраһим өз кезеңінің сауатты, көзі ашық білімді, діндар адам болған. Анасы Қарашаш (Айша деп те айтылады) елге қадірлі, ақылды да аяулы адам болған делінеді.

Ел-жұрт бұл кісілер дүниеден өткенде, екеуіне де күмбез тұрғызып, белгі соққан көрінеді. Ол ескерткіштер әлі күнге дейін Сайрам елдімекенінде сақталған.

Дегенмен, Қожа Ахмет Яссауидің Сайрамдағы жастық шағын баяндайтын деректер жоқтың қасы. Тек кейінгі жылдары Қожа Ахмет Яссауидің жастық шағы мен ата-бабалары туралы қызықты деректері бар бір құнды шежіре табылды.

Осы шежіре бойынша басылған «Шажараи-Саодат» атты кітапшада Қожа Ахмет Яссауидің әкесі Ибраһимның арғы бабалары Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) інісі әрі күйеу баласы Әзіреті Әлидің (р.а.) Мұхаммед Ханафия атты ұлынан тарайтыны айтылады.

Бұл аталған шежіре 90-жылдардың бас кезінде Сайрам қаласындағы ескі, бұзылған үйдің қабырға жапсарынан табылған екен. Тапқан – Сайрамдық Саидикрам Саидакбаров деген кісі. Кейін бұл алты метрлік Қытай қағазына жазылған қолжазба Шымкент қаласында жеке кітапша болып басылды.

Ахмет Яссауидің есімімен «Қожа» сөзінің қосарланып аталуы жөнінде де бұл «Шежіреде» берілген түсініктің мәні өте зор.

Мұнда осыған орай: «Оның әкесі Шейх Ибраһим болса, арғы аталары Махмұд Шейх, Ифтиһар Шейх, Омар Шейх шежіресі Мұхаммед пайғамбардың інісі әрі күйеу баласы болған Хазірет Әлидің Ханифа есімді әйелінен туылған Мұхаммед Ханафияның әулет-ұрпақтарына барып тіреледі.

Сол үшін Хазірет Әлидің тұқымдары Орта Азияда «Қожа» атағына ие болған», – деп жазылған.

Қожа Ахмет Яссауи ұстаздарының көшбасшысы ретінде Арыстан баб аталады. Кашифи «Рашахат-ул айн-ил хайат» атты еңбегінде Қожа Ахметтің Арыстан бабтың шәкірті болғандығы, одан заһир және батин ілімдерінің сыры мен мәнін үйренгендігі, оған 16 жыл қызмет еткендігі туралы мәлімет береді.

Яссауидың «Диуани хикметінде» де Арыстан баб есімі жиі ауызға алынады.

Ұлы ұстаздың «Диуани хикметі» – бүгінгі ұрпаққа бүтін жеткен баға жетпес байлықтарының бірі. Бұл шығарма алғаш рет 1878 жылы жеке кітап болып басылып шығады. Содан кейін ол Ыстамбұл, Қазан, Ташкент қалаларында бірнеше рет қайта басылады.

Соның бірі 1901 жылы Қазан қаласында Тыныштықұлының қазақтарға арнап шығарған нұсқасы болатын. Төрт тармақты өлеңмен жазылған бұл шығармасында ақын өзінің бала күнінен пайғамбар жасына келгенге дейін өмір жолын баяндайды, тіршілікте тартқан азабын, көрген қайғысын айтады, бұхара халыққа үстемдік жүргізуші хандардың, бектердің, қазылардың жіберген кемшіліктерін, жасаған қиянаттарын сынайды, бұл фәнидің жалғандығын білдіреді.

«Диуани Хикметтен» түркі халықтарына, соның ішінде қазақ халқына, ертедегі мәдениетіне, әдебиетіне, тарихына, этнографи-ясына, экономикасына қатысты бағалы деректер табуға болады.

Жинақтағы уағыздық өлеңдерінің философиялық және діни-мистикалық мазмұны жақсылыққа, әділеттілікке шақырған үнмен ұласады, халықтың қайырымдылық сезімін ояту, оны басқа діндегілермен жауласудан сақтандырумен қатар, дін иелерінің ашкөздігін, зұлымдығын әшкерелеумен жалғасып жатады.

Ахмет Яссауидің өлеңдері құнды әдеби ескерткіш, кейіннен қазақ халқының құрамына енген қыпшақ, оғыз, қарлық сияқты көне түркі тайпалары зерттеудің көзі болып табылады.

Халық аңыздарында Түркістандағы әулиенің аруағын атақты қолбасшы, бүкіл Шығысты тітіренткен Ақсақ Темірдің айрықша сыйлап өткені айтылады. Оның әмірімен Ахмет Яссауи қайтыс болғаннан екі жүз жылдан кейін қирап бітуге таянған кішкене ғана мазардың орнына, дүниежүзілік сәулет өнерінің белгілі ескерткіші орнатылды.

Бұл оқиғаны Ақсақ Темір өмірін хат түсіруші, «Жеңіс кітабы» авторы Шараф-ад Дин Әли Мазди де растайды. Тарихшы ескерткіштің салынуын оның Ахмет Яссауидің қабірін зиярат етіп қайтқан 1397 жылдың аяғындағы оқиғалармен байланыстырады.

«Жеңістер кітабында» Әмір Темір сол жылы Яссыда болған кезінде Ахмет Яссауидің атына лайық зәулім ғимарат салу жайлы жарлық берген еді делінеді. Ол Ислам дінінің даңқын асыруда, оның кең таралуына, аса үлкен өлкені басқаруды жеңілдетуге тиіс болған.

ХІV ғасырдың аяғында бұл күмбез біткен соң Әмір Темір көреген Әзірет Сұлтанның қорын ұйымдастырып, өзі арнайы қол қойып бекіткен. Қазандықтың ішкі есіктерінің біріндегі халькаға жазылған «1394-1395 жылдар» деген жазуды Ақсақ Темірдің өзі белгілеп берген.

Бұл – ғимараттың басқа бөліктерінің кіндігі. Сондай-ақ, атақты билеуші кесененің ішкі сәні мен салтанаты қалай болуы керектігін де өзі айтқан.

Тіпті, «қолхат» (грамота) да жазып қалдырған. «Қолхатта» Әмір Темір жаңа біткен ғимарат туралы «ешқашан да, қандай болған жағдайда да сатуға, жекеменшік секілді ұрпақтан-ұрпаққа уақытша немесе түбегейлі біреуге беруге болмайтынын қатты ескерткен».

Ғимараттың кіреберіс есігінің ішкі маңдайшасында қазірге дейін жақсы сақталған жазудан мынадай сөздерді оқуға болады:

«Бұл әулие мекен Алла Тағаланың рахымы жауған падиша Әмір-Темір Көрегеннің жарлығы бойынша орнатылды… Алла Тағала оның әмірінің ғасырлар жасауына нәсіп етсін!»

Қожа Ахмет Яссауи сәулет ғимараты – аса үлкен порталды-күмбезді құрылыс. Оның ені – 46,5 метр, ұзындығы – 65 метр. Ғимараттың орасан зор порталы (ені – 50 метрге жуық, порталдық аркасы – 18,2 метр және биіктігі – 37,5метр) және бірнеше күмбезі бар.

Оның орталық бөлмесінің төңірегінде түрлі мақсатқа арналған 35 бөлме салынған. Кесене жамағатхана, қабірхана, мешіт, кітапхана, үлкен ақсарай, кіші ақсарай, асхана, құдықхана және бірнеше құжыра бөлмелерден тұратын, діи-ғұрыптық, діни-ағартушылық, тұрмыс-салттық қызмет түрлерін атқаруға арналған аса күрделі, аса зор кешенді құрылыс болуымен ерекшеленеді.

Ғасырлар дауылына дес бермеген атақты кесене бүгінде қазақ даласында жаңа нақышпен жарқырай түскен. Асыл дініміздің арнасын молайтып, ағысын дамытқан данышпан бабамыздың кесенесінен кісі аяғының үзілмеуі де түркі әлемінің рухани ұстазына танытқан құрметінің жарқын дәлеліндей.

Егемендік алып, еңсе көтергелі бері ғұлама ойшылдың еңбектері де кеңінен насихатталып, артына қалдырған өлшеусіз мұрасын зерттеу жұмыстары жаңа қарқынмен дамып келеді.

Соның айғағындай Ислам дінінің соны соқпағын қалыптастырып, артына өлшеусіз қазына қалдырған Қожа Ахмет Яссауи есімі сан ғасырдан соң Сарыарқа төрінен бой көтерген Бас мешітке беріліп, тәуелсіз қазақ елі Астанасының аспанында қайта әуеледі!

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.