Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Досай би: Диқан астық бермесе…

0 596

Халық арасында Досай би айтыпты дейтін тапқыр уәжді шешен сөздер, нақылға толы аңыздар аз емес.

Досай бидің бала кезі екен дейді. Әкесі оны сынамақ болып:

–Балам, патша үлкен бе, диқан үлкен бе? – депті.

Сонда бала мүдірместен:

–Әрине, диқан үлкен, – десе керек.

–Қалайша? – деген әкесіне Досай:

–Диқан астық бермесе, патша аштан өлмей ме? – деп жауап беріпті.

Әкесі баласының тапқырлығына риза болып, содан былай қарай өз қасына ертіп жүретін болған екен.

Досай жігіт шағында бір байдың үйіне келіп түсіпті.

–Мына қонаққа нең бар, тамағыңды ас! – деген болады бай бәйбішесіне. Байдың сөз саптауын бұрыннан білетін әйелі:

–Үйде ет жоқ еді, – дей салыпты.

Осы кезде Досай әңгімесінің бетін басқа жаққа бұрып:
–Апыр-ай, мынау үйдің ағашын қандай ұста шапты екен – деп үйдің уық, керегесіне таңырқап қарай беріпті.

–Е, жігітім, бұл Түркістандағы Әлкен үйшінің қолынан шыққан үй, – дейді аңқау бай:

 –Өзі қанша қанат?

–Сегіз қанат.

–Қойыңыз, байеке, сегіз қанат емесс, – дейді Досай әдейі.

–Бұл үйді өз қолымнан шаптырғанмына мен ғой, сегіз қанат! – дейді бай да ерегісе түсіп. Сонда Досай:

–Сіз сегіз қанат дейсіз, мен алты қанат деймін. Сенбесеңіз, керегенің басын санай қояйық. Сіз маңдайшадан былай қарай оң жағын санап шығыңыз. Мен сол жағын санаймын. Кәне, бір, екі, үш, төрт,… – дегенде байекең жігіттің нені айтқысы кеп отырғанын сезеді де, ұялғанынан:

–Бәйбіше, қазан көтер. Қонақтың сыбағасын сал! – дей беріпті.

“Қазақ халқының философиялық мұрасы” кітабынан

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.