Халал және харам – барша мұсылман қауымының күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қатысты шариғат шеңберін қамтитын тек Ислам дініне тән ұғым.
Мұсылманға тән халал тағам Құран Кәрімде анық айтылып, шариғатымызбен бекітілген. Қандай жағдай болмасын, әрбір мұсылман халал мен харамға көңіл бөлуге міндетті. «Халал» терминін қазақ тіліне аударғанда «рұқсат етілген», «адал», «таза», «шариғат бойынша жасауға болады» деген мағыналарды білдіреді.
Бүгін «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінде харам мен халалдың аражігін анықтау мақсатында мешіттің әйел жамағатына арналған «Адал ас» семинары өтті.
Семинарға Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы «Халал Даму» стандарттау және сертификаттау орталығының бас маманы, технолог Айжан Қалмаханқызы мен технолог, медицина маманы Айзат Ермекқызы спикер ретінде қатысып, тақырып аясында көптеген сауалдарға жауап берді.
Семинарда күнделікті өмірде қолданатын тамақ, сусын, косметика, дәрі-дәрмектердің, гигиеналық заттардың құрамының халал, харам қоспалары жайлы кеңінен айтылды. Сондай-ақ, шариғат шеңберінде нақты тыйым салынған, адам денсаулығына зиян келтіретін, қоғамға да үлкен зардабын тигізетін халал емес күмәнді заттар айтылып, ҚМДБ халал сертификатын алған кәсіпорындар жайлы сөз қозғады.
sunna.kz